Кенді өлкенің кенже басылымы

Қарағандыдан шығатын қалалық «Qaragandy habary» газетінің қанат қаққанына биыл 1 жыл толды. Кеше ғана қазақ тілді газет шықты деп сүйінші сұрасқан едік. Бүгін, міне, жас басылым өз оқырманын тауып, барша жұрттың ықыласына бөленіп үлгерді.«Qaragandy habary» газеті – Арқадағы барша газеттің ізінен ерген жас басылым. Былтыр 4 наурызда тұсауы кесілген үнпарақ осы кезге дейін Қарағанды халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келеді. Бір сөзбен айтқанда, газет халық үнін билікке жеткізе алатын әлеуетін қалыптастырды.

Жас басылымның бүгінгі Бас редакторы Ләззат Қожахмет кіл жүйріктердің басын қосып, газеттің алға басуына тынбай еңбек етуде.

Былтыр Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне орай шығарылған алғашқы саны бірден оқырманның жүрегіне жол тапты. Бүгінде қалалық үнпарақтың 15 мың оқырманы бар. Мұнда қала тіршілігін танытатын, өңір тынысын ашатын мақалалар басылады.

– Осыған дейін Қарағандыда қазақ тілді газеттер болғанымен, ғұмыры ұзаққа бармады. Көптеген азаматтар жылдар бойы қалалық қазақ тілді газет ашу қажет деп бастама көтерді. Былтыр облыс әкімдігінің қолдауымен тұңғыш рет «Qaragandy habary» газеті «Кент» баспа үйінен басылып шықты. Газет шығару ісінде тәжірибесі мол азаматтардың көмегімен алғашқы басылым оқырманға жол тартты, – дейді Бас редактор Ләззат Қожахмет.

Газеттің редакциялық құрамында жалындаған жасы да, тәжірибесі көп жасамысы да бар. Кіл жүйріктердің арасында Серік Сағынтай, Әсел Сәбитова, Дәуренбек Бағдәулет, Ардақ Қабыханов, Ақзия Оразалиева, Аружан Алпысбай бар. Олар тек қала емес, облыс ахуалының түйткілді мәселелерін көтеріп, көкейкесті тақырыптарға қалам сермеп жүр.

Біз халықты толғандыратын мәселелерге апта сайын қалам сілтейміз. Газеттің алғашқы нөмірлерінде Қарағандыда Әлихан Бөкейхан ауданы ашылсын деп бастама да көтердік. Көбінесе, газеттің мазмұнын ашатын мақалалар жариялаймыз. Бізде республикалық телеарналардың меншікті тілшілері жұмыс істейді. Олар ауыл-аймақтардың өзекті мәселелерін көтеріп, тың мақала дайындайды. Газет журналистерінің әрқайсысының өз қолтаңбасы бар. Жас болса да, сақа журналистерден артық жазатын тілшілер бар. Редакция ұжымы газет үшін жанын беріп жұмыс істейді, – дейді Ләззат Қожахмет.

Қарағанды қаласының тұрғыны, зейнеткер Сәкен Келдібаев – басылым жарық көрген сәттен бастап тұрақты оқырманы. Газет ашылғанына аз уақыт болса да, халық пен биліктің арасына алтын көпір орната алды дейді зейнеткер.

1 жылдан бері газеттің тұрақты оқырманымын. Аз уақыт ішінде басылымның беделі артты. Мен газетке жиі мақала жазып тұрамын. Редакция атқамінерлерге айтатынымызды газет арқылы жеткізуге мүмкіндік берді. Сондықтан да, басылым әруақытта халық үнін билікке жеткізетін көпір бола біледі. Мемлекеттік тілде жарық көрген қалалық алғашқы газеттің буыны бекіп, Қарағанды өңірінің мықты басылымына айналсын деп тілек білдіремін, – дейді Сәкен Сәбиденұлы.

Қалалық газеттің сайты, әлеуметтік парақшалары бар. «Qaragandy habary» газетінің сайтын қазақ интернет-редакциясында өзіндік орны бар журналист Нұрлыхан Қалқаманұлы жүргізеді. Оқырмандар газет материалдарынан бөлек, еліміздегі барлық жаңалықтарды сол сайттан оқи алады.

Оқырманын тапқан газет – өміршең. Басылымның ойлы оқырманы көбейіп, қазақ тілді қалалық газеттің ғұмыры мыңжылдықтарға жалғаса берсін демекпіз. Әріптестерімізді мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.