Сыннан мін түзеген команда

Қарағандылық «Шахтер» футбол командасы биыл Еуропа турниріне жолдама ала алмады. Қос бірдей, Астана мен қызылжарлық клубтарды ұтса да, қорытынды есепке сай жерлестеріміз турнирге іліге алмады. Дегенмен, «Шахтерді» жер тұқырта сынауға негіз жоқ. Әйтсе де, былтырғымен салыстырғанда биылғы көрсеткіш төмен.

– Шахтер былтырғы жылы Еуропа турнирінің ақтық сынына дейін ойнап, танымалдылығын еселеген болатын. Сол бәсекеде жерлестеріміз румыниялық «Стяуа» командасын тізе бүктірді. Украиндық «Колосқа» да дес бермей, соңында израильдік «Маккаби» командасынан жеңілді. Сондай-ақ, өткен жылдың еншісінде «Шахтердің» Қазақстан кубогін ұтқаны бар, – деді «Шахтер» командасының баспасөз хатшысы Әділет Сәрсенбеков.

Бұл – өткен жылдың «Шахтер» үшін жемісті болғандығының айғағы. Биылғы ең соңғы кездесуі жуырда «Ақтөбе» командасымен өтті. Онда «шахтерлықтар» қарсылас командамен тең түсіп, 1:1 есебімен тарқасты. Осы жолғы допты қарсылас қақпасына дәл бағыттаған Тимур Досмағамбетов қарағандылықтар алғысына бөленді. Жалпы, Тимур мен Игор Шацкий құрама сапындағы белді ойыншылар десек, артық айтқан емес. Мұны талай ойындағы жанкүйер қауымның ықыласынан-ақ байқауға болады. Дәл осы аталған екі ойыншы Қазақстан құрамасына жолдама алды. Бұл – «Шахтердің» ширай түскендігі деп бағамдайды жанкүйер қауым. Сондай-ақ, шахтерлықтардың жаттықтырушы құрамы мен сапындағы ойыншылар айтарлықтай өзгермесе де, «мен» деген сайыпқыран ойыншылармен қатары толықты. Олар: босниялық Джордже Чосич (1995), ресейлік Кирилл Маляров (1997) пен Амир Адуев (1999), армениялық Петрос Аветисян (1996), колумбиялық Роджер Каньяс (1990) және украин Николай Ковталюк (1995). Құрамға жан-жақтан белді ойыншылар жиналды. Бұл – Кеншілер командасының тағы да күшіне еніп, ел мойындатар кезеңі. Тағы да қуанарлығы «Шахтердің» хорватиялық қорғаушысы Иван Граф өзін қазақ сияқты сезінетінін айтты.

— Қазақстан маған қатты ұнайды. Мен бұл елге үйреніп қалдым және өзімді қазақ сияқты сезінемін. Отбасымның да бұл ел көңілінен шықты. Өйткені, олар әрқашан менің жанымда. Қызым қазақ және орыс тілдерін меңгеріп те үлгерді. Жалпы, үлкен ұлымның 4 айлығында осы қалаға келдік. Бұл – оның туған жері. Жуырда біз Загребке барғанда ұлым «Әке, елімізге қашан қайтамыз?» деп еді. Сондықтан, менің елім – Қазақстан, менің мекенім – Қарағанды, – дейді Иван Граф.

Асылында, кеншілер сапындағы сайыпқырандардың ұлты кім болса да, мекені – Қарағанды. Бұл – «Шахтер» барда бар қағида. Сонымен, жерлестердің алдағы ойыны 10 сәуірде «Мақтаарал» командасымен болмақ. Тартысты бәсеке боларына дау жоқ. Екі команда да теңбіл доптың тіс қаққан ойыншыларымен жасақталып, дайындықтарын пысықтауда. «Шахтердің» шамасын көрейік.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.