Қазақстанда «Омикрон» анықталды

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавирустың «омикрон» штамы анықталды. Мұны елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Соңғы бес күнде індет жұқтырғандар саны күрт өсті. 9 қаңтардағы дерек бойынша 2 087 адам коронавирус жұқтырған. Елімізде ауырғандар саны 997 438 жетті.

covid-19 — test sample tube with coronavirus in lab

Мұның ішінде ең көбі – 1 442 жағдай Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Одан кейін – Шымкент пен Алматы қалалары. Жалпы, Қазақстан Республикасы – «сары» аймақта. Кешегі күнгі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы дерегіне сәйкес, «қызыл» аймақта – Нұр-Сұлтан қаласы. «Сары» аймақта Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау облысы тұр. Қалған өңірлер – «жасылда».

«Омикрон» өткен жылдың желтоқсан айының соңында жүргізілген молекулярлық-генетикалық зерттеулердің нәтижесінде анықталды. Дегенмен, елімізде әлі де «дельта» штамы басым – 71%. Жалпы, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы жақында анықталған «омикрон» штамының таралуына, мереке күндері халықтың ішкі миграциясының жоғары болуына және профилактика шараларын жеткілікті сақтамауына тікелей байланысты. Әлемнің көпшілік елдерінде де індеттің таралуы белең алғаны байқалады. Ресейде коронавирус жұқтырғандардың күрт өсуі күтілуде. Ал, АҚШ-та ауру жұқтырғандардың саны рекордтық көрсеткіштерге жетті. Джонс Хопкинс университетінің мәліметтері бойынша 60 млн. адам вирус жұқтырған.

Қарағанды облысы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «жасыл» аймақта. Осы уақытқа дейін коронавирус жұқтырған 110 059 жағдайы тіркелді. 9 қаңтарда 49 жаңа жағдай тіркелді. Облыс бойынша репродуктивті сан 0,933-ті құрайды. Ал, 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттану көрсеткіші – 7731,4-ті құрады. Оның ішінде симптомдары бар науқастар – 80,4%, симптомсыз вирус тасымалдаушылар – 19,6%. Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық департаменті мамандары тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға, бұқаралық іс-шараларға қатыспауға, әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимін сақтауға шақырады. Дәрігерлер вакцинация жасау және мерзімі бойынша ревакцинациядан өтудің маңыздылығын ескертеді.

Індетке қарсы вакцинаның бірінші компонентін – 9 014 952 адам, екінші компонентін 8 551 099 адам салдырды. Қарағанды облысы бойынша бірінші компонентін – 602 801, екіншісін 558 450 адам алды. Кешегі күнгі мәлімет бойынша 22 064 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Олардың дені амбулаториялық деңгейде ем қабылдаушылар – 19 063 адам. 3 001 адам – стационарда. Облыс көлемінде инфекциялық стационарларда – 307, реанимация бөлімшесінде 21 науқас ем алуда.

Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 таратпау жөніндегі ВАК тапсырмасына сәйкес, төсек-орын, дәрі-дәрмек, тұрақтандыру қорларының дайындығына және эпидемиологиялық жағдай нашарлап кеткен жағдайда әр өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің дайын болуына талдау жүргізуге кірісті.

Жансая ОМАРБЕК.