Бас тақырып

“Жоспарды бер, болмаса жаныңды бер” немесе кондуктордың бір күні

Өз басым автобуспен көп қатынайтындардың қатарындамын. Былтыр қаланың Оңтүстік-Шығысында тұрған соң жұмысқа қалаішілік маршрутпен келетінмін. Қазір 45-ықшамауданға көшкендіктен, жұмысқа жаяу тартамын. Жексенбілік демалыста Майқұдыққа бара қояйын деп едім, автобусты біраз күттім. Аялдамадағылардан да маза кетті. Аяз да бетті шымшып барады. Алдыңғы жылы «Қалаға пәленше жылы аялдама орнатылды» деп еді. Аяғыңнан сыз өтіп, балтырыңыз қақсағанда әлгі аялдаманың біреуін де таппай қаласыз. Араға 10 минут салып №43 автобус «Жаңа базар» аялдамасынан Майқұдыққа бет алды.

Құлаққап тағып алып, бірін-бірі аңдыған автобус жүргізушілері. Ұйқысы қанбаған кондуктор. Таңның атысы, кештің батысы бір ізбен әрлі-берлі қатынап жүрген оларды көргеніңізде бірінші ойыңызға не келеді? Одан қалаберді, кейбір қала тұрғындарының мазаны алатыны тағы бар. Қаладағы кісі көп мінетін жолаушылар көлігінің бірі – №43 автобус. Соған сәйкес, автопаркке тапсыратын күнделікті жоспары да басқалардан жоғары. Кондуктордың жұмысымен танысу үшін бір күнімді автобуста өткіздім.

43 автобус

Таңғы сағат 5:45. Көзімді тырнап ашып, Майқұдықтағы №3 автопаркке жеттім. Кесте бойынша 6:00 жолға шығатын уақыт. Барғанымша автобус жүргізушісі Сырым Ахметқан тұлпарын сайлап, бакты жанармайға толтырып үлгерген. Тек, күнделікті жұмыс жоспары мен билетті алуға ішке кірген кондуктор Нұрхат Санақовты күтіп тұр.

Автобусты күтіп-баптау – жүргізушінің мойнында. Әлбетте, салонды жуып-шаю – оның міндеті емес. Жүргізушінің күні автобусын жолға сайлаумен, кондуктордікі – жоспар орындаудан басталады. Жоспар дегеніңіз – кешкісін автопаркке тапсыратын ақшаңыз. Алайда, күнделікті жоспарды мүлтіксіз орындау үшін 5 минут ерте шығатын көрінеді. Жоспарды алғаныңда «сдача» қайтару үшін қолыңа ұсақ тиын да бермейді. Алғашқы айналымда қолыңа ақша түскенше өз қаржыңды пайдаланасың. Нұрхаттан жұмыстың жай-жапсарын біліп, іске кірісіп кеттім.

Күн – дүйсенбі. Алғашқы аялдамадан-ақ жолаушылар қарасы қалың. Соңғы аялдамадан шыққан автобус «Восток» аялдамасына жетпей лық толды. Жұмысқа асыққан жұрт… Адам көбейген сайын жолақысын да алу қиындай түседі. Қалаберді, алғашында жолақысын кімнің беріп, кімнің бермегенін есіңе сақтау тіпті қиын.

Жоспар бойынша №43 автобус кондукторы мен жүргізуші 63 200 теңге өткізуі керек. Таңның атысы, кештің батысы әрлі-берлі 9 рейс жасалуы тиіс. Ал, алдыңдағы автобуспен арадағы интервал – қалыпты 5 минут. Былай қарасаңыз арасы бір аялдама. Ал, демалыс күндері күнделікті жоспарыңыз – 61 400 теңге.

Майқұдықтан шыққан автобус Оңтүстік-Шығыстағы «30-ықшамаудан» аялдамасына келіп тоқтайды. Кептелісті қоса есептесеңіз 1 сағат 25 минут. Ал, кейбір уақытта ұзын-сонар кептеліске тұрып қалғанда автобус жүргізушілері уақытынан әрі кептелістен айналып өту үшін үй арасындағы жолдармен жүруге мәжбүр. Осындайда қалада автобустарға арналған арнайы жолақтың керек екені білініп-ақ қалды.

