Жаңалықтар

Коммуналдық қызметке жүгіну тәртібі жеңілдейді

Биыл Қарағандыда коммуналдық қызметтердің халықпен және бизнеспен өзара іс-қимыл орнатуы үшін IQala қалалық қызметтердің бірыңғай орталығы ашылады. Барлық жастағы адамдар оқи алатын бағдарламалау мектебі пайда болады. Senim109 қызметінің әлеуеті кеңейеді. 2022 жылы тағы қандай жобалар жүзеге асырылатыны туралы Қарағанды облысы ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Рустам Байжанов айтып берді.

Қарағанды облысы цифрлық жобаларды дамыту бойынша көшбасшылар қатарында. Осындай жоғары деңгейді ұстап тұру үшін IT саланы дамыту қажет. Бұл бағытта не істеліп жатыр?

Қарағандыда техникалық база әрдайым мықты болды. 80-ші жылдардан бастап жаңа мамандықтар пайда болды. Мұнда көмір өнеркәсібіндегі процестерді автоматтандыратын болашақ қызметкерлер дайындалды. Тарихи тұрғыдан алғанда, жақсы мамандар керемет базалық білім берді. Ол дәстүр бүгінде сақталды. Қарағандыда IT компаниялардың маңызды топтары қалыптасқан. Олар мұнда жұмысын жалғастыруда. Бұл салаға көптеген адамдар жұмылдырылған. Жергілікті IT қауымдастығы әрқашан мемлекетке қиын сәттерде көмекке келіп отырды. Мен тек бір жарқын мысал келтіре аламын. Коронавирус індеті басталған кезде үш күн ішінде «Цифрлық рұқсатнама» кейсі құрылды. Бірінші күні сайтқа миллионға жуық адам кірді және платформа осы ағымға төтеп берді.

Қарағандыда «Террикон алқабы» жобасы жұмыс істейді. Оның мақсаты – индустриялық қаланы Қазақстанның IT астанасына айналдыру. Осы уақыт ішінде не істелді және қандай жоспарлар бар?

Біздің негізгі бағытымыз – бюджет қаражатын IT компанияларға емес, адами капиталды дамытуға салу. Академиялық білім және нақты тәжірибе – бұл мүлдем екі бөлек нәрсе. Біз бұл айырмашылықты барынша төмендетуге тырысамыз. Сонымен қатар, IT мамандар арасында көші-қон мәселесі өте өзекті. «Террикон алқабы» аймақтық IT-hub осы мәселелерді шешуге арналған. Жоба 5 жыл бұрын іске қосылды. Өткен жылдың қазан айында ол мемлекеттен қаржылай қолдау алды. Біз адамдарға білім алуға, өз салаларында жетістікке жеткен керемет мамандармен тікелей қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береміз. Жаңадан келгендермен тәжірибе алмасатын белгілі бір жетістіктерге жеткен адамдар шақырылады. IT және digital-қоғамдастықтар, стартаптар және облыс оқытушылары үшін 100-ден астам іс-шара өткізілді. Оларға бір жарым мыңнан астам адам қатысты. 120-дан астам маркетинг, IT және бизнес саласындағы өзекті мамандықтар бойынша оқығанын растайтын сертификаттар берілді. Қалада IT компаниялар қызметкерлерінің санын 10 мың адамға дейін арттыру міндеті тұр. Қарағандылық IT-hub тек IT саласында ғана емес, стартаптарды алға жылжытуға және сатуға, сондай-ақ, әрекет етіп тұрған бизнестерді дамытуға көмектеседі.

Биыл қандай қызықты жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде?

Қарағанды цифрландыру бойынша үшінші орында, Алматы мен Елордадан кейін екінші орында. Өткен жылы мемлекеттік қызметтер саласында жеті миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың 90%-ға жуығы электронды түрде алынды. Жыл сайын біз жаңа жобаларды жүзеге асырамыз. Биылғы жылы да жаңалықтар болады. IQala жұмыс атауымен бірыңғай ақпараттық жүйе ашуды жоспарлап отырмыз. Ол офлайн және онлайн жұмыс істейді. Барлық коммуналдық қызметтерді бір жерге жинап, оларға бір жұмыс күні ішінде өтінішке жауап беру регламенті қойылады. Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтерді ұсыну, техникалық шарттарды беру және басқа бойынша монополистермен келісімшарт жасасу процесі көзбе-көз қатысуды талап етеді және бірнеше күннен бірнеше айға дейінгі уақытты алады. Бұл өте ұзақ және ыңғайсыз. Сондай-ақ, ұлттық жоба аясында заманауи бағдарламалау мектебін ашу жоспарлануда. Оқу орны веб және мобильді әзірлеуде, графикада, жүйелік бағдарламалауда маманданған әзірлеушілерді дайындайтын болады. Әлеуметтік мәртебесі мен университеттік білімінің болуына қарамастан, кез келген кәмелетке толған қарағандылық мектепке түсе алады. Ең маңызды артықшылығы – қабылдау үшін негізгі бағдарламалау дағдыларының қажеті жоқ. Оқу ақылы да, ақысыз да болады.

