Жаңалықтар

Жас депутаттар ел сенімін ақтауға дайын

Жастар – жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Жастар – болашағымыз. Демек, жастарымыз қандай болса, болашағымыз да сондай болмақ. Бүгінде өзінің әлеуметтік игілігі, жайлы өмірі ғана емес, сондай-ақ, мемлекет үшін, қоғам үшін, қалаберді отбасы үшін сапалы өмірді қалыптастыратын жастардың осы жолда түрлі сын-қатерге төтеп беруді өмірлік басты қағидаларына айналдыруы – заңды. Бірақ, үнемі солай бола бермейтінін қаңтардағы қайғылы оқиғалар көрсетті. Жастарды әлеуметтік-экономикалық бейімдеудегі елеулі олқылықтарға атқарушы органдар да, мемлекеттік басқару жүйесі де кінәлі екенін атап көрсетті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІ Съезінде. Одан бөлек, жастардың мәселесін ерекше назарда ұстау керектігін айтып, жас депутаттар корпусының белсенді жұмыс істеуі қажеттігін тапсырды. Президент тапсырмасына орай, партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бекзат АЛТЫНБЕКОВ алдағы мақсат-міндеттерді айқындау үшін Қарағанды облысының жас депутаттары корпусының активін өткізді.

Шараға Jas Otan жастар қанатының Қарағанды облысы бойынша филиал жетекшісі Ержан Хамитов, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов, Жастарды қолдау бойынша қоғамдық кеңестің төрайымы Зарина Марданова, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Аида Искакова, «Жас Ұлан» ұйымының төрайымы, қоғам белсендісі Майра Абдрахманова, Jas Otan жастар қанатының және жастар ұйымдарының белсенділері, Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалының бөлім басшылары мен салалық мамандары қатысты.

Шараны ашқан Jas Otan жастар қанатының облыстық филиалының жетекшісі Ержан Хамитов Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІ Съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі басымдық беретін бірнеше жайтты атап өткенін, соған орай облыстық жас депутаттар корпусының активі өткізіліп отырғанына тоқталды.

Мемлекет басшысы Съезді барысында қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, азаматтық қоғам институттарына зор міндет жүктеледі. Әсіресе, саяси партиялар атқаратын рөл айырықша болмақ. Сондай-ақ, Jas Otan қатарына жастар арасында сенімге ие болған, пайдалы қоғамдық қызметпен айналысуға дайын көшбасшыларды тарту керектігін де көрсетті, – деді ол.

Жас депутаттар сөзі мен ісі жараса ма?

Жалпы, облыста 288 759 жас бар. Бұл жалпы тұрғындардың 21 пайызын құрайды. Шара барысында сөз алған Жастарды қолдау бойынша қоғамдық кеңестің төрағасы Зарина Марданова бүгінде осы жастар маңызды мәселелерді шешуде үлкен рөл атқаратынын айтады.

Облысымызда 35 жасқа дейінгі 35 депутат бар. Былтырдан Nur Otan партиясы жанынан республикалық, облыстық, аудандық және қалалық деңгейлерде жастарды қолдау бойынша кеңестер құрылып, жас депутаттар сайланған болатын. Кеңестерде мемлекеттік бағдарламалар мен олардың өңірлердегі орындалысы, жастар арасындағы кәсіпкерлік, спортты дамыту мәселелері қаралған отырыстар өтті. Қарағанды облысы бойынша 19 жол картасы жүзеге асырылуда, – деді Зарина Марданова.

Кеңес төрағасының айтуынша, жол картасының әрқайсысы бес бағыттан тұрады. Олар – азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмыспен қамту, қолжетімді баспана және бос уақытты тиімді өткізу. Әр бағыт бойынша нақты жоспар бойынша жұмыстар жүргізіліп, кеңестің қатаң бақылауында болады. Одан бөлек, 2021 жылы жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында облыс әкімі жалпы сомасы 100 млн. теңгеге 100 грант бөлген.

