Қазақстандық ғалым аурудың емін тапты

Ұлттық биотехнология орталығының ғалымы Вячеслав ОГАЙ күрделі сүйек сынықтары мен зақымдалған тізе буындарын емдеуді жеделдететін гидрогель ойлап тапты. Арнайы технологияның арқасында операциядан кейін 3-6 ай ішінде сүйек және шеміршек тіндері қалпына келеді. Клиникаға дейінгі сынақтардың нәтижелері препараттың тиімділігі жоғары екенін растады.

Сүйек ақауларын толықтай қалпына келтіру – травматология мен ортопедиядағы күрделі және шешілмеген мәселелердің бірі болып қала береді. Емдеу үшін сүйек алмастырғыштарын қолдана отырып, остеопластиканың әртүрлі әдістері жиі пайдаланылады. Бірақ бұл операцияның нәтижесінде сүйек әрдайым толық қалпына келмейді. Біз сүйек ақауларының толық қалпына келуіне ықпал ететін технологияны жасадық. Бағаналы жасушалар мен табиғи биополимерлер зақымдалған сүйек немесе шеміршек тіндерін қалпына келтіру процесін жеделдетеді, деді Ұлттық биотехнология орталығының бағаналы жасушалар зертханасының меңгерушісі, профессор Вячеслав Огай.
Бұл технология қазіргі уақытта Н.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты базасында клиникалық сынақтан өтуде. Ғылыми бағдарламаны Білім және ғылым министрлігі қаржыландырады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.