Жаңалықтар

Есжанның есті әні

Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен М.Әуезов атындағы қалалық орталық кітапханада белгілі сазгер, Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры Есжан ӘМІРОВПЕН кездесу кеші өтті.

Әні мен сәні келіскен азаматтың бойынан өнерге деген адалдық пен тазалықтың лебі есіп тұрады. Кездесуге келгендердің бәрі осылай деп баға берді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Кездесу кешіне ақын, «Абай» атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы, ардагер ұстаздар, «Ақниет» ансамблінің, «Замандас» клубының мүшелері, колледж студенттері, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты. Сонымен қоса, онлайн режимде эстрада әншісі Досымжан Таңатаров қатысып, жылы лебізін білдірді. Ол сазгер Есжан Әміровтің республикалық деңгейде шығармашылық кеші өтсе деген ұсыныс білдірді.

Есжан Сарманқұлұлы – халық арасына кең таралған әндердің авторы. Сонымен қатар, ол қазіргі кезде Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты. Лауазымды қызмет атқара жүріп, өнерді қатар алып келе жатқан ол «Өмірім – өнермен егіз» дейді.

– Ананың сүтімен, атаның қанымен берілген қасиет адам бойынан жоғалып кетпейді екен. Әкімшілік жұмыстарда жүргенде, ән мен әуен естілген тұста елең ете қалып, жұмысыңды ұмытып, сол маңайда жүріп қалатын кездер де болатын. Қазір музыка, білім саласы бойынша еңбек етіп келемін.

Қарағандыға келгеніме биыл 20 жыл болады. Әндерімнің көпшілігі осы Қарағандыда жазылды. Секең (Серік Ақсұңқарұлы) екеуміз сан рет бас қосып, талай әндерді, жаңа туындыларды дүниеге әкелдік, – деді композитор.

Кездесу кешіне қатысқан ақын Серік Ақсұңқарұлы сазгермен тығыз шығармашылық байланыста екенін айтып, Есжанның есті әндеріне оң бағасын берді.

– Мен Есжанды 20 жылдан бері танимын. Содан бері шығармашылық байланыстамыз. Менің сөзіме жазылған көптеген әндерді дүниеге әкелді. Есжанның әндері Біржан салдың, Мәдидің, Шәмші мен Ілия Жақановтың әндеріндей құлаққа жағымды, ұлттық бояуы қанық. Қандай да бір ұлтты аман алып қалатын, көсегесін көгертетін – оның әні, поэзиясы, күйі, биі. Сондықтан, өнер адамы болу – үлкен бақыт, – деді ақын Серік Ақсұңқарұлы.

Сол кеште ақынның сөзіне жазылған Есжан Әміровтың Арқа жұртына кең танылған «Сарыарқа», «Қарағанды вальсі» әндерінің бейнебаяны көрсетілді.

Тағылымды кештен тәлім алған жастар өнерлі ұстаз өмірінен сыр шертетін сұрақтар қойып, сазгерден тұшымды жауап алды. Есжан Әміров өзінің балалық шағы мен жастық шағында басынан кешірген қызықты оқиғаларымен бөлісті. Сонымен қоса, әрбір әннің шығу тарихы жайлы кеңінен әңгімеледі.

Тағылымды кеште «Ақниет» ансамблінің, «Замандас» клубының мүшелері әннен шашу шашты. «Ақниет» ансамблінің мүшесі Серік Сейтқазин «Шайтанкөл» әнін, Есжан Сарманқұлұлының шәкірттері, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің 2-курс студенттері композитордың «Арман» әнін орындады.

Сөзі мен әуені келіскен туынды, тыңдарманның жүрегіне жол тапқан талант қашан да биікте…

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button