Қойлыбай АСАН, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі: «Өлеңменен жеткізейін Хақ үнін…»

Қойлыбайдың қобызы
Мен туғанда жапан дала, жалғыз үй,
Қоңыр белден естіліпті, зарлы күй…
Бұл мекенде ғұмыр кешкен деседі,
Небір батыр, сөзге шешен арлы Би.
Шаңырақтан шықпаса да шалқып ән,
Қайран әкем ат үстінде толқыған!
Ана әлдиі қуат беріп жаныма,
Жөргегімде жусан исі аңқыған.
Қойлы ауылдың тіршілігі қоңыр күн,
Қоңыр үйде киесі бар Тәңірдің!
Керегенің іргесінен керімсал,
Сар даланың ұмытады сәнін кім.
Жастық қалды боз көделі белесте,
Өткен күндер, бұла дәурен – бәрі есте.
Көз жетпейтін кеңістікті бетке алып,
Өмір дейтін араластым егеске…
Туған жердің түсінгенге нұры құт,
Содан әркез сезуші едім жылылық,
Жалқы сәуле жүрегімде қалса егер,
Ол даламнан жұққан кие, ұлылық.
Ұша бердім қанаттарым талғанша,
Үміт өшіп, азап шекті Ар қанша…
Ала құйын, арпалыспен күн өтті,
Сол киеден сынық сүйем қалғанша!
Мейірімсіз қара тастай кескіні,
Өтер-кетер бұл жалғанның бес күні…
Бақыт деген пенделердің күлкісі,
Өмір деген адамзаттың өксігі…
Күйін кешіп, күңіренген жоқшының,
Соңына ердім Ақсұңқардай жақсының!
Бірақ менде кереметі болған жоқ,
Қойлыбайдай құдыретті бақсының!
Қанша Ойшыл сарп етсе де ақылын,
Дүниенің кім болжаған ақырын…
Қобыз қылып, қолымдағы қаламды,
Өлеңменен жеткізейін Хақ үнін…
Біздің елде…
Біздің елде үш жүз жылдық еменнен,
Табиғаттың түрін көрдім көнерген…
Қоңыр қазда қартайыпты, әнекей,
Әрең ұшып бара жатыр төбемнен.
Дүнияның дидарынан нұр тайып,
Түбі тесік жағалауда тұр қайық…
Адамзаттың ақыр күнін кім білсін,
Көктен xабар жеткізгенше бір ғайып…
Қобыз кеудем қаңсып, босқа ескірмей,
Адам шіркін қателігін кеш білмей,
Өтсе өмір арман барма дариға-ай,
Жоқтау жыры беймезгілде естілмей…
Бізді ұмытып, кеткен-ау сол ғайып нұр,
Қыздан қылық, серттен жігіт тайып тұр.
Ар абдырап, намыс налып әнекей,
Надандарға төлеп жатыр айып пұл?!
Анасына тіл тигізді жас бала!
Кәрі қарға бет шымшыды: Масқара!
Көз алдында көлбеңдеді үш жүз жыл,
Өзгермеген қырдағы анау тас қана…
Әлі мұның көп екен ғой көрері,
Кәрі еменнің құрттары еді қорегі.
Қарға байғұс қалғып кетті, О тоба!
Күн батыстан таң рауандап келеді…
Сия қалам, дәуіттің заманы өтті
Заман залым болған соң адам ғаріп,
Данагөй деп таныдық наданды анық.
Клавишке жүгініп, интернетке,
Кітап тозып, барады қалам қалып.
Кітап қалып барады сөрелерде,
Шатырларда, шаң басқан төбелерде.
Маздап жанған май шам жоқ, бұрынғыдай,
Деп тілеуші ек мезгілсіз сөне көрме!
Сауатсызды бір кезде адам еткен,
Сия қалам, дәуіттің заманы өткен,
Ақындардың қолында планшет жүр,
Сағыз шайнап, түсті әне самолеттен.
Асық кетті алынбай жілігінде,
Бұл ұрпақтың суықтау түрі мүлде.
Текеметті баспаған жалаң аяқ,
Қара жерде қорқады жүгіруге.
Саусағында ойнатқан уйзвиді,
Жауыздықты сайттардан жиі іздейді.
Бұл ұрпаққа дауа жоқ, дуаланған,
Наурыз той деп көрсеткен киіз үйді!?
Оғаштау боп естіліп барады үнім,
Кезім қайда жинаған дала гүлін,
Қара қазан көзіме елестейді,
Қаспақ жалап отырған бала күнім!
