Бас тақырыпМәселе

Қымбатшылық қамыты

Жексенбілік таңмен таласа базарға шықтым. Күн жылы, жел жоқ. Кісі қарасы аз болғаннан ба, автобус та біраз кідіріп келді. Аялдамадан түсіп, аяңдап келемін. Кісі аяғы саябыр. Әредік дүңгіршек-дүкендерінің ашып жатқан бірен-cаран сатушылар ғана көрінеді. Келген себебім, демалыстағы базарды көру. Сауда қалай, баға қандай?

Алдымен, макорон өнімдерін сататын дүкенге кірдім. Түрлі тауар өндірушілерінің өнімдерінен көз сүрінеді. Рожкидің бағасын сұрап едім, ұйқысы қанбаған ба, әлде сөз саптасымнан кім екенімді біліп қойды ма, селсоқ қана «біздегі тауар көтерме бағамен сатылады» деді. Алатын адамша «мағанда керегі сол» деп бағаларды сұрай бастадым. Бір қарағанда көңілге қонымды. Себебі, бұл жердегі тауарлар көтерме бағамен сатылады. Яғни, шағын дүкен иелері осы жерден алып кетіп, өз бағасын қосып, келілеп саудалайды. Бір сағаттың мұғдарында өзіме керекті заттардың бағасын білдім. Таңертеңгідей емес, дүкендердің алдына жүк көліктері тола бастапты. Бұлар – алыс елді мекендерден келген алыпсатар-шағын кәсіпкерлер. Қолдағы қатпар қағаздағы тауар тізімін айтып жатыр, тіпті аузы аузына жұғар емес, сырттан тыңдап тұрған мен шатасып қалдым. Бұлар үйреніп алған, бір-бірін айтпай-ақ түсінетін секілді. Қап-қап, жәшік-жәшік тиеп жатыр. Үсті басы ақ ала жүк тиеушінің не жаны қалды екен? Күні бойғы көретіні осы ғой. Қайтсін… қара қазан, сары баланың қамы үшін осылай жегілмеске амал бар ма? Сондағы алатыны – күнделікті мардымсыз нәпақасы. Жұмыс қызатын демалыс күндері 15-20 мың теңгеге дейін қалтаға басады екен. Кешке сүріне басып, сай-сүйегі сырқырап үйіне қайтады. Күнделікті тіршілік осылай жалғаса береді. Бұған да еті үйренген.

– Сұйық майдың бағасы түскен бе? Есесіне қарақұмықтың бағасы көтеріліпті. Бұл қайда барады? Бір қап берсең жетеді. Мен қосқан бағамен ауылда ешкім алмайды. Одан да арзандау рожкидің әр түрінен бер. Қымбат алған тауарға аз-кем қоссаң тұтынушылар ашуланады. Мен жасап отырғандай. Одан да жоғарыдағыларға айтпай ма? – деп саудагер келіншек атұрынып тұр. Қайтсін енді. Еріккеннен ешкім жүрген жоқ. Бәрі күнкөрістің қамы. Бәленбай шақырымнан көлік жалдап келеді. Тауарды жеткілікті алғанымен, асыра сілтеп баға қойып сата алмайды. Өйтсе, тауар өтпей айналым болмай қалады. Дүкен көп, кім бағасын төмен қойса, сонікі жылдам өтеді. Тұтынушы да удай қымбатқа ұрынбайды. Ақ адал ақшасына алып тұрғаннан кейін, баға таңдауға толық құқылы. Оның үстіне, саудадағы бәсекелестік тағы бар.

 

