Бас тақырыпРесми

6 мыңға жуық Сарыарқа жастары ел болашағына дауыс береді

Бүгін Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде Халықаралық волонтерлер жылына арналған волонтерлер форумының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Ауқымды шараға Қарағанды облысынан 6 мыңға жуық адам қатысты. Олардың қатарында волонтерлік ұйымдардың өкілдері, белсенді жастар, қоғам қайраткерлері мен әлеуметтік жобалардың бастамашылары болды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Форум еріктілер қозғалысының қоғам дамуындағы рөлін талқылауға, тәжірибе алмасуға және жаңа идеялар ұсынуға мүмкіндік берген маңызды диалог алаңына айналды.

– Біздің өңірде 4 мыңға жуық ерікті бар. Бұл дегеніміз – күн сайын 4 мың адам жақсылық жасап жүр деген сөз. Ал егер бір жыл бойы осындай көмек көрсетілсе, тұтас қоғам өзгерері сөзсіз. Бүгінде жастар телефоннан бас алмайды, қоғам өміріне белсенді араласпайды деген пікір жиі айтылады. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Су тасқыны болсын, жалғызбасты қарияларға көмек керек болсын – бірінші болып еріктілер келеді. Адам тек жеке басының қамын ойлап, ешкімге көмектеспей, халқына пайда келтірмей өмір сүрсе, өмірдің мәні жоқ, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Іс-шара барысында Қарағанды облысының жастары Ата Заңда көрініс тапқан негізгі қағидаттарды қолдайтынын білдірді. Атап айтқанда, адами капиталды дамыту, отбасы мен әлеуметтік бастамаларды қолдау, жеке меншік құқығын қорғау және жастардың әлеуетін ашуға бағытталған идеялар жастар тарапынан кең қолдау тапты.

– Сіздер әрдайым алдыңғы қатардасыздар. Су тасқыны кезінде де, пандемия кезеңінде де бірінші болып көмекке келдіңіздер. Қазақстанның болашағы үшін 15 наурыз күні өз таңдауымызды жасауымыз қажет. Сіздердің дауыстарыңыз – ел болашағына қосқан үлестеріңіз, – деді Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов.

Сондай-ақ спикерлер жаңа Конституцияда қоғам өмірінің маңызды бөлігі ретінде волонтерлік қызмет пен қайырымдылықты дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті.

Форум қатысушыларының айтуынша, бүгінде волонтерлік тек қайырымдылық акцияларына қатысумен шектелмейді. Бұл – ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың жаңа буыны қалыптасатын азаматтық кемелдік мектебі.

Осыған байланысты қарағандылық жастар алдағы референдумды мемлекеттің дамуындағы маңызды қадам ретінде бағалайды. Шара қатысушыларының пікірінше, өз ұстанымын білдіріп, елдің Ата Заңын қабылдау үдерісіне қатысу – Қазақстанның болашағына ықпал етудің маңызды мүмкіндігі.

Салтанатты рәсім қазақстандық танымал орындаушылар Айқын мен BAYANSULU қатысқан мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.

Шара соңында өңірдің белсенді жастары азаматтық жауапкершілік танытып, жалпыхалықтық референдумға қатысатынын сеніммен жеткізді. Олардың айтуынша, ел болашағы бүгін қалыптасады. Сондықтан әрбір дауыс маңызды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button