Рухани жаңғыруРуханият

Cырбай әлемі сыр шертті

«Біз бала кезімізден бастап Сырбайша оқуға, Сырбайша жазуға, Сырбайша сөйлеуге ұмтылып өскен ұрпақпыз. Сырбай – тек өз мектебі бар ақын ғана емес, қазақ поэзиясын жарқыраған жаңа кезеңге көтеріп бере алған кемел құбылыс. Бұл тұрғыдан келгенде Сырбай – қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі» деп баға берген екен Әбіш КЕКІЛБАЕВ. Осы орайда ақын шығармашылығын насихаттау мақсатында Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сырбай МӘУЛЕНОВТІҢ 100 жылдығына арналған «Сыршыл жырдың саңлағы» атты әдеби еске алу кеші онлайн әрі офлайн форматта өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Алдымен, Сырбай Мәуленовтің өмірі мен шығармашылығы хақында бейнежазба ұсынылып, сұңғыла шайырдың еңбектерінен әзірленген кітап көрмесіне шолу жасалды. Біртуар ақынның сан қыры жөнінде тың деректер айтылып, әрлі әңгіме өрбіді. Кеш қонағы филология ғылымдарының докторы, профессор Мәуен Хамзин Сырбай ақынның табиғи таланты мен қаламының қуаты жайлы кеңінен айта келіп, есті естелігін ортаға салды.

«Бірде Сырбай Мәуленов бастаған бір топ ақын-жазушы Шет өңіріндегі бір совхозға елмен кездесуге келіпті. Оларды көрген совхоз директоры Зәкір Көкжалов: «Бұл ақындар сонау гүл көмкерген Алматыдан мына шөлге не іздеп келді екен?», – депті. Сонда Сырағаң гүр етіп:

«Шөлден көл іздеп жүрміз,

Елден ер іздеп жүрміз,

Көкжал болып атағы шыққан,

Соның ішінде сені іздеп жүрміз», – депті.

Риза болған әкім қонақтарды күтіп, елді аралатып, сыйлап шығарып салады. Кетерінде Сырағаң бұл өлке туралы бір жақсы дүние жазатынын айтады. Арада біраз уақыт өтіп, Сырбай ақыннан хабар болмаған соң, совхоз директоры оған:

«Шөлден көл іздеп таптың,

Елден ер іздеп таптың.

Көкжалға тісің батпады ма,

Үнсіз қалай жатсың?

Қойлы ауылды аралап,

Жазам деп ең очерк.

Жазбасаң жазба Сыраға,

Айтпашы бірақ өтірік» деп хат жолдаған екен. Қандай әдемі әзіл! Осыны Алматыда бір кездескенде осы өңірден екенімді біліп, Сырағам маған айтып берген еді. Бұл сол заман адамдарының сыйластығын, жарасымды әзілін ақынның айтқыштығын аңғартады. Сырбай көп ақындар сияқты поэзиямен ғана шектелмей, сөз өнерінің бірқатар жанрына қалам тербеп, соңына 40-тан астам кітап қалдырған классик ақын. Іргелі республикалық газетті басқарған білікті журналист. Балаларға арнап та көп еңбек жазып, басына қандай қиын күн туса да, ешкімнің ығына жығылмай, жанын таза сақтап қалған», – деді Мәуен Хамзаұлы.

Ақынның сөзіне жазылған «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнін Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Ақниет Казимова әуелетті. Сондай-ақ, С.Мәуленовтің «Туған жер» өлеңін аталған оқу ордасының студенті Ануарбек Қадыров, «Ақын сезімі» жырын Мәдениеш Маралжан, «Еділ жағасында» өлеңін Еркін Мөлдір, «Көктем көрінісі» жырын Аружан Әділханқызы, «Жаңғырық» өлеңін Балхаш Еркемай, «Бір шыбықта…» туындысын Толқын Амантаева, «Аманат» жырын Жансая Жанатова оқыды.

Ақынның ұлы, заң ғылымдарының докторы, профессор Қасым Сырбайұлы Мәуленов Алматы қаласынан онлайн қосылып, отбасы туралы деректермен бөлісті. Айтуынша, ол Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде заң факультетінде дәріс оқыған екен.

Қарағанды жаныма жақын. Академик Е.Бөкетовпен бірнеше рет кездесіп, әңгімелескен едім. Әкемнің биылғы ғасырлық мерейтойын сіздер бастап жатырсыздар. Нұргүл Қасымханқызы бастаған кітапхана ұжымына, шараны ұйымдастырған «Сирек кітаптар мен қолжазбалар және музей жәдігерлері» бөлімінің басшысы Жұлдыз Қатаеваға мың алғыс. Қасым Аманжолов пен Сырбай Мәуленов аға-дос әрі құда болған. Біз отбасымызда 7 баламыз. Әке-шешеміздің арқасында бәріміз жоғары білім алдық. Шешеміз Күлжамал – Ахмет Байтұсыновтың ең үлкен ағасы Қали Байтұрсыновтың ұлы Әмір Қалиевтің қызы. Біз осындай әулеттің баласы болғанымызға мақтанамыз. Әкем өте көп жазатын. Өз дәуірінің барлық шындығын жырлап өтті. Кейде көңілі толмай, жыртып тастаған қолжазбасын шешем желімдеп, әкеме көрсетіп, ондағы тың ойларды атап көрсеткенде, әкем таң қалып, қайта сақтап қоятын. Олар бізге қашанда үлгі, – деп Қасым Сырбайұлы әкесінің қаламға адалдығын ерекше атап өтті.

Суденттер Қасым Сырбайұлына өздерін қызықтырған сауалын қойып, тұшымды жауап алды.

Кейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Жанайдар Жұмагелдин Сырбай Мәуленовтің қазақ әдебиетіндегі орнына, соғыс тақырыбы мен табиғат көріністерін жырлаудағы ерекшелігіне, «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Түбірлер» сынды бөлек туындыларының жазылу тарихына, ақынның азаматтық-қайраткерлік тұлғасы мен өзінен кейінгі буынға көрсеткен өнегесіне кеңінен тоқталды.

Ал, Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Мәуленов атыңдағы №37 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Мырзағұл мен Қостанай қаласындағы С.Мәуленов атыңдағы гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Міркемел өз білім ошақтарындағы классик ақынның мұражайымен онлайн таныстырып, №37 мектеп-лицей оқушылары ақын жырларын мәнерлеп оқыды.

Бұдан бөлек, Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының «Сирек кітаптар мен қолжазбалар және музей жәдігерлері» бөлімінің қітапханашысы Жанат Шпанова өз баяндамасын жұрт назарына ұсынып, Жайық Бектұровтың Сырбай Мәуленовке жазған хаттарынан үзінділер келтірді.

Осылайша, Қостанайдың киелі топырағында туып, Сырда ер жеткен Сырбай ақынға арналған әдеби кеш жастардың зейінін ашып, қызығушылығын оятты.

Академик Серік Қирабаев: «Сырағаң өлеңді Қызылордада жаза бастады. Киелі сыр елі шабытына шабыт қосқан. Ақындық талантының шарықтауы Ұлы Отан соғысы жылдарына тура келді. Майдан өмірі көп адамды шындықтың не екенін, өмір мен өлім үшін күрестің не екенін ұқтырды. Сырағаң солай ойшыл ақын болып қалыптасты», – деген екен.

Классик ақын, публицист, сыншы, сатирик әрі білікті редактор болған Сырбай Мәуленовтің сырлы әлемі қанша заман өтсе де, өз дәуірінен сыр шертіп тұрары анық.

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button