Бас тақырып

Қуаңшылық пен қымбатшылық қыспасын десек…

«Бірқатар өңірлердегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жемшөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпайық».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауынан.

Өткен жыл ауыл шаруашылығын біраз сынады. Қуаңшылық бір қысса, дала өрті де әбігерге салды. Жер аяғы кеңіп, қар еріп, келер қысқа дайындық басталғалы тұр. Дегенмен, бұрын қыс қаһарына дайындалып, жазды күндері жем-шөп жинасақ, енді, «жылы күндердің өзінде қиындыққа тап болмаймыз ба?» деген қобалжу бар…

Себеп – су жоқ

Былтыр Маңғыстауға туған күн өзгенің басына тумай ма? Басты қауіп осы. Қуаңшылық елге қиындық әкелді. Батыста малдың ауызы көкке іліге алмай, көтерем болып қалды. Астықтың да шығымы төмен болды. Мұның бәріне бір ғана себеп – су жоқ.

Қарағанды облысында да біраз қиыншылық болғаны рас. Мысалы, Ұлытау мен Абай аудандарындағы дала өрті де осы қуаңшылықтан болды. Ал, жусаны мен көдесі қаулап өсіп, селеуі қалың келетін Жаңаарқа ауданы да қуаңшылықты анық сезінді.

Сонымен қатар, малы қырылған шаруалар Үкіметтен қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялап, зардап шеккендерге нақты жәрдем көрсетуін де сұрады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан соң Сапархан Омаров қызметінен алынып, осы кезге дейін Қаржы министрінің орынбасары болып істеген Ербол Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.

Биылғы жыл жаңа министрге сынақ болғалы тұр. «Еліміз биылғы көктемнен не күтеді? Ауыл шаруашылығы саласындағы дайындық қай деңгейде?» деген сұрақтар халықты алаңдатады.

Не істеу керек?

Биылғы ауа райы да ойға салардай. Жауын-шашын сирек жауды, қыстай қар да мандытып түскен жоқ. Қыс созылып, қар наурызда ғана екпіндетті. Бірақ, бұл барлық мәселені шешпесе керек. Экономика ғылымдарының докторы, қазақ-неміс «Қымыз» ғылыми-зерттеу институтының директоры, кәсіпкер, ауылшаруашылығының білікті маманы Айтуған Мұқашев:

Былтыр ауа райының жайсыз болғаны рас. Бірақ, ауа райына ғана сенім артып отыра берсек, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ауыл шаруашылығымен айналысатын ғылыми орталықтардың, ауыл шаруашылығы университетінің, жалпы, осы саладағы мамандардың не керегі бар? Мәселен, қазір ғаламдық жылыну күш алғанын, әлем ғалымдары дабыл қағып жатқанын бәріңіз білесіздер, былтырғы жағдай біздің елде көрініс берген осы ғаламдық жылынудың алғашқы белгілері. Яғни, оңтүстік-батыстан бастап құрғақшылық, шөлейттену бастала бастайды. Бұдан қашып құтыла алмаймыз, дегенмен, алдын алуға болады. Осыдан 10 жыл бұрын біз министрлікке қуаң жерлерді игеру жобасын ұсынғанбыз. Осы жобада қай өңірге қандай шөпті қандай тиімділікпен өсіруге болатынын көрсетіп бергенбіз. Мысалы, әр өңірдің табиғатына, ауа райының ыңғайына қарай өсетін тал-терегі, шөбі болады. Сырттан алып келген түрлі тұқымды да сол өңірдің ыңғайына қарай өсіру қажет. Амал қанша, одан бері талай министр ауысты, біздің жобамыз сол күйі ескерусіз ұмытылып қалды. Егер, сол іске асса, Маңғыстау малы қырылмас еді. Былтырғы жағдайдың алдын алуға болатын еді. Ең бастысы, осындай жағдай болатынын ауылшаруашылығы мамандары алдын ала айтуы керек еді. Қысқасы, Ауыл шаруашылық министрлігі дабыл қағуы керек! – дейді бір сұхбатында.