Сезінген соң ықылас жамиғаттан,
Қарттар сөзін бастайтын шариғаттан.
Аңыз ғұмыр алыстап бара жатыр,
Жан мен тәнім ажырап табиғаттан!
Қос өкпені қысқан соң қасаң ғұрып,
Дұшпан түгіл, о, тоба! Дос аңдыдық?!
«Бойы бұлғаң, айтатын сөзі жылмаң»
Жердің үстін жайлаған Жасандылық!!!
Өтті өмірден… Кейуана
Қоңырайған ауылдың шетін ала,
Жетім кемпір тұратын жетім бала.
Жалғыз сиыр, екі-үш қой, шымнан соққан,
қорасының қылатын өтін пана.
Көп болса да Ананың мұңаюы,
Бала барса естілер шырай үні…
Қыстық отын, шөп еді қос шөмеле,
Кейуана байғұстың уайымы…
Ісі болмай жел сөзбен, басқасымен,
Күн ұзаққа алысып бақшасымен.
Шөбін сатып алатын қайран Ана,
Азын-аулақ үкімет ақшасымен.
Кәріліктің келген соң бекетіне,
Тағдыр шіркін қалдырды-ау жел өтіне.
Маңдай тердің өтеуі азын-аулақ ,
Зейнетақы жететін зекетіне.
Жүрек налып көршінің өсегінен,
Бойы шөгіп тағдырдың кеселінен.
Құрбан шалып, шалына дұға жасар,
Қой сатып ап келесі ай есебінен.
Көп еді ғой қызығы көретұғын,
Бір Аллаға тек қана сенетұғын.
Шөп, көмірден артылса тиын-тебен,
Немересін мәз қылып беретұғын.
Адалдықтан жан еді нәсіп терген,
Жоқшылықтың тайғағын кешіп көрген.
Қой соңында өткізген қырық жылға,
Қырық мың теңге үкімет кесіп берген.
Жайнамазын қалдырды аманат қып,
Сөз айтпады ешкімді жаманат қып.
Өтті өмірден… Кейуана сауап жиып,
Бәріне де шүкір, – деп қанағат қып…
Ауыл барсақ қараша үй қамығады,
Анаң барда бұл ғұмыр мағыналы…
Құрсауланған құманмен шәй ішетін,
Қоңыр кешті көңілім сағынады…
Қарағай
«…Қарағай – еліміздің таулы аймақтарында бірнеше түрі кездесетін қылқанжапырақтыты мәңгі жасыл өсімдік. 500-600 жылға дейін өмір сүреді. Ең биік түрлері 50-60 метрге жетеді…».
Энциклопедиядан.
Уа, Қарағай уақыт өтіндегі,
Қанша ғасыр сен өсіп, жетілгелі!
Қабығыңнан қайғының ізін көрем,
Тарғыл тартқан тарамыс бетіңдегі.
Қанша жауын, боранды бастан кешіп,
Найзағаймен тәніңді аспан тесіп,
жіберсе де сен әлі тірі тұрсың,
Бұтағыңды алса да төстен кесіп.
Дәуірлердің құрдасы қарағайым,
Сағынышпен күтесің амал айын…
Тамырлары бүлкілдеп қара жерден,
Нәр іздейді дүние-ай, Толағайым!
Зәу Қарағай, ғасырдың сырласындай,
Қайыспайтын қазақтың тұлғасындай.
Сары күзде сарғайған жапырағы,
Кәрі әжемнің көнерген сырғасындай.
Қарағайдың көп еді сезінгені…
Мүлгіп тұрар қыс келсе көз ілгелі,
Жапырағын жел сүйіп желпінеді,
Сәуір туса оянып сезімдері.
Еркелегім келеді баладайын,
Етегіңнен гүл теріп аралайын.
Ата-анамның көзіндей, сағынышпен,
Күтіп тұрар қамығып Қарағайым.
Еркелегім келеді баладайын…
Биіктік
Қыран құстай ақ лайнер алып ұшты,
Жанарымнан жалт етіп сағым ұшты.
