Бас тақырыпЖелтоқсан оқиғасына - 35 жыл

Қаһармандарымыз ұмытылмасын!

Кешегі Махамбеттің басына төнген қара бұлттың көлеңкесі ақыры сейіліп тынды. Дегенмен, бабалар аңсаған азаттық Алаш баласына қалай бұйырды? Сонау бес қару жастанған батырлар заманын былай қойғанда, тек, ана тілі үшін аяусыз соққыға жығылып, қан кешкен 86-ның нәубеті кімнің санасына нендей ой салады? Бұл жолы лашын құстың тепкіні емес, қаңғып ұшқан шүрегейдің келуі мұзда алаудың тұтануына себеп болмап па еді?

1986 жылы 17-18 желтоқсанда «Ұлтым» деп, бұғалыққа мойын ұсынбаған жастар толқуының арты қазулы қанды орға айналатынын кім білген?! Бірақ, жендеттің қазақ қызының бұрымынан бұрай ұстағаны үшін зығырданы қайнап, намысын жалау еткен ердің тізесі дірілдемесе керек. Қайрат Рысқұлбековтің сөзі еріксіз еске түседі осы тұста…

«Сол жылы, бірақ, әдеттен жырақ» небәрі 18 минутта өткен отырыста Қазақстан КП Орталық Комитетінің V пленумы Дінмұхамед Қонаевты қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына бұқараға жат, ұлттан ұлысы бөлек Г.Колбинді тағайындады. Дүмпудің басты себебінің бұл бірі ғана. Одан өзге, қазақ ұлтының даму деңгейінің тежелуіне, кеңестік салттың кеңінен дәріптелуіне, әміршіл-әкімшіл жүйенің күштеп басқаруына шыдай алмағаны тағы бар боздақтардың. Дәл осы саясатты режиссер Ахат Ибраевтың бертін келе түсірілген «Полигон» телесериалында бүкпесіз айқын көруге болады.

Ертесіне, 17 желтоқсан күні сол кездегі Брежнев алаңына топтала ағылған қазақ жастарының бейбіт шеруі – Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына өз наразылықтарын білдіргендігі еді. «Қазақстанға – қазақ басшы!», «Әр халыққа – өз көсемі!» деген ұрандармен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып, алаңға шықты. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тілге, дінге, мәдениеттің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарына лайықты ие бола алатынын айтып, қазақтан басшы қоюды ашық түрде талап етті. Бұл арыстан жүрек абадан топтың өздерін толғандырып жүрген мәселелерді айтып қалуына таптырмас мүмкіндік еді. Алайда, бұл шеру құқық бұзушылық, ұлтшылдық сипаттан алшақ еді. Тек лениндік ұлт саясатының бұрмаланбауы, «Әр ұлтқа өз басшысын қою керек» деген сөз жазылған транспаранттар ғана болған екен қолдарында. Біздің білуімізше, қазақтан шыққан біраз зиялы қауым өкілдері келіп, жастардың қайтуын сұраған көрінеді. Солардың ішінде Роза Бағланова да болған екен. Ол жылап тұрып, «Қарақтарым, босқа қырылып қаласыңдар, тараңдар!» деп өтінген. Бірақ, арды жанынан артық көріп, намыстың наркескенін қынынан бір кез суырған жастар бұған тоқтасын ба?

Кейбір деректерде, «17-18 желтоқсанда болған қайғылы оқиғалар барысында 150-ден аса қазақ қыршынынан қиылды. Алматының емдеу мекемелеріне 540 адам түсті, 200-ге жуық жан ауруханаға жатқызылды, 1700-ден астам адам түрлі дене жарақаттарын алды. Демонстрацияны таратуда әскери дөрекі күш қолданылып, қақаған қарлы аязда үстеріне суық су шашылып, ұсталғандарды ұрып-соқты, қаладан тыс жерге тасылды» делінген. Иә, қазақ жастарын қазулы шұңқырға өлі-тірісіне қарамай тоғытқандығын құлағымызбен естіп, «Қызғыш құс» атты фильмнен көрген де болатынбыз.

Тек Алматыда 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан және 52 адам партия қатарынан шығарылды. Комсомолдық және партиялық жазаларды 1400-ге жуық адам алды. Ішкі істер органдарынан 1200 адам, көлік және медициналық мекемелерден 300-ден астам адам босатылды. Жоғары оқу орындарының 12 ректоры өз лауазымдарынан айырылды. Желтоқсан оқиғасы тек Алматы жастарының ғана емес, басқа облыстардағы жастардың да бас көтеруіне алып келді. Бұл кезде Жезқазғанда, Қарағандыда 60 адам ұсталып, соққыға жығылған. Митингілер мен шерулер Талдықорғанда, Арқалықта, Көкшетауда, Сарыөзекте, Талғарда, Шымкентте және басқа да қалаларда өте бастады. Олардың қорытындылары бойынша 21 шеруші сотталған деген дерек те бар Тергеу мен сот ісін жүргізуде нормалар өрескел бұзылды. Билік Сталиннен кейінгі уақытта бұрын-соңды болмаған репрессия мен ұлттық интеллигенцияны қудалау толқынын бастады. 1987 жылдың басында КОКП ОК-нің қаулысы қабылданып, онда болған оқиға «қазақ ұлтшылдығының» көрінісі деп жарияланды. Әйтеуір, осы оқиғаға қатысы бар-ау деген қазақтар жазықсыздан-жазықсыз өзімшіл, өктем биліктің құрбандары болып кете барды.

Мінеки, биыл осы «ызғарлы желтоқсан желінің соққанына» – 35 жыл. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын бүтін ел болып атап өтіп жатырмыз. Бүгінгі таңда 16 желтоқсан күнтізбедегі басты мерекеге айналды. Желтоқсан оқиғасын аракідік естен шығарып алатынымыз жасырын емес. Сол Желтоқсан қаһарманына лайықты құрмет көрсете алдық па?! Ұлықтың алдында ұлт мүддесі үшін қасқая сөйлеген Қайратқа бір ескерткіш әлі бұйырмады-ау?! Сәбира Мұхамеджанова, Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевқа ше? Көзге көрініп тұрған қандай құрметіміз бар?! Желтоқсан батырлары ұмытылмасын!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button