Жаңалықтар

Көп балалы отбасы – қоғам байлығы

Көп балалы отбасы – ол бақытқа, шаттыққа толы жанұя, береке-бірліктің, сыйластық пен татулықтың, адамгершілік құндылықтардың тоғысқан жері. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бала – үйіміздің берекесі, көз қуанышымыз, жүрегіміздің жұбанышы және ұлтымыздың баға жетпес құнды қазынасы десек артық болмас.

Қазіргі қоғамның рухани жаңғыру сатысында отбасы құндылықтарын сақтау маңызды. Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Азаматты тәрбиелеп шығаратын ең үлкен мектеп те – осы. Сондықтан, қоғам жаңғыруы мәселесінде осыған үнемі көңіл бөлінуі тиіс. Отбасылық саясатты қалыптастыруда атқарылатын шаралар әлі де көп. Соның ішінде отбасылық құндылықтарды насихаттау және көп балалы отбасыларды ынталандыру бағытындағы жәрдемақы түрлерін әр кезеңнің талабына сай жетілдіріп отыру – бүгінгі күннің маңызды мәселесі болып отыр.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі болмақ. Әр бала ұлттық рухани құндылықтарды ең алдымен өз ата-анасының тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Ендеше ұлттық тәрбие – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі.

Өткен тарихымызға шолу жасасақ, халқымыздың барлық Ұлы тұлғалары, ақиық ақындары, ұлт көшбасшыларының барлығы көп балалы, қарапайым отбасынан шыққан. Мысалға айта кетсек, елін, жерін сүйген халықтың жанашыры, «Алаш» партиясының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан алты балалы отбасынан шыққан, әкесі қарапайым ғана етікші болған. Тағы сол сияқты Шоқан Уәлиханов он үш балалы отбасынан шыып, қазақ тарихында отыз жыл ғұмыр кешсе де, өшпейтін мәңгілік із қалдырғаны бәрімізге мәлім. Мұның бәріне отбасындағы аяулы аналардың үлесі көп екені анық.

Сондықтан қазіргі кезде қоғамда талқыға түсіп жатқан көп балалы аналардың мәселесіне қатысты түрлі заңнамалар қайта жаңартылуда. Осы орайда көп балалы отбасыларға, көп балалы аналарға үкімет тарапынан әр түрлі бастамалар мен бағдарламалар қолға алынуда, соның ішінде «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасының іске асырылуын атап өтуге болады. Басты мәселе қашанда ана мен бала денсаулығы. Бұл кез-келген қоғамда бірінші орында тұруы керек деп санаймын. Ал баланы дүниеге алып келу қажымас қайсарлықты, психологиялық, физикалық, моральдық күшті қажет етеді. Сонымен қоса, бала санын көбейту – ұлттық құндылығымызды арттыру, мемлекетіміздің демографиялық тұрғыдан өсіп-өнуіне, халқымыздың саны артып, жағдайымыз жақсаруына септігін тигізеді.

Елдің келешегі бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Олардың әлеуметтік өмір сүру деңгейін арттыру да басты міндеттің бірі. Сондықтан, әр саланың мамандары көп балалы аналарға жеңілдіктер қарастырып, оларға қолдау көрсетуі тиіс. Бұл жағдай ұлттық құндылықтардың артуына да әкелетіні анық.

Осындай шаралардың бәрі еліміздің демографиялық жағдайына үлес қосатын аналарға деген құрмет деп санаймын.

М.МАХАТЧИНА,

Қарағанды облыстық мәслихатының

депутаты.

Басқа материалдар

Back to top button