Жаңалықтар

Елге еткен еңбектің қайыры бар

Қарағанды-Сұрыптау бекетінің желілік полиция бөлімінде полиция майоры Сәуле Ахметова біршама жылдан бері аға психолог-нұсқаушы қызметін атқарады. Ахметовтер әулетінің Сәуледен өзге де мүшелері осы саланың белді мамандары. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының бұл бөлім теміржол нысандарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, сондай-ақ, жолаушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, құқық бұзушылықтардың алдын алуды, қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз етеді. Маңыздылығы да осында. Өйткені, мұндай мамандардың қызметі облыс бойынша ауадай қажет.

Жалпы, психолог мамандығы қоғамның қалыптасуына бірден-бір ықпалы зор мамандық. Халықтың дамуына оң үлесін тигізу психологтың негізгі мақсаты. Осындай елеулі еңбегімен бүгінде құрметке ие болғандардың бірі – Ахметовтер әулеті.

Неге тұтас әулет десеңіз, себебі бұл әулет еңбек жолын полиция қызметімен байланыстырған. Атап айтсақ, әулеттің әкесі Серғали Ахметов құқық қорғаудағы қызметін 1974 жылы Қарағанды қаласы Киров аудандық ішкі істер бөлімінде жедел кезекші көмекшілігінен бастаған. Ол осы салада жүріп, полиция сержантынан полковник шеніне дейін көтерілді. Ішкі істер министрлігінің, АІІМ және ІІБ марапаттары мен медальдарын иеленді. Ал, Серғали Ахметовтің үлкен қызы Салтанат Түркенова, осы әулеттің ішкі істер органдарындағы қызметін одан әрі жалғастырушы өкілі бүгінгі таңда.

Салтанат 1998 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан Республикасы ІММ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында тіл даярлығы кафедрасында оқытушы болды. Кандидаттық диссертациясын қорғап, полиция подполковнигі шеніне дейін көтеріліп, 2020 жылдың желтоқсанында зейнетке шықты. Еңбек еткен жылдары I, II, және III дәрежелі «Ішкі істер органдарында мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды. Салтанат Серғалиқызы ішкі істер органдарында 25 жыл қызмет етті.

Сондай-ақ, Серғали Ахметовтің екінші қызы полиция майоры Сәуле Ахметова да бұл мұрагерліктен тыс қалмады. Ол еңбек жолын 2003 жылы Қарағанды облысы Қылмыстық-атқару басқармасында сотталғандар арасында тәрбие жұмысы бөлімінің аға маман нұсқаушы-психологы болып бастады. 2019 жылдан бастап, осы уақытқа дейін Қарағанды-Сұрыптау станциясы ЖПБ кадрлық жұмыс тобының инспекторы-психологы қызметінде. 15 жылдық мінсіз қызметі үшін I және III дәрежелі медальдардың иегері. Ол аз десеңіз, әулеттің жалғыз ұлы Азамат Ахметов те осы мамандықты таңдап, әке жолын қуды. 2001-2005 жылдары ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтында оқыды. Содан соң Қарағанды қаласы ІІБ Киров аудандық криминалдық полиция бөлімінде жедел уәкіл қызметкері болып жұмыс істеді.

Бүгінде әулеттің мақтанар абыройы жетерлік. Ел бұл әулеттің адамын емес еңбегін танып, бағалайды. Ал, елге қылған еңбектің қайыры қашан да бар.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button