Жаңалықтар

Тілге құрмет – Ұлтқа міндет

Соңғы уақытта қазақ тілінің қолданыс аясы шектеліп бара жатқанын көруге болады. Оған бір мысал, балалардың ұялы телефонға байлануы. Қазіргі балалардың тілі ұялы телефон арқылы шығып жатыр деген сөз. Ал, ондағы бала көретін дүниелердің басым бөлігі – орыс тілінде. Соның салдарынан, орыс тілді сыныптың көбейіп жатқандығы жанға батпай қоймайды. Бүгінгі таңда осы олқылықтардың алдын алу үшін біршама жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатпен Парламент мәжілісінің депутаты, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ өңірдегі тіл мүддесі үшін күресіп жүрген тіл жанашырларымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады.

Ең өзектісі – балалардың тілі орысша шығуда. Көзін ашқалы ұялы телефондағы орыс тіліндегі түрлі мультфильмдерді көреді. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, балалар көретін барлық дүниелер орыс тілінде. Ал, олардың сапасы әлдеқайда жақсы. Біз де ондай дүниелер жоқ емес. Неге балалар отандық өнімді көрмейді? Себебі, біздікінде сапа жоқ. Сапасы жоқ дүние – ешкімге керек емес. Үкімет күні кеше шетелдік мультфильмдерді қазақ тіліне аударуға қыруар қаржы бөлді. Бөлінуі бөлінді ғой, бұның өзін кеш жасап жатырмыз. Балалар оны да көруден қалып барады. Қазір түрлі ойындарға көшті. Ал, біздің мамандар үлгермей жатыр. Біз осы жағдайда не істеуіміз қажет? Осы мәселеге қоғам болып жұмыла кірісіп, шешімін табу керек, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Бұған дейін белсенділер көшедегі жарнама тақтайшаларындағы қателерді әлеуметтік желіге жүктеп, мәселе көтерге болатын. Ал, бұның арты біраз шуға ұласқаны да өтірік емес. Әрине, бұл – әр азаматтың ана тіліне деген ұстанымы. Белсенділер, жауапты мекемелерге дәлелмен жіберетін болса, олар заң аясында шара қолдану қажет. Алайда, тіл мамандары Заңға да біршама өзгерістер енгізу қажеттігін баса айтты.

Құқықтық қоғам құратын өркениетті елде заң басты орында. Ала-құлалық, заңды дұрыс түсінбеу, соның салдарынан дау-дамай туындап жатады. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының бірінші тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі» деп айқын жазылған. Сөйте тұра, 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Осы 2-ші тармақ алынып тасталса. Қазақстан Республикасының заңдарын бірізділікке келтіру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда, алайда заңдарымыз бен заңнамалық актілерімізде аударма жағынан көптеген кемшіліктер орын алған. Мемлекеттік тілде берілген заңдар нұсқаларындағы қайшылықтар мен сәйкессіздіктер көп жағдайда тілдік-терминдік бірізділіктің болмауы салдарынан, заңдар мен заңнамалық актілерде көптеген ақаулықтар азаймай отыр. Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің Жолдауында «Құқықтық нормалар қазақ және орыс тілдерінде мағыналық жағынан барабар жазылғанда ғана конституциялық заңдылық режімі қамтамасыз етіледі» делінген. Әйтсе де біз бұған да қарсымыз. Заңдар алдымен қазақ тілінде жазылуы тиіс, осыған жағдайлар жасалуы керек, – деді облыстық қазақ тілі және мәдениет қоғамдық бірлестігінің басшысы, ғалым Елеужан Серімов. Ал, қоғам белсендісі Майра Абдрахманова:

Елімізде азаматтық бастамаларды қолдау орталығы деген бар. Ол жерде мемлекеттік гранттар береді. Қазақ тілі қоғамы Қазақстан Халқы Ассамблеясымен тең дәрежеде болуы керек. Содан кейін тіл мәселесі бойынша үлкен гранттық жоба ұсыну қажет. Тағы бір айта кететін дүние, мәжілісте, қоғамдық тыңдау болғанда сіздерге баратын азаматтық альянс бар. Оған кіретін көптеген үкіметтік емес ұйымдардың тілдері орысша. Негізі, азаматтық альянсты алғаш құрған орыс азаматы еді. Кейін ол қазақ азаматтық қоғамға жұмыс жасамай, жұмыстары кері кетті. Бұл – дұрыс емес. Соныменқатар, ортамызда жүрген үкіметтік емес ұйымдардың көбісінің көсбасшылары сол ұйымның сессиссиясын орындауға емес, той-томалақа кетіп қалады, – деді.

Жиын барысында Қарағандыда мемлекеттік мекемелердің кейбір басшылары мемлекеттік тілді білмейтіндігі де сөз болды. Қажет ақпаратты ана тілінде бере алмайтын мекемелер де бар екен. Сондай-ақ, техникалық, экономика, қаржы, бизнес және медициналық оқу орындарында қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы төмендігі және бар. Сондықтан қазақ тілінде сапалы оқулықтарды жазуға арнайы гранттар бөлінсе дейді тіл жанашырлары. Ал, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қолға алынуын талап етуде.

Мемлекеттік тіл, заңға өзгеріс енгізу қажеттігі жайлы айтылды. Тіпті, бұның бәріне тікелей билік кінәлі деген сөз де болды. Егер де бәріміз қазақша сөйлеп, қазақ тілінде талап етер болсақ, жағдай басқаша болар еді. Бәрін өзімізден бастауымыз қажет. Өкінішке орай, кейбір отбасында ата-аналар балалары, немерелерімен орыс тілінде сөйлеседі. Содан кейін, бірдеңе сұраса – орыс тілінде сұрайды. Ал, оған жауап беруші де сол тілде жауап қайтарады. Жауапкершілікті сезініп, қайда жүрсек те қазақ тілін талап етуіміз қажет. Соның салдарынан осында жағдайлар туындауда, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ. 

Басқа материалдар

Back to top button