Көзді ашып жұмғанша көкке самғап,
Қара жерге қалдырды сағынышты…
Күмән, күдік санамда елеңдеді,
Күннің нұры дәт қылар төбемдегі,
Он мың метір биіктік… ойхой жалған,
Тіршілігің түк емес төмендегі…
Бір-бірінен қызғанған ырыс бағын,
Ойға оралды ағайын, туыстарым,
Бір лақ үшін Малтабар Қоңқайменен ,
Көрместей боп аяусыз ұрысқанын…
Есіме алдым сондай бір қылықтарын,
Тіршіліктің сан-тарау ғұрыптарын,
Соның бәрі күлкілі боп көрінді,
Сыйластыққа не жетсін. Бір ұққаным…
Байыз таппай бақ іздеп анталасқан,
Қайыр үшін қайрымсыз жорта қашқан.
Қайран қалып зәу көкте бас шайқаймын,
Тіршілікке жердегі жанталасқан.
Мансап үшін малдарын үйіп айдар,
Көбелектей қанаты күйіп ойнар,
Бәрі осының оғаш боп зеңгір көкте,
Жаулап алды санамды биік ойлар!
Қиял шіркін бастайды қайдағыға,
Пенделер мәз жердегі сайранына…
Биіктіктен қараған адамның да,
Биік екен басқадан ойлары да!
Қу тіршілік жеткізбес тақымдасаң,
Өмір өтер түбінде бақұлдасам…
Адам жаны тазарып сала берер,
Алла жаққа бір табан жақындасаң…
Көкте қалып ойымның бақ ұшпағы,
Жерге қонды ақ лайнер қауышқалы,
Әуежайдан естілді айғайласқан,
Малтабар мен Қоңқайдың дауыстары…
Санада қалған сурет
Ақша бұлттар тоғысып бір-бірімен,
Жасырады біздерден күнді білем.
Жер ошақтың түтінін жел жұтады,
Ақ боз үйдің шықсымен түндігінен.
Сәл сіркіреп тамшылар басылады,
Ақша бұлттар алысқа асығады.
Қоздап жанған қи-тезек қызарады,
Күйе шәйнек ән салып мосыдағы.
Кеше ғана жаз еді, күн шырайлы,
Қара суық, өкпек жел. Кім шыдайды.
Желі басы құлазып бос қалыпты,
Құмай тазы құмығып қыңсылайды.
Жаз өтеді. Мезгілге бәрі көнер,
Дей алмассыз ғұмырдың мәні бекер.
Қос құлағын қайшылап, елегзиді,
Тұсамысы үзілген Торы төбел.
Кәрі мысық жаңылып ермегінен,
Көз айырмас сырмақтың өрнегінен.
Қара қазан ошақта бүлкілдейді,
Майлы сорпа тамшылап ернеуінен.
Кепкен талдың қолында жұқанасы,
Шоқ көсейді мейірімді от Анасы.
Сары баланың қасында жатыр әне,
ақжемделген «Қан мен тер» мұқабасы.
Күзгі суық. Түскендей ел еңсесі,
Кернау ойдың сұстанып, керең сесі.
Күн еңкейіп барады күреңітіп,
Киіз үйдің ұзарып көлеңкесі.
Қыр баласы
(Ә.Бөкейханға)
Күн қысқарып, ұзарып түн баласы,
Қалың ойдың қаумалап ніл наласы,
Қараша үйдің үзігін жел сабайды,
Қалың ойға берілген… Қыр баласы.
Елес беріп есте жоқ ескі заман,
Санасынан дәуірлер, көшті ғалам.
Жерде жалғыз қалғандай елегзіді,
Өлеусіреп майшамда өшті қараң…
Әлсіз нұрын себелеп Ай төріне,
Сана сыңсып ұлиды ой көгіне.
Қайрат кеміп, қисайып жатыр әне,
Тақта отырар қайран ер тәйтеріге…
Қарашада, қар үрлеп қара суық,
Қайран күндер барады нала қуып.
Балақтағы өрмелеп басқа шықты,
Дана талақ. Боп алды шаласы ұлық.
Қара бұлттар түнеріп даласына,
Сыналар сәт келді Алаш баласына,
Дұға қылды күбірлеп, қолын жайып,
Бір Аллаға сыйынып, бабасына!
Абылайдай Алашқа керек қорған,
Оған мынау самұрық бөгет болған…
Қайран ердің заманға шарасы жоқ,
«Төре кетіп, төрінде төбет қалған».
***
Ауа берсін төбеңнен Үркер мейлі,
Жердің құрты бәрібір үлкеймейді…
Сен аңсаған Азаттық келді міне,
Тәні өлгенмен тектінің рухы өлмейді…
Сандуғашқа
Соңғы дем, соңғы сәуле жанарыңда,
«Көмектес» дедің маған қарадың да.
