Бас тақырыпРухани жаңғыру

Елді де, ерді де тәрбиелеген ертегі еді

Ескіден ел аузымен танылған ертегі – әпсаналар, жыр-дастандар бүгінгінің баласына қызық емес. Бұл технологияның дамығаны деп аспанға бөрік ата қуанар дүние ме, жоқ әлде қазақ ертегісінің орнын Marvel-дің комиксі басқанын мойындағанымыз ба? Балаға ақ-қараның аражігін ажырата түсіндіретін, туған тіл мен ділдің қадірін қастерлеуге шақыратын ауыз әдебиет саласының өгей баланың күйін кешуіне не себеп?

 

Қазақ фольклорының қара сөзбен ауыздан ауызға жеткен қайталанбас мұрасының бірі – ертегі. Ол белгілі бір ұлттың ауызша айтатын көркем әңгімесі. Осынау көркем әңгіме арқылы еңбекші халық бақыт, еркін өмір, жайлы мекен туралы үміт-армандарын баяндап келген. Ертегі тарихтың атасы десек те жаңылмаймыз. Сол ертегі бабаларымызға бағдар бола білді. Санаға жамандықтың ұятқа, жақсылықтың мұратқа жеткізерін ұқтырды. Өткеннің балабақшасы ата мен әже тәрбиесі болса, сол тәрбиенің басты қаруы осы ертегі еді. Бүгін осы бір құнды аманатты арқалай алмай жаңа технология деп Еуропаның жетегінде сүрініп жүрміз. Голливудтың Marvel-інен асқан ертегінің атасы жоқ, қазіргі балаға. «Өрмекші адам», «Бетмэн», «Супермэн», «Темір адам» сынды туындылар, тіпті «Walt Disney»-ді де екі орап кетті. Осы тұрғыда қарағандылық ертегі, мысал жазушы Гүлмира Ағыбайдың пікіріне сүйенсек:

– Ертегі алдымен екіге бөлінеді. Бұл халықтың ауыз әдебиетінен туған халық ертегісі және авторлық ертегілер. Ертегінің ең маңызды тұсы оны құнды қылған алдымен оның берер тағылым-тәрбиесі. Ашқарақ, тойымсыз қу түлкі мысалға, немесе ойшыл үкі, ақымақ қасқыр осы кейіпкерлер арқылы бала жады әлемнің қос қыры яғни жақсы мен жаманды тани бастайды. Сондай-ақ, ертегі оқыған бала жақсылықтың түбі жеңетінін және ер тегідегі күрескер кейіпкердің мақсаты әділдік екенін бірден ұғады. Швейцариялық ұлы педагог-психиатр Карл Юнгтың пайымынша «Ертегі бұл адамның ақылсыздығынан ақылы кіруіне дейінгі саты. Берілетін мүмкіндікті дұрыс пайдаланудың картасы. Шын өмірдің айнасы». Сондықтан, ертегі деген ұғымды ұлы тәрбие ұстазы десек артық емес. Ал, қазіргі заманда ертегінің оқылмайтынына тоқталар болсақ, ертегі біріншіден оқуды, ұғуды, тануды талап етеді. Және сол ертегіден түйер түйінді де білуіміз маңызды. Кімнің осы тізімді басынан соңына дейін орындағысы келеді? Бар ма қазір «мен кітаптан ертегі оқимын» деген ұл-қыз? Жоқтың қасы. Бірен-саран интернетсіз шалғай ауылдарда болмаса. Ауылда да қазір wi-fi бар. Сондықтан ертегі оқылмай жатыр деген таң қаларлық дабыл емес, – дейді.

Бұған кінәлі дамып кеткендік пе? Ертеде балабақша болмаған. Ата-баба тәрбиені балаға ертегі арқылы берген. Бір ауыз қиссамен өсиет айтып, рух бостандығына шақырған. Тал бесіктен білім нәрімен сусындатқан. Ертеде әр үйде теледидар болмаса да бір-бір дастан жыр кітаптары болғанын білеміз. Әлі де бар кей үйлерде. Әлгі үйге кешкісін жұртшылық малын қоралаған соң жиналып қисса-дастандар оқыған екен. Тіпті жас балалар оқығанда шаршамасын, жалықпасын, қалғып кетпесін деп шақша да иіскетіп қоятынын талай естуші едік. Мұндай әрекетке қарағанда бүгінгі сериалдардан көш артық болғаны ғой сонда.

– Әрине, оған бәсім жоқ. Ертегінің біздер үшін орны ерекше. Бірақ комикстерді де мойындаған жөн. Комикс – терең ойға шомдырып түсінуді талап етпейді. Ондағы түрлі картинка һәм видео санаға ақпаратты шайнап салып береді. Бұдан 10-15 жыл өткен соң көп адамдар кітап та оқымайды десе мұнымыз жаңалық болмас. Менің балаларымның өзі кітап оқиды. Дегенмен, тереңіне бойлап, сол ертегіні түсіне алмай дал болады. Заманауи балалар ертегідегі балықшының ауы, ағаш астау, біз, ұр тоқпақ деген заттарды білмейді тіпті. Ал, ертедегі тұрмыстық заттар бұл ертегінің негізгі атрибуты. Осы тұста Marvel комикстері несімен тез баурайды деген сұраққа былай жауап берер едім. Комикс күрделі болмайды ешқашан. Иә, онда да белгілі бір оқиға баяндалады. Алайда, Marvel-дің қай кинокартинасын алсаңыз да көбіне қазіргі заманға сай дүниелер қамтылған. Дамып, тіпті озып кеткен робототехнология, дамыған әлем және анағұрлым ойы жүйрік сценаристер бұл ретте Marvel-дің негізгі қаруы, – деп тағы бір түйді маман.

Ал, енді біз сан алуан ертегінің отаны болғанымызбен сол Marvel-іңіздің маңында жел еспей қалдық. Біздің қазақ ертегілерін тірілтуге жан бітіріп жарыққа шығаруға болмай ма сонда? Әрине болады. Дәл қазіргі сәтте Ordagen жобасы қолға алды бұл мәселені. Бірақ әлі әлсіз. Тәй-тәй басқан жобаның дамуы қоғамға байланысты. Таза жойқын әрекеттер жасап, бала санасын жаңғыртпаса да қозғалыс бар. Қазақ ертегілеріне жан бітіріп, оны тіпті ұялы телефонға қосымша етіп те енгізді. Бұл да болсын бір жұбаныш, бір серпіліс. Ordagen-нің бергенін алдымен өзіміз мойындап пайдалансақ, ұрпақ санасына сіңірсек сонда ғана қазақы тәрбие мен дамуға жол ашар едік.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button