Лық толы салон – «Час пикте» ғана

Автобустың ішінде теңселе жүріп жолақысын жинаймын. Әрі жолаушылардан ананы-мынаны сұрап та жүрмін. Жолаушылардың ішінен Анар есімді азаматша жұмысқа үнемі автобуспен қатынайтындардың қатарында екен.

– Жұмысқа Майқұдықтан барамын. Маған автобус ыңғайлы. «Ласточка» аялдамасынан қалаға баратын кез келген автобусқа отырамын. Кейде асыққанымда такси аламын. Ал, олардың бағасы аспандап тұр. Кейде мен отырған автобус таңертең «Восток-3» аялдамасына келгенше толып қалады да, одан кейінгі аялдамаға тоқтамай өте шығады. Сол аялдамадан мінетін адамдар жұмысына «пересадкамен» баруға мәжбүр, – дейді ол. Ал, Гүлдария есімді азаматша:

– Жұмысқа келу үшін «30-ықшамауданнан» мінемін. Автобус уақытында жүреді. Алайда, «Базар» аялдамасына келгенде, 5 минуттан астам тұрады. Өзің жұмысқа асығып тұрғанда шыдамың таусылады. Сөйтіп, кондукторларға айтамыз. Олар, «қазір енді 2-3 минут» деп, уақытын көрсетіп асықпай тұра береді. Өткенде осындай жағдай орын алды. Асығып бара жатқандықтан, басқа автобусқа ауысып отыруыма тура келді, – деді.

Жолаушылардың айтқан мәселесінің басым бөлігі – осы тақырыпта. «Неге?» деген сұрақ туындайды, әрине. Осының бәрін көзбен көру үшін жағдайды бақылап көрдік.

Барлық маршруттың интервалы – 6-5 минут аралығы. Әр аялдамаға 2 минут тоқтауы қажет. Алайда, аялдама уақыты жүргізуші үшін аз. Себебі, осы уақытта салонға халық көп жинала қоймайды екен. Сондықтан, кейбір аялдамаларға көп іркілмей, уақытының бәрін орталық аялдамаларға жинайды. Одан қалаберді, уақыттан ұту үшін таңертең 5 минут болса да ерте шығады. Бұның бәрі – күндік жоспарды орындау үшін жүргізушілердің айла-тәсілі.

Салон тек «час пик» уақытында толы болса, қалған уақытта бос қайтады. Бұл жүргізуші мен кондуктор үшін тиімсіз. Жоспар орындалмаса – айлығы қиылады.

Бас ауруы – күндік жоспар

№3 автопарк – қаладағы ең ірі автопарк. Ал, автопарк – колонналарға бөлінеді. Әр автобустың соңғы аялдамасында орналасатын осы колонналар. Кешкі рейс аяқталғанда жанармайын толтырып, колоннаға әкеп қойып кетеді.

Автопаркте №43 бағыт бойынша шығатын 30 автобус бар. Қазірде оның 25-і жұмыс істеп тұр. Жартысы Майқұдықтан, қалғаны Оңтүстік-Шығыстан шығады. Яғни, екіге бөлінген.

Сырым Ербатырұлының осы салада істеп жүргеніне 10 жылға жуықтаған. Алғашқыда кондуктор болып келген ол 7 жыл жұмыс істеп, жүргізушілікке ауысқан. Мұнда жалақы да күндік жоспардың орындалуына қарай төленеді. Демек, жүргізушінің де, кондуктордың да бас қатыратын басты мәселесі – күндік жоспардың орындалуы. Бұдан бөлек, жүйелік жоспар деген де бар. Мәселен, №43 автобустан 25-і бар десек, әрқайсы өзіне берілген күндік жоспарды орындауы шарт. Яғни, бригадалық жұмыс. Ал, ай соңында күндік жоспарды ойдағыдай жапсаңыз, жүйелік жоспардың орындалғаны. Ол үшін қосымша белгілі бір сомада сыйақы төленеді. Жоспар орындалмаса, орнын толтыру үшін мекеме басшылығы айлығыңыздан ұстайды.

– Қазіргі біздің басты мәселеміз – күндік жоспар. Жоспар орындалса – жалақы да жақсы. Сол үшін барынша жылдам жүруге тырысамыз. Әрі әр аялдамада көрсетілген уақытынан сәл көп тұрып, адам жинаймыз. Егер аялдамаға келіп, бөгелмей кетіп қалсаңыз, жоспар орындалмай қалады. Негізі, жолаушылардың басым бөлігі – студенттер. Осы айда қалада ешкім қалмағандықтан, жоспар орындалмай қалып жатыр. Майқұдыққа кірсеңіз, барлық автобустың жүретіні бір жол. Енді ойлаңыз, біз жылдам жүріп, басқаларының алдына шықпасақ, біраз ақшадан қағыламыз, – деді автобус жүргізушісі.

