Жыл жаршылары
Атақты Мәшһүр ЖҮСІПТІҢ келтірген дерегінде күн мен түн теңелген осы наурыз айында, «балық аунап түседі» делінген. Кейбір елдерде күн мен түннің теңелгенін осы құбылыстан байқайтын көрінеді. Жиырма тоғыз жасында Бұхарай шәрифте болған Мәшһүр ЖҮСІП өзі байқаған жайын былай деп тәпсірлеген екен. «Наурызды той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алдына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Әлден уақытта керсендегі балық біткен бірі қалмай бауырын көрсетіп, арқасымен жата қалады. Бір кезде олар қайтадан аунаған жағынан екінші жағына қарай тағы аунап түседі. Сонан соң патшалар дауылпаз соқтырады. Жиылған қалың қауым түгел «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп, ұрандап, сегіз күн той беріп, сайран құрған екен», – деп жазады.
Көктемнің осынау бір айының өзі тағылымға толы. Десек те, тарихтан сыр шертіп, дәстүрмен астасқан наурыздың тағы біршама ырымдау ғұрпы салттан да санадан да жоғалып бара жатқандай.
Қырғауыл байлау
Қарқараның яғни әйелдің бас кимінің әр шетіне қырғауыл қоразының құйрық жүнін әшекейлей байлап, қоңырау орнатып, бата жасап ырымдау ғұрпын «Қырғауыл байлау» деп атаған. Қырғауыл байлау түйе боздап, қой қоздап, қыстақтан жайлауға көшер шақта салтанатты көшті жасақтау шараларының құрамына енген атаулы рәсім. Расында қыста ақ шөпті ғана қанағат тұтқан малдың аузы көкке ілігіп, адам аузы аққа ілінген сәттің ұзақ қыстан аман-есен шыққаны елдің қуанышты кезі болғаны белгілі. Сондықтан жайлауға көшерде қалың жұртшылық барын киіп, байлауышын тағып, осы көшті мейлінше салтанатты өткізуге атсалысқан. Ауыл үйдің үлкен-кішісі бір киерін киіп, қыз – бозбалалар ойын-сауық құрып, қонған жерде ерулік жасап, қыс бойы көріспеген көршілес ауылдармен қауышып мәре-сәре болар сәт. Осы жағдайда көш бастаған түйенің бұйда жібіне дейін әшекейлеп, жүгін түкті кілемдермен жауып, үстіне қарқара орнататын болған. Қарқараның сыңғыры – көштің әсемдігін, ауылдың байлығын және елдің қоңдылығын көрсететін өзінше бір символдық мән берген. Сондықтан да көшті әшекейлеуде бар ауыл бұқарасы атсалысып өзге ауылдардан асуды көздеген. Бұл сайыс ретін де танылған. Қырғауыл деп атында тұрғандай мұнда қырғауыл қауырсыны үлкен маңызға ие. Дегенмен, қырғауыл болмаса да үкінің немесе тауыс құстың қауырсынымен де безендірген.
Жыл құсының келуі
Жыл құсы – сонау жақтан бір кездері ұшқан ұясына қайта оралып, күз ортасына таман жылы жаққа қайта ұшып кететін қанаттылардың атауы. Мекеннің жылырын сезетін жыл құсы күнбатыс тұстан ұшып келетін көрінеді. Жылдың жаршысы жыл құсына халықымыз көкқұтан, аққұтан, дегелек, тырна, қаз, үйрек, дуадақ, ұзақ, шағала тәрізді ірі құстарды, сондай-ақ қарлығаш, қараторғай, шымшық, бозторғай, көкек және тағы біршама ұсақ құстарды жатқызады.
Мұны өзгелерден гөрі күндіз-түні мал соңында жүрген малшы қауым, әсіресе жылқышылар жіті бақылайды. Олардың айтуынша қоңыр қаз, аққу, қараша қаз, үйрек түн қатып келеді жылы жаққа.
– Құс қазақтың мезгіл болжар, ауа райын болжар құрылғысы іспеттес. Мәселен көк шымшық пен сары шымшық тырнаның, қарлығаш дуадақтың арқасына мініп қайтады деген тәмсіл бар. Қарап отырсаң, ақылға сыймайды. Бұлдырықтың (шіл) ұшқанына көз ілеспейді көктемде. Ал оқпақтың (түнде ұшатын құс) шақырған дауысы буаз биеге құлын тастатардай ащы көрінеді. «Қардың басын қар алады» дейді емес пе? Сол көктемде жауған ең соңғы қарды жыл құсымен байланыстырып, «Құс қанаты» деп атайды. Олай дейтіні жыл құсының ең соңғы ұясы өзінің қанатына ілестіріп қар ала келеді деп түсінген қазақ. Яғни жыл құсының хабаршысы. «Құсқанаты» – жауа салысымен еріп кететін, жерде жатпайтын қар, – дейді Арқа жылқышысы Кенбай Төлегенов.
Расында қыр қауымы жыл құсының келуін жер-көктің түлеуі, жаңғырып, жаңаруы деп түсінген. Жер мен көл жыл құсымен қуана қауышып, сағынысып табысқандай көрінеді көктемде. Ағаш арасында көкектің шақырғаны, шілікті жерлерде қара құрдың құрқылы, көл маңайында сарыала қаздың қаңқылы, көкала үйректің барылы, аққудың сұңқылы, бозторғайдың діріл қаққан шырылы секілді жер-көкті әсем әуенмен тербетіп, қыр адамын ерекше сезім-күйге бөлейтін дыбыстар көктемнің ұраны іспеттес. «Батқанда Сары жұлдыз қаз келеді, Ілесіп қазбен бірге жаз келеді», – деуінің өзінде мән жатқан жоқ па?!
Асылында, осыдан халықтың эстетикалық танымында жыл құсының айрықша орын алатынын байқауға болады.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.