Шығармашылық үйірмелерге сұраныс жоғары

Бүгінгі таңда балалардың қосымша білім алуына мемлекет айтарлықтай көңіл бөлуде. Осы орайда балаларды тегін үйірмелермен қамту мақсатында мемлекеттің шығармашылық тапсырыс жобасы қолға алынған еді. Аталған жоба облыс көлемінде қалай іске асуда? Былтыр қандай жұмыстар атқарылды? Облыста қанша шығармашылық тегін үйірмелер бар? Осы мәселелер төңірегінде Кеншілер мәдениет сарайында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен баспасөз конференциясы өтті.

Жиынға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев, ҚОМАжҚБ-ның бухгалтерлік есепті және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жанна Кожухова, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру және мониторинг бөлімінің маманы Назгүл Байкенова және «Алтын Батыр» ЖК, Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қауымдастығының төрағасы Лана Болат, сонымен қоса, «Batyl jyreq» қоғамдық қорының өкілдері Оксана Югай және Татьяна Соковых және басқа да үйірме жетекшілері қатысты.

2021 жылдың мамырынан бастап Қазақстанда 4 пен 18 жас аралығындағы балаларды тегін үйірмелермен қамту мақсатында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жобасы басталған еді. Бүгінде Қарағанды облысында 24 бағыт бойынша 164 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде хореография, вокал, поэзия, кескіндеме, сурет салу, актерлік өнер, музыкалық аспаптарда ойнау, қолданбалы шығармашылықпен айналысу үйірмелері бар. Мұнда облыс бойынша 6407 бала қатысады.

Балаларды үйірмелерге бөлу үшін ваучерлік жүйе әзірленді. Соған сәйкес, ата-аналар ваучер беру арқылы кезекке тұрып, балаға қажет үйірмені таңдай алады. Күн сайын облыстық демалыс және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының мамандары республикада арнайы құрылған «Аrtsport.edu.kz» ақпараттық порталмен жұмыс істейді. Шығармашылық үйірмеге қатысу үшін ваучер алу, операторлар мен жеткізушілерді өзара байланыстыру үшін сол порталда тіркелу қажет.

Балалардың заңды өкілдері жоғарыда аталған үйірмелерге қатысуға 8683 өтінім берді, 7873 Ваучер іске қосылды, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев.

Шығармашылық тапсырыс бойынша үйірмелер Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Жезқазған, Сәтбаев, Саран қалаларында, Жаңаарқа және Шет аудандарында ашылған. Қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша Қарағанды қаласында 3411 баланы қамтитын 106 үйірме, Теміртауда 1421 баланы қамтитын 29 үйірме, Жезқазғанда 14 үйірме жұмысын жалғастыруда.

Басқарма өкілінің айтуынша, ауылдық елді мекендерде балаларға арналған қосымша үйірмелер құру қаладағыдай сұранысқа ие емес. Дегенмен, шығармашылық тапсырыс бойынша жұмыс істеуге ниет білдірушілерді тарту бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, үнемі консультативтік, әдістемелік көмек көрсетілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, 10-22 ақпан аралығында «Балалар жылы» аясында басқарманың бастамасымен ұйымдастырылған «Болашақ таланттар» атты форум өтті. Мұнда балалар үшін хореография, бейнелеу өнері және вокал бойынша шеберлік сыныптары, мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесулер өткізілгені айтылды.

Үйірмелерге де қойылатын талаптар болады. Бұл туралы «Алтын Батыр» ЖК, Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қауымдастығының төрағасы Лана Болат айтты.

Үйірменің талаптарға сәйкес болуы маңызды: қағидаларға сай, шығармашылық мемлекеттік тапсырыс бағдарламасына қатысу үшін сабақтарға қажетті инфрақұрылымды қоса алғанда, өз өлшемдері бар. Мысалы, үйде сабақ өткізуге жол берілмейді. Сондықтан, үйірмелер коммерциялық мекемелер болуы тиіс.

Бағдарлама іске қосылған кезде біз бірден Қарағандыда үйірмелерімізді аша алмадық. Бізде талантты жастар өте көп. Бұрынғы мейрамханадан би залын құрдық, онда балалар бимен шұғылданады. Осылайша, олар би үйренуге мүмкіндік алды. Оған өздері де, ата-аналары да дән риза. Сонымен қатар, басшылық мәдениет қызметкерлерімен әрдайым байланыс жасайды. Біз өз ісімізді одан да жақсарту үшін кем-кетікті түзетеміз және бағдарламаны жетілдіреміз, – деді ол.

«Batyl jyreq» қоғамдық қорының өкілдері ерекше қажеттіліктері бар балалармен бірге біріктірілген топпен жұмыс жасайды. Қор өкілі Татьяна Соковых ерекше балалар үшін мұндай мүмкіндік сирек, балаларды тегін қатыстыратын үйірмелер аз дейді:

– Бізде балалар хормен ән айтады, сурет салумен айналысады, шығармашылық шеберханада оқиды, конкурстарға қатысады. Менің өзімде ерекше бала өсіп келеді. Мен осындай бағдарлама арқылы білім беру мен дамытудың, ең бастысы – қарым-қатынастың жаңа мүмкіндіктері қалыптасады деп ойлаймын, – деді Татьяна Соковых.

Қызметтерді жеткізушілер ретінде мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жобасына қатысу өте тиімді екенін айтты қатысушылар. «Мемлекет осылайша балаларды ғана емес, кәсіпкерлерді де қолдайды. Педагогтер қазір лайықты жалақы алады. Бұл да қуантарлық жайт. Демек, мамандық сұранысқа ие болады. Шығармашылық пән оқытушылары кәсіпкерлік тәжірибесі болмаса да, бағдарламаға кіре алады», – дейді қауымдастық төрағасы Лана Болат.

Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру және мониторинг бөлімінің маманы Назгүл Байкенова балалар үйірмесі арасында ең көп сұранысқа ие үйірмелерді атады. Қаңтар айының мәліметі бойынша ең бірінші кескіндеме, яғни сурет салу, одан кейінгісі би үйірмесі. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасында мұндай бағдарлама алдағы жылы да жалғасын табады деген үмітте.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.