«Конкурсқа тапсырыс берген жастар саны өте көп. Әр жоба өзінің креативтілігімен, заманауилығымен, сапалылығымен тартымды» деген Зарина Марданова кеңес жұмысы осы бағытта әлі де жалғасын табатынын жеткізді.

Ал, Шахтинск қаласынан келген жас депутат Аманжол Тілбек сөзін Мағжан Жұмабаевтың «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ» деген өлең жолдарымен бастап, еліміздің көсегесін көгертіп, керегесін бекіту өздері сияқты жас депутаттардың міндеті мен парызы екенін алға тартып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеясын жалғастырулары керектігін айтты. Жас депутат үшін кемшілікке жол жоқ. Жұмысты жоспарлағанда «Жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» Аманжол өзіне сенім артқан, өзін сайлаған халықпен бірге екенін, халық қасіреті – өзінің де қасіреті екенін айтады.

Аманжол ТІЛБЕК, Шахтинск қалалық мәслихатының жас депутаты:

Өткенге топырақ шашып, жақсыны таба алмаймыз. Өткен істен жақсыны көре отырып, кемшіліктерден жирене отырып, алға қарай нақты қадам басуымыз керек. Сонда ғана өрісіміз кеңейіп, алпауыт елдермен терезесі тең дәрежеде бәскелестік құруға дәрежеміз жетеді. Үйде отырып, бос сөз күңкілдеу жарқын болашаққа жеткізбейді. «Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып», бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Халықтың эмоциясын түсіне отырып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасағанда ғана депутат атына сай болып, сайлаушылардың мүддесінен шыға аламыз.

Аманжол еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті әр мемлекеттік қызметкердің бойынан көргісі келетінін де айтады.

Ресурстық орталықтар – жастар саясатының қозғаушы күші

Ержан Хамитов Президент жастар мәселесін ерекше назарда ұстау керегін айтқанын алға тартты. Осы мақсатта аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары жергілікті жерлердегі жастар ресурстық орталықтарымен бірлесе жұмыс жасауы тиіс. Осы орайда сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Аида Искакова жастар арасында жиі кездесетін бірқатар проблемаларға тоқталды. Оның айтуынша облыста NEET-жастар қатары көп.

– 2013 жылдан бері жұмыспен қамтылмаған жастар проблемасы көтеріліп келеді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 14 742 жас жұмысқа орналасты. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы да табысты жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бес жүзден астам жас оқуға жіберілген, 489 грант бөлінген,– дейді Аида Искакова.

Аида Сайынқызының айтуынша жастардың тағы бір өзекті мәселесі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың арасындағы баспана жайы. Аталған мәселе – күн тәртібінде.

«Жастар ресурстық орталықтары мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы қозғаушы күш» деген ол барлық мемлекеттік органдар өз құзыреттіліктері аясында жастар саясатымен айналысулары тиіс екенін де айтады.

Депутаттар халықпен бірге

Nur Otan партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бекзат Алтынбеков жиынға келген жас депутаттарға облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбектің атынан алғысын білдірді.

30 жылдың ішінде Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болғанын баршамыз білеміз, дегенмен әр кезеңдерде түрлі кемшіліктер болады. Отбасылық дүниелерді елдік дәрежеге жеткізіп алған сәттерде, атап айтқанда, қаңтардағы оқиғалар әрбір қазақ азаматының жүрегіне ой салып, «келешегіміз қандай болады?» деген сұрақ туындатқаны ақиқат. Президентіміз, Nur Otan партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған шешімдері арқасында керегесі кері кетейін деп, шаңырағы шайқалайын деген мемлекетімізде үлкен мәселелер орнына келгеніне куә болып отырмыз. Осы кезеңде алаңға шыққан әр азаматтың көкейінде «біздің қалаулыларымыз қайда кетті?» деген сауал болды. Осыған орай Съезд барысында Президент барлығымызға үлкен міндет жүктеді, – деген Бекзат Қомарұлы ол тапсырманың талқылауға жатпайтынын, тек орындалуы тиіс екенін айтты жас депутаттарға.