Мәселен, рейс барысында автобус бұзылып немесе түрлі апаттық жағдайлар орын алса, сол уақытқа дейін тапқаныңды өткізесіз. Егер, апаттық жағдай орын алып, кінәлі болсаңыз – шығынды қалтаңыздан төлетеді. Кінәсіз болсаңыз, автопарк басшылығы сот арқылы кінәліден өндіреді.

Әлеуметтік желі арқылы танылған Айдос Ариновтың осы салада жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асыпты. Бұған дейін бригада жетекшісі болған. Автопарктердегі мәселелерді көтеріп жүрген жандардың бірі. Жұмыс арасында демалыста жүрген Айдос ағамызбен кездесіп, аз-кем әңгімелестім.

– Еңбек кодексінде аптасына 40 сағаттан астам жұмыс істеуге болмайды делінген. Алайда, біз бұны әлдеқайда асырып жібердік. Осы мәселені талайдан бері көтеріп жүрмін. Құлақ асқан ешкім жоқ. Қазір қоғамда автобус жүргізушілері, кондукторлар жөнінде көп айтылады. Таңның атысы, кештің батысы еңбегімізді айтып, құқығымызды қорғаған ешқайсы жоқ… Жұмыс істелген соң жалақысы да соған сай болуы қажет. Жекеменшік автопарк болса да, тікелей қоғаммен жұмыс істейді. Ал, қоғаммен жұмыс істеген соң оған қойылатын талап та, жүйе де болуы тиіс. Неге біз мысалы бастауыш сынып оқушыларын тегін тасымалдамаймыз? Дап-дардай адам бастауыш сынып оқушысынан ақша алып тұрғанда ыңғайсызданады екенсіз. Кейбір балалар қолындағы ақшасын жеткізе алмайтын кездер де болған. Тіпті, бергілері де келмейтіндер бар. Себебі, бала болған соң мектептен тәтті алғысы да келеді, – дейді ол.

ONAY!-мен оңай ма?

OnaY!-мен оңай болды деп жүргенімізде, кондуктордан айласын асырып, сан соқтырып жүргендер де бар екен. Сондай жағдайлар қайталанбас үшін автопарк басшылары арнайы тексеретін мамандарды жұмысқа тартқан. Қазір қалада 10-нан астам «контролер» жұмыс істейді. Олар әр автобусқа кіріп, қолындағы құрылғысымен жолаушылардың төлем карталарын тексеріп шығады.

– Бізге қазір OnaY!-мен жұмыс істеу қолайсыздық тудырып тұр. Себебі, мұнда бұрынғы «Smardcard» секілді жиналған сома көрінбейді. Қазірдің өзінде қала тұрғындарының жартысы жолақысын электронды түрде төлейді. Жасыратыны жоқ, OnaY! келгелі қолға түсетін ақша азайды. Аппарат арқылы қанша ақша түскенін де көріп, біле алмаймыз. OnaY!-дың мамандарынан осы мәселе бойынша сұрасақ, «түскен ақшаң көре аласыз. Оған құқығыңыз бар» дейді. Ал, диспетчерге хабарлассақ, «кешке келгеніңізде қолыңызға шығарып береміз» деп тұтқаны қоя салады. Қолдағы ақша аз шықса, тыпырши бастаймыз. Егер жоспарды орындай алмай қалсақ, айлық ұсталады. Екіншіден, жүйелі жоспар бұзылады. Егер ол бұзылса, бригадаға төленетін сыйақы жоқ. Біреудің кінәсі үшін бәрінің айлығын қиған кімге жақсы?! – дейді Нұрхат Санақов.

