Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталу қаупі бар ма?
Кешегі күнге дейін Ресей әскерінің Украина шекарасына жақын шоғырлануы алты құрлықты алаңдатып тастады. АҚШ Президенті Джо БАЙДЕН «Ресей 15-16 ақпан, не 18 ақпан Украинаға соғыс ашады» деп, дүние жүзіне дүрлікті. Дегенмен, 15 ақпанда Ресейдің Қорғаныс министрлігі Украина шекарасында оқу-жаттығуға қатысқан бөлімшелердің кері қайтқандығы туралы хабарлады. «Оңтүстік және Батыс әскери округтердердің бөлімшелері базаларына қайта бастады» деді. Сөйте тұра, Қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь КОНАШЕНКОВ Ресей әскерінің ауқымды оқу-жаттығуы мұнымен тәмәмдалмайтынын және флоттардың өзге аймақтарда жоспарланған әрекеттерін жалғастыруда екенін де мәлімдеді.
Ресейдің БАҚ-тарындағы ақпараттарға сүйенсек, Қара теңіз флотының 30-дан астам кемесі Севастопольдан және Новороссийскіден теңізге шыққан. Мақсат – Сирия жағалауындағы ірі маневрлерге қатысу. Жаттығуға әуе флоты, жағалау әскерінің бөлімшелері де жұмылдырылған. Еуропа Ресей әскерінің қайтуын қолдады. Алайда, Ресейдің әлі де Украинаға «басып кіру» қаупін жоққа шығармайды. АҚШ Президенті Джо Байден де сондай ойдан арылған жоқ. Десек те, Ақ үйдің басшысы 15 ақпанда «дипломатияға мүмкіндік беру» жөнінде хабарлады. Байден «Вашингтонның Мәскеумен конфронтация іздемейді. Егер Украинадағы американдықтарға шабуыл жасалса, АҚШ қарап қалмай, есесін қайтарады» деп атап өтіпті. Отандық саясаттанушылар да бұл Украина-Ресей дағдарысының қашан шешілетіні әзірге белгісіз деседі.
«Украина бірнеше жылдан бері Ресей мен НАТО арасындағы шиеленістің ошағы болып келеді»
Саясаттанушы Елдос Жұмағұлов осындай пікірде. Саясаттанушының айтуынша, қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейін НАТО территориясының екі есе артуын Мәскеу үлкен қорқынышпен және наразылықпен қабылдады. «Ал, Ресей мен НАТО-ның қазіргі әрекеттері ешкімге пайда әкелмейтін арандату. Ресми Мәскеу Украинаға шабуылдау жоспарларында жоқ екенін жариялауда. Әскерлердің жаттығуы арқылы Ресей батыстың Украинаны НАТО-ға қабылдаудан бас тартуы – ең маңызды мәселе екенін айтты. Дүрбелеңнің негізгі себебі де осы», – дейді саясаттанушы.
Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ, саясаттанушы:
– Ресей мен Украина төңірегіндегі жағдай бүкіл әлемді алаңдатуда. Украина бірнеше жылдан бері НАТО мен Ресей арасындағы шиеленістің ошағы болып келеді. Қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін НАТО территориясының екі есе артуын Мәскеу үлкен наразылықпен және қорқынышпен қабылдады. Ресей Президенті Владимир Путин Украинаны «қызыл сызық» деп атаған болатын.
Қазіргі уақыттағы Ресей мен НАТО тарапынан жасалған бұл әрекеттер қажетсіз арандату болып табылады және дағдарысты ашық әскери қақтығысқа жақындатуда.
Шын мәнінде, бұл шиеленіс қаупі 2013 жылдан бері үнемі туындап келеді. Украинаның Еуроодаққа қосылу мәселесі көтеріліп, ол Еуромайданға ұласқан кезде Қырым мен Украинаның шығысындағы жағдай үнемі «бықсып» жататын алаңға айналды.
Батыс елдеріндегі алаңдаушылықтың өсуі Ресей әскерінің бір бөлігінің Украина шекараларына жақын орналасуы туралы мәліметтерге негізделді. Оны Мәскеу жоққа шығарған жоқ. Әртүрлі ақпарат көздеріне қарағанда, шекара төңірегінде 300 мыңға дейінгі әскердің шоғырлануы дүрбелең туғызып отыр. Әскери күштердің орналасуы жағдайды тұрақтандырмай, керісінше, үлкен қауіпті жағдай туындатуда.
«Неліктен әскерлер дәл қазір шоғырланды?» деген сұрақ Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа қойылған кезде, ол «бұдан былай шыдай алмаймыз» дегендей сипатта жауап берді. Өз тарапынан АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен тарапынан айтылған сөздер де жағдайды күрделендіруге негіз болды.