Бекзат Алтынбеков сонымен қатар, халық қиналғанда Nur Otan-ды, халық қалаулылары – депутаттарды іздейтінін де айтады. Себебі, халық партияға деген сенімді жоғалтпаған. Ал, сол сенімнен шығу, айтылған сынға жауап қату – дәл бүгін ойланатын, ойға алып қана қоймай, нақты қадамдар жасайтын уақыт та осы кезең. Жоғары белсенділікті, елге, халыққа қызмет етудегі жастық жігер мен асыл қасиеттерді көргісі келетінін де айтты жас депутаттарға Бекзат Қомарұлы. Бұл – өзінің ғана емес, сондай-ақ, халықтың да тілегі.

– Жалынды сөз айтып қана қоймай, әрқайсымызда жауапкершілік те болуы керек, – деген ол жас депутаттарға қоғамдағы белсенділікті арттыру арқылы еліміздің керегесінің кең болуына, әр азаматтың бақытты өмір сүруі жолында еш уақытта жалқаулыққа жол бермеулерін, жауапкершіліктерін екі есе арттыруды сұрады.

Сондай-ақ, Бекзат Алтынбеков жас депутаттардың әлеуметтік желіде белсенділіктерінің төмендігін де алға тартты. «Көтерген проблеманы әлеуметтік желі арқылы көрсетіп отыру керек» дей отырып, көркем мінезбен халықтың жүрегіне жол табуға шақырды ол.

Ұсыныс бар, әрекет – депутаттан

Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов жас депутаттарға бірқатар ұсыныстарын білдірді. Оның айтуынша, күнделікті күнелтуге жететін қаражатың болмаса, жаһандық проблеманың өзі түкке тұрғысыз болып қалады. Оның дәлелі – жастардың жұмыссыздық деңгейі бойынша Қарағанды Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін үшінші орында тұруында. Біржан Нұрланұлы көрсеткен проблеманы шешудің бірден-бір жолы – орта тапты қалыптастыру. Мықты орта тап болған мемлекет экономикаға қатысты ұзақ мерзімді жоспар құра алады.

– Бүгінде жастардың бизнеске деген қызығушылығы жоғары. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің бастамасымен бірнеше жыл қатарынан гранттық қолдау көрсетіліп келеді. Өткен жылы бюджеттің жалпы сомасы – 260 млн. теңге болса, оның 100 млн. теңгесі әкімнің гранты болса, қалғандары аудан және қала әкімдері бөлген гранттар. Биыл грант көлемі 2 млн. теңгеге дейін көтерілді. Бірақ, осы бөлінген гранттардың әлеуметтік әсері қандай деген сұрақ туындайды. Жастардың дені бұл қаражатты ақшалай көмек ретінде қарастырады. Грант кәсіп ашып, жұмыс орындарын құру үшін, өз ауданына пайдасын келтіру үшін беріледі. Көп жағдайда бұл ақша несие жабуға, көлік алуға және тағы да басқа мақсаттар үшін жұмсалып кеткен фактілер де бар. Осындай масылдықты түбегейлі жою керек, – деген ол депутаттар корпусына проблеманы шешудің жолдарын да ұсынды.

Мәселен, грант алған жастарға қаржылай ғана емес, заң, салық төлеу тұрғысынан, болмаса, бюрократияны жою тұрғысынан болсын түрлі көмек қажет. Осы мақсатта өздері грант алғандардың тізімін ұсынуға әзір екендіктерін, ал, депуттар тарапынан олармен қарым-қатынас орнатып, қандай көмек керектігін біліп отырса, әлеуметтік әсер болмақ.

