Бас тақырыпРесми

“Nur Otan мемлекетшілдер партиясы болуы керек”

Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІ Съезінде аталмыш партияның Төрағасы ретінде сайланған Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ сөз сөйлеп, партияның алдағы атқаратын міндеттері жайлы айтып, жұмыстың негізгі жеті басымдығын белгіледі.

Сонымен қатар, Съезде Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екеніне де тоқталды. Оның айтуынша, азаматтық қоғам институттарына зор міндет жүктеледі. Әсіресе, саяси партиялар атқаратын рөл айрықша болмақ«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін ел арасында түрлі қауесет тарағаны белгілі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді. Біз бұған дейінгі жетістіктерімізден айырылып қалмауымыз керек. Мемлекетімізді нығайтып, кез келген сынаққа дайын болуымыз қажет. Табысқа жету үшін, ең алдымен, ауызбіршілік керек екенін есте ұстайық» деп қадап айтты.

– Бірінші Президенттің тарихи рөліне тиісінше баға берейік, оныңсөзсіз жетістіктері мен табыстарын алға шығарып, жаңылысқан жерлері болса, болашақ басшылардың үлесіне қалдырайық. Өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр, – деген Президент кемшіліктер Америка президенті мен Қытай басшыларына да тән болғанын, қазір мақтаудан кенде емес сингапурлық көшбасшы Ли Куан Ю да кезінде сынға ұшырағанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев елді жан-жақты жаңғыртудың ауқымды күн тәртібін ұсынды. Оны іске асыруға Nur Otan белсене араласып, еліміздің прогрессивті өзгерістері мен жаңаруының нағыз қозғаушы күші болуы тиіс.

– Бірақ, ол үшін Nur Otan өзі жаңаруы тиіс. Бұл косметикалық қайта жүктеуді емес, партияның бүкіл жұмысын түбегейлі қайта құруды қажет етеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан жеті басымдықтың біріншісі – партия қатарындағы ынтымақтастықты нығайту, қоғамның барлық сындарлы күштерін біріктіру. Сондай-ақ, партия қатарына түрлі қоғамдық-саяси топтардың өкілдерін, отандастарының сеніміне ие нағыз көшбасшыларды белсендірек тартуды да көздеп отыр Президент. Шынайы істердің ұйытқысы, оқиғалардың ортасында және үдерістердің алдыңғы шебінде болуы тиіс партияның кадрлық және адами әлеуеті, оның барлық тармақталған инфрақұрылымы қиын сәтте толық іске қосылмағанын да сынға алды Мемлекет басшысы.

Ал, екінші басымдық – партияның мемлекеттік органдардың жұмысын көшірмеуге тиістігінде. Президент мемлекеттік аппараттың функциялары басқа, ал, партияның функциялары мүлдем басқа екенін айтады. Осы орайда, Nur Otan негізінен идеологиялық және кадрлық жұмыстармен айналысып, қажет болса – мемлекеттік аппараттың жұмысына да бағыт беруі тиіс. «Өткен жылғы сайлау қорытындысы бойынша Nur Otan халықтан сенім мандатын алды. Алайда, атқарушы билік оны пайдаланбады, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына жол берді. Тапсырмалар, жоспарлар, міндеттер көбінесе қағаз жүзінде орындалды» дей келе, Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша жоспарлы индикаторлардың 74%-ға орындалғаны туралы есебінің сенімділігіне күмән келтірді. Сонымен қатар, басқа партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен белсенді ынтымақтастық партия қызметінің негізгі бөлігіне айналуы тиіс екенін де тілге тиек етті Қасым-Жомарт Тоқаев. Яғни, бұл жерде сындарлы сынды дұрыс қабылдап, пайдалы қорытынды жасау – маңызды. Президент атаған үшінші басымдық – алдағы реформаларды заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз ету үшін Мәжілістегі партия фракциясын қайта жаңғырту қажеттігі. Сондай-ақ, сайлаушылармен тікелей диалог құру, азаматтармен, оның ішінде шалғай ауылдардаүнемі кездесіп тұру өте маңызды.

 – Өзекті мәселелерді жан-жақты түсіну, ашық популизмге бармай-ақ, партияның ұстанымын нақты түсіндіру және берік сақтау – депутаттардың тікелей міндеті. Депутаттық сауалдар ресмиленбеген, мазмұны бойынша нақты болуы, тұрғындардың нақты проблемаларын көрсетуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Төртінші басымдық – өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге партия мүшелерінің қатысуын күшейту қажеттігі.