Базарда әңгіме қызу. Әркім өзіне керектісін алады. Саудаласады-ай келіп. Бұл жерден көтерме бағамен алынған тауар бағасы шағын дүкендерге түскенде шарықтай түседі. Мәселен, базарда қанттың 25 кг. қабы 6700 теңге болса, келісі 268 теңгеден шығып тұр. Ал, дүкенде келісі 328 теңге, яғни 60 теңге қосып сатылуда. Бұл тек қаладағы дүкендерде. Шалғайдағы елді-мекендерде келісі 400 теңгеге дейін барады екен. Ұн өндіруші атауы мен сортына қарай орта есеппен 25 кг. қабы 4200, 50 кг. қабы 7900 теңге, келісі дүкендерде 190380 теңге көлемінде. Келісіне үстеме 25-50 теңге шамасында қосылады. Қарақұмықтың келісі 540-550 теңге, сұйық майдың литріне пара пар. Жұмыртқа сортына қарай данасы 25-27-30 теңгеден. Халық көп тұтынатын шайдың бағасы 770-980 теңге аралығында. Көкөністердің бағасы шарықтап тұр. Тек жаздың күні ғана бағасы түсетін қызанақ-қияр бұл күндері келісі 1800-2200 теңгеден. Осылайша тізбектей берсек, баға да өсе бермек.

– Үйде 5 жанбыз. Бәрі жұмыс істейді. Шалым екеуіміз – зейнеткерміз. Зейнетақымыз 250 мыңның маңайында. 200 мыңы тамаққа кетеді. Қалғанын дәрі-дәрмекке, батаға деп іркіп отырамыз. Қазір той да болмайтын болды ғой. Ол да ақша үнемдеуге үлкен көмек. Киім алуды қойдық. Балалар әкеп беріп жатады. Жекеменшік баспанамыз бар. Оған да шүкір. Жалдамалы үйде жүргендер қалай күн көреді?! Жастарға обал. Киінгісі, қыдырғысы келеді. Бәрі – қымбат. Бұл қалай болар екен, тіпті болжап болмайсың,-деп жүре жауап берді, өзін Рауза деп таныстырған егде жастағы кісі.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргі инфляция өзгеше. Ведомство сонымен қатар бұған жаһандық пандемияның, оның ішінде логистика саласындағы олқылықтар мен сұраныстың әсер еткенін алға тартады. Осы орайда, 2022-2024 жылдары азық-түлік инфляциясын 5-7%-ға дейін, азық-түліктік емес тауарлар инфляциясын 5%-ға дейін, ақылы қызметтерге тарифтерді 4%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.

Еңбекақы мен зейнетақы өскен сайын сәйкесінше кез-келген тауардың бағасы да көтеріле береді. Табыстың азды-көпті өскенін бағамен салыстыра алмайды. Сағат сайын өсетін ежелгі аңыз-ертегілердегі батырлар секілді баға да күн сайын құбылып тұрады. Оған қарап тамақтанбай отыру мүмкін емес. Қарыздансаң да аш жатпайтының белгілі. Тіпті кейінгі кезде банктер несиеге тамақ алуды да шығарып қойған.

Қазіргідей індет өршіп, ағза әлсіреген тұста халық тұтынатын күнделікті тауардың бағасы қолжетімді болғаны маңызды. Баға тұрақталады дегенмен, нәтижесі жоқ. Қарақұмық пен қанттың бағасы импортқа тәуелді десек, өзіміздің отандық өнімнің бағасын тұрақтандыруға шама жетпей отыр. Еттің келісі 2800-3500 теңгеден. Тайыншаның кішігірім бір санын 90 мың теңгеге аласың. Бұл бір адамның айлық еңбек ақысы болуы мүмкін. Жүйріктей жүйткіген қымбатшылық жалынан ұстатар емес. Азық-түлік бағасының қымбаттауына түрлі фактор әсер етті деп тізбектей жөнелгенімен, күрмеуі қиын мәселе емес. Жем-шөптің қымбаттауы, логистика мәселесі, жол шығыны дейді. Еліміздегі бей-берекет беріліп, құмға сіңген судай болған субсидияны берерде өндірушіге тауардың бағасында «қолжетімді» болуы керек деген шарт қойған дұрыс-ақ.

Айта-айта әбден жауыр болған мәселені журналистер де айту мен жазудан жалықпайды. Оған құлақ асқан кім бар? Антимонополия қайда қарап отыр? Мемлекет басшысының тапсырмасы неге ескерілмейді? Сансыз сұрақтар санада сайрайды. Ащы ішектей шұбатылған індет пен шегі жоқ қымбатшылық қамыты халықты шаршатты. Еселеп өскен тауар бағасына ептеп қосылған еңбекақы ілесе алар емес.

Сағыныш ӘБІЛ. 

Басқа материалдар

Back to top button