«Ауадағы» үйге көмек ауадай қажет

«Жанайқайымызды айтып келе жатқанымызға 5 жылдың жүзі болды. Көрер көз, тыңдар құлақ, естір билік болмады» дейді Т.Әубәкіров көшесіндегі 135 «б» үйдің тұрғындары. «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайдының» кері.

 

Осыдан 5 жыл бұрын «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ арқылы жас отбасыларға арнап салынған ипотекалық үй тұрғындарының қолдарында күні бүгінге дейін құжат жоқ. Себебі, аталмыш үй ешқандай мекеменің балансында тіркелмеген. Ауада тұр. Бірде судан проблема болса, бірде жауапты мекеме электр желісін ағытып тастап, жарықсыз қалдырады екен. Тұрғындар: «Бұл жайтты былтырдан бері аудан, қала әкімдігіне айтумен келеміз. Бірақ, құлақ асқан ешкім болмады. Құжатымызды сұрасақ, күнде ертеңмен шығарып салады. Кәріз құбырлары дұрыс болмағандықтан үйдің жертөлесі лас суға толып, күлімсі иістен тыныс алу мүмкін болмай отыр» дейді.

12 отбасы тұратын үйге келетін ауыз су құбыры да істен шығып, тұрғындар өздерінің күшімен былтыр іргелес үйден су тартып алған. Ал, мұндай иіске тұншыққандарына екі жылдан асыпты. Екі пәтердің балкондары шалқайып, іргесі сөгілген, яғни, апаттық жағдайда тұр. Тұрғындар әлеуметтік желіге салып шу көтергеннен кейін, үйдің алдыңғы жағындағы балкондарға тіреу қойылды.

Жас отбасыларды тізімге қойып, ипотека төлеуге мүмкіндігі бар деп, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ға ұсыныс берген аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы бөлімі. Бірақ, қолдарына ешқандай құжат алмай, баспаналы болған. Үйдің ипотекасын төлемегеніне – 5 жыл. Ал, қаражатты іздеген банк жоқ…

– Шыдамның да шегі бар. Аудан басшылары нәтиже шығармағаннан кейін ауданның telegram желісіне салдық. Содан кейін, аудан әкімінің жауапты орынбасары, құрылыс бөлімінің басшысы келді. «Бақылауға аламыз, жұмыс жүргіземіз. Ал, құжат мәселесі жақын арада шешіледі, жауапты мердігерді сотқа бердік», – деді. «Бұл сот процесінің жүріп жатқанына да 4-5 жыл болды», – дейді тұрғындар.

Аудан әкімінің орынбасары Дидар Қабаев пен қала әкімінің орынбасары Ерлан Аманбаев, мәселе әлеуметтік желіде көтерілгеннен бері құжат мәселесін шешу жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Дегенмен, бұл тұрғын үй еш жерде баланста болмағандықтан, қайта қалпына келтіруге қаражат бөле алмайтындықтарын, тек демеушілердің көмегіне жүгінетіндіктерін жеткізді.

Тұрғындармен кездесу барысында, айтылған сөз көп болды. Ал, негізгі мәселе, құжатқа тіреліп тұр. Сол жердегі жиналғандар үшін түсініксіз жайт 5 жыл бойы бұл тұрғын үй құжатының жасалмауы… Егер, жауапты мамандардың айтқан уәделері орындалып, құжат реттелетін болса, тұрғындарға «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ өткен 5 жылдың ипотекалық қарызын қоса есептеп береді екен. Бұдан банк ұтылмайды, керісінше, тұрғындардың ай сайын төлейтін несие сомасы көбеймек…

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.