Жаңалықтар

Бұқара бұйымтайы жерде қалмайды

Қарағанды халқын кейбір бағытта автобус аздығы, көшелердегі қоқыстың жиналмауы, саяжайлардың жай-күйі, аулаларды абаттандыру сияқты мәселелер толғандырады екен. Бұл мәселелер кеше облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ Қарағанды қаласы тұрғындарымен өткен есептік кездесуі барысында айтылды. Әрине, екі сағаттан астам уақыт ішінде көпшілікті толғандырған барлық сұрақты қамту мүмкін емес. Мұны ескерген облыс басшысы есептік кездесуден кейін жеке қабылдау ұйымдастырды.

Мұндай жеке қабылдауларды кездесу басталмас бұрын Қарағанды қаласы бойынша барлық бөлімдер, сондай-ақ, «Қарағанды Жарық» ЖШС, «Қарағанды су» ЖШС, «Қарағандыжылу Сбыт» ЖШС сияқты мекемелердің өкілдері де жасады. Дегенмен, жиналған көпшілік облыс әкімімен кездесуін күтті.

Жоғарыда айтқанымыздай, қарағандылықтарды абаттандыру мен балалар алаңдарының аздығы, жолдар сапасы, жарықтандыру, мәселелері көп толғандырады екен. Алғаш болып сөз алған Қ.Аманжолов, 12/1, Ботаническая, 14 үйлерінің тұрғындары аула маңында былтыр күзде кесілген ағаштардың әлі де жиналмай жатқанын, аулалардан қоқысты мезгілімен шығару сияқты мәселелерді қозғады. Оған жауап ретінде Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев биыл 26 аула жөнделіп, 11 футбол алаңы мен 62 балалар алаңы жасалатынын айтты.

Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда биыл 7-ші магистраль мен К.Маркс-Магнитагорск көшесінің жолдарына күрделі жөндеу жасалды. Жалпы, биыл жол жөндеуге бөлінген трансферт көлемі ұлғайып, ұзындығы 45 шақырым жолды құрайтын 32 учаскеде орташа және 66 мың шаршы метр жол төсемінде ағымдағы жөндеу жоспарланған. Одан бөлек, тұрғындар тарапынан NoNo7, 28, 55, 100, саяжайларға баратын No11D автобустарының аздығы туралы бірнеше мәрте айтылды. Оған қала әкімі қазан айында жаңадан 100 автобус алынатынын, сол кезде барлық бағыттағы қоғамдық көліктерді қарастыратынын жеткізді.

    – Қазір байқап жүрген шығарсыз, автобустардың біразы жаңарды. Былтыр 150-ін жаңарттық. Биыл 100 данасы алынады. 27 мектеп автобусын шығару жоспары бар. Күн сайын 400-ден астам автобус шығады. Бірақ, бізде жүргізушілер қат. Қазірдің өзінде 200 жүргізушінің орны бос тұр,– деді Ж.Қасымбек.

Саяжай иелерінің атынан сөз алған Николай Рудометкин саяжайларға баратын жолды жөндеу, ол жақтағы қоқысты тазалау мәселесін көтерді.

– Әуелі электр тоғы ақысын төлеуде саяжайшыларды жеке тұлғаларға теңестірген қала әкімінің жұмысына ризашылығымызды білдіреміз. Ендігі мәселеміз, бұрыннан айтып келе жатқан жол мәселесі. Оны жөндеуге жыл сайын уәде беріледі. Бірақ, әлі жасалған жол жоқ. Қазір саяжай иелерінің көбісі оны тастап кетіп жатыр. Оған бір себеп, саяжай учаскелерін су алуда. Бау-бақша егетін жерде қамыс өседі. 2018 жылы Соқыр өзенін тазалап, арнасын кеңітуі тиіс болған «Diana Building» фирмасы да сапасыз жұмыс істеді, – деген Николай Николаевичтің сөзіне қала әкімі келесі аптада барып, өзі көретінін айтты.

Облыс әкімі де келесі аптада 14 шағын аудан 5/3 үйінің тұрғындарымен кездесу өткізуге уәде берді. Тұрғындардың атынан келген Сәуле есімді тұрғын қазақстандық ипотекалық компания арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен алынған үйдің сапасының сын көтермейтініне шағына келіпті.