Дәрменсіз қайран ағаң қарап тұрды,
Кептеліп өрт өксігі тамағында.
Қарғам-ай, қалай, қайтып көмектесем,
Құшақтап, құтқарам ба өбектесем.
Ажалға кім араша тұра алады,
Анам да оралмайды, керек десем.
Онсыз да сана жетім, уайым батпан,
Күн сөніп, аспандағы айым батқан.
Дәрменсіз мүсәпірдің күйін кештім,
Жазымыш осы екен ғой мойындатқан.
Қиялым балалықты іздеп өтті,
Туған жер сен кеткелі гүлдемепті…
Соңымнан сонар салған бауырым-ай,
Өзіңмен өткен ғұмыр бірге кетті…
Өмірдің осы ма еді бар мәзірі,
Есімде Сандуғаштың қалды әзілі…
Рухыңды сенің бәлкім алып кетті,
Қозқырған, Нарқамыстың сар жазығы.
Туған жер сағындым ғой белесіңді,
Мезгілсіз бір уығым неге сынды,
Базарлы балалығым өткен жерден,
Іздеймін барған сайын елесіңді…
Ұлытауға барғанда…
«Ұлытау облысы құрылып, орталығы Жезқазған қаласы болады…»
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауынан.
Бес күн базар Жалғанның жарық күнін,
Кім түсінер… құба бел ғаріп мұңын.
Тасында кәрі тарих сыры тұнған,
Ұлытау, аманбысың, жарықтығым?!
Ұлытау, аманбысың мұнар басқан,
Үш жүздің ошағысың ұран қосқан.
Сары жел Кетбұқадан сыр айтады,
Аңыз көп өзің жайлы ұлар дастан.
Сағым боп көз ұшында үзік арман,
Ел едік ертегісін үзіп алған…
Жошы өткен… ер Едіге еру жасап,
Жотаңда тұлпарының ізі қалған.
Көз жазып қайран елім абызынан,
Арқаның құлан қашқан жазығынан…
Сары жел кейде сарнап сала берер,
Үн тартып Қойлыбайдың қобызынан.
Ұлытау – Арқадағы даңғайырым,
Бес елі бағы қайда маңдайымның?!
Ақша бұлт арулардың сәукелесі,
Баурыңда мың бұралған тал-қайыңың.
Кетпеген таңдайынан жырдың дәмі,
Ұлытау – қыздың ары, ұлдың бағы,
Қожабай, ақын Болман, Шынболаттар,
«Сайраған Орта жүздің бұлбұлдары»
Сұрайтын мезгіл келді ұлы сауға,
Ақынның айналмасын жыры дауға…
Бабалар рухын сезіп қайтқың келсе,
Ат басын бұрған дұрыс Ұлытауға…
Ошақ
Енді-енді қауыз жарған сайдың гүлі,
Жайлауға ерте көштік қайбір жылы.
Апанда қар жататын ерімеген,
Түн суық, бозымықтау айдың нұры.
Жалғыз үй жапандағы, ой қуалап…
Ойыншығы балалардың қой құмалақ.
Бауырына тығыламыз Анамыздың,
Жабықтан жалғыз көзді Ай сығалап.
Бала едік, көңіліміз тоқ болатын,
Арманның көкке ұшырған ақ қанатын.
Ертемен Анам біздер тоңбасын деп,
Сиырдың жапасымен от жағатын.
Ошақтың оты маздап, қозданатын,
Бой жылып, кез еді ғой мәз болатын.
Қараша үй түңілігін түрген кезде,
Қағатын көк жүзінде қаз қанатын.
Нәр алған ілкі заман ілімінен,
Ұрпақтың дәстүр жайлы білуі кем.
Жапанда жапа теріп, қиял кезіп,
Ошақтың өсіп едік жылуымен.
Көкте күн, жерде сәби күлімдеген,
Қарлығаш ұя салса, ырым көрем…
Қой баққан, қоңыр белде құлын ғұмыр,
Жалғыздық, ой екен ғой – ілім деген.
Бұл тағдыр кез қылмады қай дауылға?!
Бір соқсам қайта айналып, қойлы ауылға.
Ошақтың қызуынан қуат алып,
Уақыт табар едім ойлануға….
***
Қайда екен, балалық шақ… баяғы әнім,
Өшірмей үмітімді аяла мұң…
Ошақтың маздап жанған отын аңсап,
Кей күні тәнім мұздап оянамын.