Электронды төлемнен күніне шамамен 18-20 мың аралығында түседі. Мұның ішінде студенттік, әлеуметтік және басқа да жеңілдіктерді пайдаланушылар, айлық жол жүру билеті (проездной) бар 300-400 адам қолданады. OnaY!-мен төленген жолақысының бәрі әуелі қала әкімдігіне, жұмыс соңында автопаркке аударылады. Диспетчер компьютер арқылы аппараттан қанша түскенін көре алады екен. Алайда, «артығын қалтаға басады» деген оймен осындай айла-тәсілге көшкен. Бірақ, мына жақта «планды» орындай алмай, шырылдап жатқанымызды біліп пе?! OnaY! келгелі ел арасында «кондукторлар жұмыстан шығады» деген қауесет желдей есті. Бұл мәселе – әлі де күшін жоймаған. Алайда, қарағандылықтардың тең жартысы әлі онлайн төлемге көшпегендіктен, оны кейінге шегеріпті. Сонымен қатар, 1 ақпаннан бастап жолақысы қолма-қол төлегендер үшін екі есе көтеріледі деген де сөз болды. Бірақ, тұрғындар әлі де толық электронды төлемге көшпеген. Егер бағаны бірден көтерсе, жағдай ушығары анық.

– Автопаркте жұмыс істеп жүргеніме 9 жыл. Осы уақытқа дейін жоғарыдағылардың бекіткен жоспарын ойдағыдай орындап жүрміз. Осында істегендердің алды 10 жылдан асыпты. Енді келіп, OnaY! орнатады да «кондукторлар керек емес» дейді. Сонда біз қайда барамыз? Асырап отырған бала-шағамыз, отбасымыз, әке-шешеміз бар. Ең өкініштісі, талай жыл еңбек етіп, кіріс кіргізіп отырған бізді жай ғана жұмыстан шығара салуы, – деді демалыста жүрген кондуктор Абылай Бейсембаев.

«Аянып жүрген «Бөдес» жоқ»

Автобустағы орындық саны – 33. Бұған тағы түрегеп тұратын 40 адамды қосыңыз. Майқұдықтан шыққан салон толы автобустан түрлі санаттағы карталармен қосқанда 6 000 теңге көлемінде түсті. Бірақ, мұндай лық толы салон таңертеңгі уақыт пен кешкілікте ғана. Басқа уақыттары мұндай ақша түсе бермейді. Күнделікті жоспарды орындау үшін қаланың о шеті мен бұл шетіне жасаған бір рейсіңнен 7 000 теңге түсуі шарт. Сонда 9 айналымыңнан жоспарыңыз орындалды дей беріңіз.

– Таңның атысы күннің батысы дамыл таппау оңай емес. Және жолаушылардан күнде бір сөз естисің. Бұған қарағанда ауысыммен істейтін қара жұмысың әлдеқайда артық. Ауысыммен шығып, белгілі бір уақыт жұмысыңды істеп келесің. Демалысыңда оны-мұны шаруаларыңды бітіруге уақытың болады. Ал, кондукторда ондай да жоқ. Демалыс күндері бір шаруа бітіре қояйын десең, барлық мекеме жабық. Дегенмен нан тауып, су ішіп отырғаным – осы жұмыстың арқасы. Жетісіп жүрген ешкім жоқ, – деді Нұрхат Санақов.

Күнделікті жанармайыңа деп автопарктен 125 литрге талон беріледі. Бұл жаңа автобустарға 8 айналымға жетеді. Қосымша талон алып, соңғы айналымға жолға шығып барамыз. «Былтыр Майқұдықтың жолы әбден шаршатты» дейді автобус жүргізушісі. Әрине, кедір-бұдыры, айналмасы көп жол қажытып жіберетіні анық. Биыл жол оңалып, жылдағыдай кептеліс те, кешігу де азайған екен.

Түйін

Жұмыс уақыты тәмам. Шаршап-шалдығып соңғы рейсті ойдағыдай аяқтадық. Сырт көзге кондуктордың жұмысы оңай болып көрінер, бәлкім. Жолақысын алып, билет тарату… Алайда, «Әмбебап» кондуктордың бір басында атқаратын жұмысы да көп. Біріншіден, жолаушылардың қажетті аялдамасын жариялап отыратын экскурсия жетекшісі… Жолаушылар арасында дау-дамайды шешетін дипломат… Тіпті, көзің ілініп кеткенде ұйқыңнан оятатын «будильник»… Ал, осының бәрін бір сөзге сыйдырсақ, қоғамдық көлікті кондукторсыз елестету мүмкін емес екен. Автобуста өткізген бір күнімде осыны түйдім!

P.S. Бүгін күндік жоспар орындалмай қалды. 5 000 теңге жетпеді.

Ербол ЕРБОЛАТ. 

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ

Басқа материалдар

Back to top button