– Мәселе сол үйге кіргеннен кейін басталды. Әлі күнге дейін «Қарағанды жарық» ЖШС, «Қарағанды су» ЖШС сияқты мекемелер балансына алмай отыр. 1 жыл бір айдан бері жертөледегі кәріз қалдықтарын сорғызып келеміз. Салынған кезде асты бетонмен құйылуы керек болған, бірақ, ол жасалмаған. Бұлақ көзі бар дейді, су шыға береді. Екі күннің бірінде «авариялық қызметті» шақырамыз. Ол үйде тұратындардың көбісі, көпбалалы, мүгедек бала асырап отырған отбасылар. Құдай мүгедек қылып жаратты, көндік, бірақ, әкімдік неге ренжітеді? – деп жан айқайын жеткізді. Соңында «өзіміз тұратын үй ғой, бұл мәселені ҚИК басшысы, ол құрылысты қабылдаған адамдармен, өзіңізбен кездесіп, бет жыртыспай шешуге көмектесіңіз», – деді.

Баспана мәселесін қозғай келген 85 жастағы анамыз да болды. Анасының атынан сөйлеген қызы 15 жылдан бері үй кезегінде тұрғанын, тыл ардагері ретінде әлі күнге дейін баспанаға қол жетпей жүргенін айтты. Оған жауап берген аймақ басшысы бүгінде үй кезегінде облыс бойынша 37 мыңнан астам адам тұрғанын тілге тиек етті. Дегенмен, қарт ананың кезегін біліп, кездесу соңына дейін жауап беретінін айтты.

Бұл ретте көктемде қарғын судан зардап шеккен Университет көшесіндегі NoNo78/11, 78/15, 78/19 үйлердің тұрғындары да мәселенің мән-жайын білмекке келіпті.

– Қазір бұл мәселемен бас прокуратура айналысып жатыр, – деп жауап берді Жеңіс Қасымбек. – Бұл үй құрылысының қаншалықты заңдылығы тексерілуде. Нақты жауап содан кейін болады. Сонымен бірге, сараптама жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жалпы, бұл мәселе Президент әкімшілігінің назарында тұр.

Қарлығаш Тюлеубаева бұлшық ет атрофиясынан зардап шегетін баласы үшін көмек көрсетуді сұрады. Оның емі – Zolgensma гендік терапия препаратымен жасалатын инъекция. Ол бүгінгі таңда әлемдегі ең қымбат дәрі болып табылады. Қажетті қаржының 200 млн. теңгеден астамы ел-жұрттың көмегімен жинағандарын, енді Жеңіс Махмұдұлынан жүйеқұрушы кәсіпорындардың, меценаттардың көмек көрсетуіне ықпал етуін сұрады. Өңір басшысы бұл мәселеде де көмектесуге тырысатынын жеткізді.

Кездесу барысында айталған сұрақтар мен көтерілген мәселелер арасында қаланың шеткі ЖБИ, Сұрыптау, Пришахтинск, Шахтер, Михайлов сияқты бөліктерінің билік назарынан тыс қалып жатқандығы туралы бірнеше мәрте айтылды.

Мәселен Елена Сурганова Пришахтинскідегі қоқыстың жиналмайтынын, жарықтандырудың аздығын айтса, Сергей Павлович есімді Шахтер кентінің тұрғыны 30 жылдан бері ауылда жаңа инфрақұрылымның салынбағанын жеткізді. Сұрыптау станциясының тұрғыны 29 мың халқы бар елді мекеннің көркі ажарланса, балабақша мен балалар алаңдары көбейсе деген тілегін айтты.

– Біз соңғы 5 жылдан бері қаланың шеткі аймақтарына мән беріп келеміз. Биыл Май- құдықтың Мәдениет үйі жөнделеді. Сұрыптау станциясындағы Теміржолшылар мәдениет үйін жөндеу келесі жылы қарастырылады, – деді Е.Бөлекпаев.

Облыс әкімі Майқұдықтағы No74 мектептің жағдайына да назар аударатын болды. Кездесуде айтылғандай, келесі жылы ширек ғасыр толатын мектептің тозығы жетіп тұр. Дұрыс жөндеу көрмеген, спорт залы жоқ мектеп мәселесін депутаттарға да, әкімдік пен басқарма басшыларына да айтып келе жатқанымен шешілген мәселе жоқ.

– Мектепке бару да қиын. Жолы қараңғы, батпақ. Менің кішкентай кезімде солай еді, қазір немерелерім де солай қиналып барып жүр. Ал, жанындағы No13 мектеп жөнделіп, спорт алаңымен, залымен жарқырап тұр, – деді сөз алған қала тұрғыны.

Бұдан да басқа мәселелер сөз болды. Облыс әкімі де, қала әкімі де оның әрқайсының шешімін табуға болатынын айтты. Бастысы – берілген уәденің орындалуы.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button