– Мәслихат депутатының белгісі – бұл өңірлік элитаға қатыстылықтың жалған белгісі және кабинеттерге рұқсаттама емес. Бұл депутатты халық сайлағанын және өзін сайлаған халық мүддесі үшін жұмыс жасауы керектігінің куәсі. Олар осы айырмашылықты нақты түсінуі керек. Әзірге депутаттарымыз лайықты беделге ие емес, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл әсіресе қаңтар оқиғасы кезінде анық көрініс бергенін алға тартты. Президент сонымен қатар, өңірлердегі жұмыстарды жариялау кезінде әкімдерден басқа ешкім көрсетілмейтінін де сынға алды. Бұл орайда партияның жұмысы тысқары қалып жатады. Яғни, халық партияның рөлін жете түсіне алмайды. Ал, депутаттар болса, бұл мәселеден бас тартуға бейім. Осы орайда Президент Nur Otan партиясы депутаттарының жария рейтингін енгізу маңызды екеніне тоқталды.

– Азаматтар халықтың әл-ауқатын және елдегі өмір сүру сапасын жақсарту үшін халық қалаулыларының не істеп жатқанын көріп, түсінуі тиіс. Мұндай шешім депутаттар жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Бесінші басымдық – қоғамдық қабылдаулардың қызметін жандандыру қажеттігінде. «Партияның ел бойынша 238 қоғамдық қабылдау бөлмесі бар, бірақ олардың жұмысы көрінбейді» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтардың барлық өтініштерінің орындалысын қатаң қадағалау керектігіне де тоқталды. Ал, лауазымды тұлғалар тарапынан өз жұмысына деген немқұрайлылық үшін партиялық жауапкершілікке тартылуы керектігі де сөз болды. Жұмыстың едәуір бөлігін проактивті форматқа ауыстыруға болатынын, яғни, өтініштерге талдау барысында проблемаларды анықтап, ол туралы партияны, тіпті болмаса Үкіметті хабардар ету де осы бесінші басымдыққа кіреді.

Алтыншы басымдық бойынша Nur Otan Президенттің өзі жариялаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдыңғы шебінде болып, осы күрделі проблема бойынша пайдалы бастамалар ұсынуы тиіс. «Жасыратыны жоқ, жүйелі сыбайлас жемқорлық қаңтардағы көтеріліске себеп болғаны рас» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Жетінші басымдық ретінде Мемлекет басшысы қаңтардағы қайғылы оқиғалар жастардың әлеуметтік-экономикалық бейімдеудегі елеулі олқылықтарды көрсеткенін, бұған жергілікті атқарушы органдар да, жалпы мемлекеттік басқару жүйесі де кінәлі екенін айтып, Jas Otan қатарына жастар арасында сенімге ие болған, пайдалы қоғамдық қызметпен айналысуға дайын көшбасшыларды тарту керектігін көрсетті.

– Мемлекет жұмыспен қамту, білім беру және жастарды оқыту саласында бірқатар маңызды жобаларды іске асыруда. Алайда, сауалнамалардың нәтижелері жастардың көпшілігі олар туралы ештеңе білмейтіндігін көрсетті. Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту керек, – деді ол.

Сонымен қатар, Президент Съезд барысында «Қазақстан халқына» қорына ақша салған кәсіпкерлерге алғысын білдірді. Сонымен қатар, олигополияның бір бөлігі болып табылатын бірқатар бизнесмендердің қайырымдылық акциясына қатысуға асықпайтынын да сынға алды. «Бұл – ашкөздік, нигилизм немесе немқұрайлылық» деген ол өз тарапынан ірі бизнес тарапынан жасалатын қайырымдылық процесін реттейін арнайы Жарғы шығаруды жоспарлағанын да жеткізді. Қасым-Жомарт «Ең бастысы, қоғамға тыныштық пен тұрақтылық керек. Nur Otan – еліміздің негізгі саяси күші. Сондықтан Қазақстанның болашағы үшін, ең алдымен, біздің партиямыз жауапты. Әрқайсымыз осы жауапкершілікті терең сезініп жұмыс істеуіміз қажет» деп, Nur Otan мемлекетшілдер партиясы болуы керектігін, ұйым мүшелері мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс екенін де айтты.

– Партияның барлық бастамалары елімізді өркендетуге, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналғанын ұмытпайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button