Жұмыссыздыққа қатысты Біржан Әлімжанов биыл Президент тапсырмасы бойынша «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмысқа тартылатын жастардың жалақысы 30 АЕК, яғни, 90 мың теңгеге дейін көтерілгенін айтады. Бірақ, жастар бұл бағдарламалар туралы біле қоймайды. Осы мақсатта жалақының өсуін желеу етіп, жастар арасында ақпараттық жұмыс жүргізу қажет екенін айтады Біржан Әлімжанов. Одан бөлек, биыл облысымызда «Жасыл ел» бағдарламасына қаржы бөлмеген өңірлер де бар. Депутаттар осы мәселені де көтеруі тиіс. Тіпті, жастарды тұрғын үймен қамтуда міндеттеме алғанымен, Ақтоғай, Осакаров, Ұлытау аудандарында бір де бір пәтер ұсынылмаған.

«Отанынан орнын тапқан бала билікке қарсы әңгіме айтпайды»

«Nur Otan-ды халық билік болмаса да, биліктің бір тармағы ретінде қабылдайды», – дейді жиынға қатысқан «Жас Ұлан» ұйымының төрайымы, қоғам белсендісі Майра Абдрахманова. Сондықтан, қуанышын да, ренішін де осында келіп айтуға бейіл. Сондай-ақ, қоғам белсендісі бұған дейін қолбала ретінде болып келген Jas Otan жастар қанаты қатарындағыларға еркіндік беру керек деген пікірін де білдірді. Ал, Президент айтқан «Жаңа Қазақстанды» құруда бұрынғы проблемаларды өзімізбен ала кетпеу керектігін де айтады. Мәселен, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша отряд жасақтап, жұмыс жасайтын жастарды басқа да жұмыстарға тарту абзал.

Бізде қараусыз қалған нысандар бар. Соларды «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша құрылған жасақтар арқылы неліктен қалпына келтірмеске? Сөйткен жағдайда артынан қомақты іс қалады. Жалпы, жастар ісімен айналысатындардың барлығы жиналып, проблеманы қалай шешу керектігін ақылдасу артық болмайды, – дейді Майра Абдрахманова.

Одан бөлек, Майра Төлеубекқызы Отанды сүю деген, белгілі адамдардың цитатасын келтіріп, жалынды сөйлеу емес екенін айтады. Жас кезінен бастап баланы кәсібін таңдауды үйрету керек. «Бір нәрсеге құлшынысы бар бала ғана өмірден, Отанынан өз орнын табады. Отанынан орнын тапқан бала ешқашан билігіне қарсы әңгіме айтпайды. Отанын сүйетін нағыз тұлға болып қалыптасады», – дейді ол.

Түйін

Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында Жастар ресурстық орталығының фронт-офисі жұмысын бастайтынын айтады Аида Сайынқызы. Яғни, әрқайсысы 500 000 теңге болатын 10 жоба қолға алынады. Сондықтан, бұл жобаға еріктілер ұйымының қатысуына жақсы мүмкіндіктер бар. Бұл да болса жастарға берілген мүмкіндік. Одан бөлек, жас депутаттар арасында ауылдық жерлерге арнайы жол картасы болса деген ұсыныстарын да білдірді. Себебі, үлкен кәсіпорындар болмағандықтан, ауыл жастары жұмыс таба алмай, қалаға қашады. Қалаға келіп, қарық бола қойғандары да шамалы.

– «Көкірегі соқырға өмірде таң атпайды» деген Жанғұтты бидің тамаша сөзі бар. Сондықтан, әрқайсыларыңыздың көкірек көздеріңіз ашық болсын. Проблеманың барлығын жүрекпен сезініп, көпке жеткізу жолында үлкен қайрат-жігер тілеймін. Бұл істің басы ғана. Айтылған сын-ескертпелерді назарда ұстаңыздар. Осы жерде айтылған ой-пікірлердің барлығы құнды. Олардың барлығының діттеген жеріне жетуін біз өз міндетімізге аламыз, – деген Бекзат Алтынбеков: “Жастардың үмітін үзбеу жолында сіздер мен біздердің мойнымызда үлкен міндет тұр. Сол міндетімізді абыроймен атқарайық”, – деп сөзін аяқтады.

Салтанат ІЛИЯШ. 

Басқа материалдар

Back to top button