Ресми

Қарағанды облысында 27,5 мың жұмыс орны ашылды

Қарағанды облысының экономикасы тұрақты дамуда. Өңірде 2 трлн теңгеге 12 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 45 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Биыл шетелдік капиталдың қатысуымен алты жаңа кәсіпорын іске қосылды. 8 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі 2,6%-ға өсті.

Экономикалық өсу қарқыны туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндады.

2020 жылға өңір өнеркәсібінің үш пайыздық өсімі жоспарланған. Оң динамика үрдісі сақталуда. 8 айда тау-кен өндіру саласындағы нақты көлем индексі 102,1%-ды (қаржылық нәтижемен 240,7 млрд теңге), өңдеу – 104,1%-ды (1454,6 млрд теңге) құрады. Өсім түсті металлургияда – 6,9%-ға, фармацевтикада – 3,8 есе, тамақ өнімдерін өндіруде – 15,9%-ға, химия өнеркәсібінде – 14,7%-ға байқалады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,4%-ға ұлғайды.

8 ай ішінде өңірдегі инвестициялар 425,5 млрд теңгені құрады. Бұл соманың 85%-ы – жеке инвестициялар. Биыл алты жоба жүзеге асырылып, тағы алты жаңа кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылады.

Жеңіс Қасымбек Президентті Саран қаласындағы бұрынғы РТБ зауыты аумағындағы жаһандық өзгерістер туралы хабардар етті. Қытайлық Yutong трансұлттық компаниясымен бірлесіп автобустар мен арнайы техника шығару жобасы іске асырылуда. Автомобиль шиналары өндірісін іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар моноқалаларға арналған. Оларды іске асыру облыс экономикасын әртараптандыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Кездесуде халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша облыста 27,5 мың жұмыс орны құрылды және бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша іске асырылып жатқан жобаларға жұмыссыздар қатарынан 8 000-нан астам адам жұмысқа орналастырылды, барлығы 13 мың жұмыс орны құрылды.

ТЖ кезінде бизнесті қолдау бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Бұл өте маңызды, себебі ШОБ саласында экономикалық белсенді халықтың үштен бірінен астамы жұмыс істейді. Бұл секторда өнім шығару 291 млрд теңгеге жетті, өсім 10,2%.

Басқа материалдар

Back to top button