Айтуғанды неге сөйлетіп отырмыз?! Біріншіден, Айтуған Мұқашев ауыл шарушылығын жетік біледі. Екіншіден – осы жағдайды айта алатын жерлестеріміздің бірі.

Айтуғанның айтқанындай, әр өңірдің табиғатына, ауа райының ыңғайына қарай өсетін тал-терегі мен шөбін неге отырғызбасқа. Яғни, сырттан алып келген түрлі тұқымды да сол өңірдің ыңғайына қарай өсіру қажет. «Мәселен, былтыр батысқа еліміздің әр түпкірінен жем-шөп жеткізді. Бұл өте жақсы, қазақтың бауырмалдығын, бір-бірін тастамайтынын көрсетті. Алайда, бір жердің шөбі бір жерге қорек болмайды. Өз жерінің шөбіне үйренген мал өзге жердің шөбін сүйсініп жей алмайды. Яғни, босқа ысырап болады. Былтыр бауырларына шөп жібергендердің өздерінде биыл шөп жоқ. Қарағандыда шөптің бір тоннасы былтыр 8 мың теңге болған, биыл 20 мың теңге. Енді қанша болатыны мүлде белгісіз. Шөп бағасы осындай болғанда ет бағасы қандай болады? Осыдан келіп мал ұрлығы шығады», деп ой түйіндейді Айтуған Мұқашев.

Нені ұмытпауымыз керек?

Жақында өңірлерге барған Мәжіліс депутаттарына шаруалар көктемгі дала жұмыстарына мемлекеттік қолдау шараларының жоқтығын айтып шағымданған еді. Одан бері де біраз уақыт өтті. Айтуларынша, аймақтағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің мұңынан министрлік мүлде бейхабар. Фермерлердің сөзіне сенсек, жеңілдетілген жанар-жағармай жетіспейді. Бағасы да қымбат. Минералды тыңайтқыштардың және қосалқы жабдықтардың бағасы былтырмен салыстырғанда 2-3 есеге көтерілген. Егіс тұқымының жоқтығы да қолбайлау болса, «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарының қаржыландыру әлі күнге дейін басталмаған.

Ағын су тапшылығы жылдар бойы айтылып келе жатыр. Министрліктің субсидия бағдарламалары бойынша тұрақты ұстанымы жоқ. Қазақстан фермерлері қауымдастығының атқарушы директоры Әкбар Мәуленов «министрлік мамандары айтқан 400 мың тонна арзандатылған дизель отынының бағасы шаруаларға жеткенше мың құбылады» дейді. Литрі шамамен 200 теңгемен сатылатын жанар-жағармай нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзан. Дегенмен, тасымалдау кезінде шаруалар да нарықтағымен бірдей бағада алады. «Жеңілдетілген дизель отынын бөлетін операторларды әкімдіктер өздері айқындайды. Бұл әдіс шаруалар үшін тиімсіз. Себебі операторлар фермерлерді көрсе, кірпідей жиырылады. Сол үшін фермер өзіне қажетті көлемдегі дизель отынын қалаған жанар-жағармай бекетінен алуы керек. Ары қарай алынған отынның белгілі бір көлемін субсидиялау жағын қарастыру қажет. Бұл фермерлерге қомақты көмек болатын еді», – дейді Әкбар Мәуленов.

Иә, қазіргі уақытта белең алған қымбатшылықты ұмытпауымыз керек. Бұл, ауыл шаруашылығын қыспаққа алуы әбден анық…

Жақында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек шаруалардың өңірлік құрылтайында:

Агроөнеркәсіптік сектор мәселелері – бүгінгі күні өте өзекті. Мәселелер мен проблемалар аз емес. Біз үнемі шаруалармен кездесіп, оларға көмектесуге тырысамыз. Өткен жылы жем-шөп дақылдарын субсидиялай бастадық. Қазіргі уақытта осы жұмысты жалғастырамыз, – деген болатын.

Әрине, қыстан шықтық. Көктем келіп, егіске дайындық басталып кетті. Дегенмен, болашақты ойласақ, ертерек қамданғанымыз да жөн. Сонымен қатар, жем-шөп дақылдарын субсидиялағанда жерсінетін тұқымды егетін кезең келген сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button