Саясаттаншуы саяси аренада саясаткерлердің аузынан шыққан әр сөздің салмақты екенін еске салады. Ол саясаткерлердің абайсызда немесе белгілі бір мақсатпен айтылған сөздері қазіргі ақпараттық қоғамда үлкен дүрбелеңге әкеліп соғатынын атап отыр. Украинаның айналасындағы жағдайды ушықтырған – саясаткерлердің мәлімдемелері. Жасалған мәлімдемелер – бұл елдердің саяси ұстанымдарына сәйкес деген ойда.
«Шиеленістің ушығуы екі қандас елге де қажет емес»
Саясаттанушы қандас екі елдің арасындағы шиеленістің ушығуы екеуіне де қажет емес деп біледі. Оның айтуынша, мұнда әртүрлі деңгейде тартылған әр тараптың өз мүддесі бар.
Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ:
-
Ресей билігі өз қауіпсіздігін және аймақтағы өз ықпалын жоғалтпауды ойлайды. АҚШ және Батыс Еуропа елдері Ресейді қандай жолмен болса да, әлсіретуді көздейді. Ядролық держава болып табылатын Ресей мен НАТО елдері тікелей соғысудың қаншалықты қауіпті екенін түсінеді. Сондықтан «үшінші» нүктеде «қырғиқабақ» соғыс жүргізу таңдалады. Дәл осы жағдай ХХ ғасырда Корей түбегінде, Ауған жерінде орын алды. Одан милиондаған бейбіт тұрғындар зардап шекті және әлі де зардабын шегуде.
Көршілерде соғыс өрті тұтана қалса, оның Қазақстанға да оңай соқпайтынын атайды саясаттанушы. Себебі, «қаласақ та, қаламасақ та, Ресеймен экономикалық, саяси және мәдени байланыстар қалыптасқан. Украина да бізге мүлде бөтен емес. Елімізде 250 мыңнан астам украиндық тұратынының өзі көп нәрсені айғақтайды. Егер шиеленіс ушықса, ең алдымен, аймақтағы саяси және экономикалық ахуалға күрт әсер етеді. Бұл Еуразияда орналасқан елдердің барлығына қатысы бар. Біздің үй шетте емес», – дейді саясаттанушы.
«АҚШ пен Ресей «көпір» үшін күресуде»
«Белгілі американдық сыртқы саясат идеологы және саясаттанушы Збигнев Бжезинский өзінің 1997 жылы жариялаған «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында әлемдік саясаттағы ең маңызды ойыншы мемлекеттердің мүдделерін сипаттады. Ол негізгі бағыттарды АҚШ пен Ресейдің әлемдік саясатқа әсері тұрғысынан қарастырды. Айта кету керек, Збигнев Бжезинский бұл елдерді мемлекеттер емес, «империялар» деп атады. Аталған мемлекеттер бақылайтын аумақтардың көлемін ескеріп, оларды империя санады.
Тағы бір қызығы, Збигнев Бжезинский Украинаны көпір елдеріне жатқызды. Атап айтқанда, ол Украина мемлекетін Ресей мен АҚШ арасындағы көпір деп атады. Сонымен қатар, осы көпірге ие күш бүкіл әлемде үстемдік ететінін атап өтті. Сондықтан, АҚШ пен Ресей осы «көпір» үшін күресуде. Екеуі де бір-бірін осы көпірден ығыстырғысы келеді.
Екі елдің арасындағы соғыстың тұтануына себеп – арандатушылық. Оған итермелейтін күштер Киев пен Мәскеуден де, Вашингтон мен Брюссельден де табылады.
Егер бұл соғыс басталса, үшінші дүниежүзілік соғыстың басталу қаупі туады. Себебі, оған Ресей мен Украинамен бірге, Еуропада да, Америка да сөзсіз тартылады. Дегенмен, бұл соғыс ешкімге керек жоқ. Әр тарап қазіргі уақытта өз мақсатына жеткісі келеді. Ол мақсаттарға да жету оңай емес. Саясаткерлер эмоцияны ақылға жеңдіріп, келіссөздер үстеліне отырады деп ойлаймын. Ресей әскерінің шекарадан кері қайта бастауы туралы хабар «оптимизмді» оятады. Сонымен бірге, Думаның Луганск және Донецк халық республикалары тәуелсіздігін мойындауға шақыруы шиеленісті тағы күрделендіретіні, айтпаса да түсінікті. Украина-Ресей дағдарысы қашан шешілетіні әзірге белгісіз болып отыр», – дейді Елдос Жұмағұлов.
Қызғалдақ АЙТЖАН.