Жаңалықтар

Жаңа белес – ұлт ұстазына арналды

Ұлт ұстазы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 жылдық мерейтойына орай жерлесіміз, журналист, әуесқой велошабандоз Ернат МЕЛСҰЛЫ қысқы велошеруден ел рекордын орнатып, 150 шақырымды 9 сағат 56 минутта бағындырды.

Алғашқы қысқы велошеру Нұр-Сұлтан қаласындағы «Триатлон-парк» аумағында өтті. Соло (solo) тәсілінде ұйымдастырылғандықтан бір ғана велошабандоз қатысты. Велошеру таңертеңгі 9:30- да басталған. Бір айналымы 3 шақырым. Межелі қашықтықты бағындыру үшін шабандоз 50 айналым жасаған екен. Бастапқы 3 сағатта тоқтаусыз жүріп өткен ол қатты қалжырай бастапты.

«Сол уақытта жейдедегі Ахаңның суретіне қарап, бойыма күш-қайратымды жиып отырдым» дейді. Сөйтіп, алғашқы үзілісті 12:30-да жариялапты. Cty медициналық орталығының дәрігерлері бақылау барысында оттегінің төмендеп кеткенін байқаған. Жылы су, ыстық сора, қазы-қарта, құрт, банан жеп, 85-ке төмендеген оттегіні 96-ға көтеріпті. Екінші үзілісі кешкі 17:00 шамасында өтіпті. Әуесқой велошабандоз жазғы велошеру кезінде сағатына 25-30 шақырым бағындырады екен. Ал, қыс мезгілі болған соң мұздың, қардың қолайсыздығы бар, сағатына 15 шақырым жүріп отырыпты.

«Жазғы велошеруде ел мен жер көресіз ғой. Бұл жолы бір жерді айнала беру оңайға соқпады. Ауа райы 22 градусқа салқын болды. Бірақ, тоңған жоқпын. Өйткені, аяз күндері көп жүремін. Жалпы, велоспортпен айналысып келе жатқаныма 7 жыл болыпты. Соның соңғы 3 жылында қыста да теуіп жүрмін. Үнемі қозғалыста жүрген соң болар, денсаулығым қалыпты, – дейді Ернат Мелсұлы.

Велошеру алғашқы қысқы веломарафон ретінде Қазақстанның жаңа рекорды болып тіркелді. Рекордты Қазақстан рекордтар кітабының («Қазақстандық ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалық») Нұр-Сұлтандағы ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов мырза тіркеп, арнайы Куәлікті жерлесімізге табыстады. «Дәл велошеру өткен күні Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков Ахаңа Қарағандыдан көше беру туралы ұсыныс жасапты. Бұл да тегін сәйкестік болмаса керек», – дейді велошабандоз.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button