Senim109 оралығы қалай дамиды?

Senim109 қызметі 2019 жылдың қараша айында пайда болды. Бұл бірыңғай үйлестіру орталығы қаланың барлық коммуналдық кәсіпорындарын біріктіреді және қала тұрғындарымен байланыс орнатудың бірыңғай нүктесі болып табылады. Біз тоғыз қала мен тоғыз ауданды бір жүйеге біріктіре алдық, бұл 1,3 миллионнан астам халқы бар 329 елді мекен. Оған қоса 200- ден астам коммуналдық қызмет. Өткен жылы жобаға 103 жедел медициналық жәрдем диспетчерлік қызметі, сондай-ақ, 112 кезекші қызметі көшірілді. Жұмыс барысында өңір тұрғындарынан 300 мыңнан астам өтініш қабылданды. Оның ішінде өтініштердің 76%-ы бірінші қоңыраудан кейін бірден шешілді. Барлық коммуналдық қызметтер қосылған, енді біз даму жағына қарай жылжып келеміз. 2022 жылға арналған жоспарда мүмкіндігі шектеулі адамдарға сурдоаудармамен бейнеқоңырау функциясын енгізу бар. Сондай-ақ, өтініштер ағылшын тілінде қабылданады және дауыстық бот енгізіледі. Байланыс орталығын ICCCI халықаралық стандарты бойынша сертификаттау жоспарлануда. Байланыс орталықтарын ISO 18295 стандарты бойынша сертификаттау – бұл кез келген ұйымның байланыс орталықтарында клиенттерге көрсетілетін қызметтердің сапасын растаудың ең беделді және кәсіби жүйесі. Тағы бір жақсы жаңалық – Senim109 қызметі жыл сайынғы «ТМД-дағы үздік байланыс орталығы» байқауының финалына шықты. Жақын арада комиссия орталықты тестілеуден өткізеді. Жеңіске жетеміз деп үміттенеміз.

Цифрландырумен облыстың жол құрылымы да қамтылған. Бейнежазу камераларының ұлғаюы жүргізушілерге жағымды әсер етеді – ЖКО, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері аз. Тағы қанша және қай жерлерде жаңа бейнебақылау жүйесі пайда болады?

2021 жылдан бастап азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды жобалардың бірі «Қауіпсіз қала» іске асырылды. Тәулік бойы облыс қалаларындағы жағдайды Senim қызметінің қызметкерлері бақылап отырады. Бұрын әрбір қала мен ауданның мердігермен бейнебақылау жүйесіне келісімшарты болатын. Біз бұл жүйені орталықтандырып, камералар санын екі есе арттырдық. Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Сәтбаев, Саран қалалары және Осакаров кентінде 3 671 камера және жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 110 кешен жұмыс істейді. Алғашқы нәтижелер бар: өткен жылы облыс жолдарында апаттылық төмендеді. Зардап шеккендермен болған жол-көлік оқиғаларының саны 9%-ға азайды. Енгізілетін цифрлық шешімдердің арқасында адами факторды жоюға және сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін жағдайларды жоюға болады. Биылғы жылы бірнеше қалада мыңға жуық бейнебақылау камералары мен жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 100 кешен орнату идеясы бар. Ауылдық аудандарда орталықтандырылған бейнебақылау жүйесіне әзірше қажеттілік жоқ.

Ауыл тұрғындары туралы сөз қозғар болсақ, шалғай елді мекендердегі интернетке қатысты жағдай қашан жақсарады?

Қазір халықтың 97%-дан астамында интернет қолжетімді. Қарағанды облысы ең урбанизацияланған өңір. 100-ден астам ауыл бар, онда интернет жоқ, тіпті ұялы байланыс жоқ. Олардың әрқайсында 250-ден аз адам тіркелген. Әрине, біз бұл мәселені үнемі бақылауда ұстаймыз. Өткен жылы және осы жылы 53 ауылдық елді мекенде мобильді байланыс және интернет сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылға дейін 42 ауылдық елді мекенде кең жолақты интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, қолданыстағы байланыс желілеріне функционалдық толықтыру ретінде цифрлық даму министрлігі OneWeb, Starlink және SES (И. Маск) компанияларымен бірлесіп, шалғайдағы ауылдық елді мекендерді қамтамасыз ету үшін геостационарлық емес спутниктік орбиталық жүйелер технологияларын енгізу арқылы мобильді интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесін пысықтауда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button