Жаңалықтар

Алғыс айту – асыл қасиет

Алғыс айту күні қарсаңында Қарағанды қалалық жастар ресурстық орталығы мамандары мен еріктілер тобы алтын құрсақты аналарға азық-түлікке толы әлеуметтік себеттер үлестіріп, құрмет көрсетті.

Аталмыш акция #Жастарбірге әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды. Алғыс айту күні қарсаңында аз қамтылған 15 отбасыға әлеуметтік себет үлестірдік. Себет ішінде 20 келіге жуық макарон, сұйық май, шай секілді күнделікті тұтынатын тауарлар бар. Алдағы уақытта бұл акция әлі де жалғасады, – деді Қарағанды қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Якуб Джамалов.

Қарағандылық Евгения Гудожникованың 7 баласы бар. Үлкені келін кіргізіп, немере сүйдірсе, кішісі 8-ден енді асқан. Бүгінгі таңда Майқұдықта 4 бөлмелі үй жалдап тұрады. Осы аудандағы өзіне тиесілі үйі осыдан 8 жыл бұрын өртке оранып, түгі қалмай жанып кеткен. Жалғызбасты жанның күнкөрісі қиындай түскен соң, анасы ауылдан көшіп келіпті. Бүгінде өзі жұмыста болғанда анасы үйдегі кішкентайларына бас-көз болып, тәлім-тәрбиесін беруде.

Бұған дейін де азық-түлікке толы осындай себеттер әкеп беріп жүрді. Бізді назардан тыс қалдырмай көмектесіп, хал-жағдайымызды сұрап, біліп отырады. Қызым күні-түні жұмыста. Екі жұмысты қатар істеп жүр. Тапқанының бәрі пәтердің жалдау ақысына кетіп жатыр, – деді Евгения Николаевнаның анасы Наталья Клейман.

Қымбат Катренова да 7 бала тәрбиелеп отырған алтын құрсақты ана. Осыдан 4 жыл бұрын күйеуімен ажырасып, бала-шағасымен жалғыз қалған. Содан бері жалдамалы үйдің табалдырығын тоздырып келеді.

Түрлі мерекелерден бөлек, дәп осы күні аналарымызға, ет-жақындарымызға Алғыс айтуды ұмытпайық. Себебі, Алғыс айту – асыл қасиет!

Ербол ЕРБОЛАТ. 

Суреттерді түсірген А.МАРЧЕНКО.

Басқа материалдар

Back to top button