Бас тақырыпМәселе

Қиюы қашқан құрылыс

«Казгипроград» жобалау институты жасаған Жезқазған қаласының жаңғыртылған, нақтыланған бас жоспары облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы шешімімен бекітілді. Ол 2035 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Металлургтер мекенін дамытудың негізгі аумағы айқындалған бас құжаттың басты мақсаты – тұрғындардың тұрмысына қауіпсіз, жайлы, қолайлы орта қалыптастыру.

Шырайлы шаһар бос жатқан батыс беткейдің солтүстігіне қарай кереге кеңейтеді. Оның тұтастығын сақтау үшін бұрынғы бөлігі мен жаңадан жобаланған жағын көңілге қонымды қылып ұштастыру қарастырылған. Жобаланған және қазіргі тұрғын аумақты Алашахан даңғылы байланыстырады. Магистральдық көшелер одан әрі дамиды. Транзиттік қозғалысты жеңілдету мақсатында айналма жол салу көзделген.

«Кеңгір» және «Оңтүстік» алаңында өндіріс өркендейді: бастапқысы барынша игерілген, кезек – кейінгісінде.

 

ҮРЕЙ ҰШЫРАТЫН ҮЙЛЕР

Бүгінде Жезқазғанның бұрынғы бөлігінен құрылыс салатын телім таппайсыз. Бірақ, бұл – бұдан былай барлық назар батыс бөлігіне аударылып, ескісі ескерусіз қалады деген сөз емес. Бас жоспарда қалаға ортақ мәселені бірегейлікпен шешу жағы қарастырылған. Оның аумағын абаттандыру мен көркейтуді кешенді түрде қолға алуға көңіл бөлінген. Кеңгір су қоймасын жағалай жаппай көгалдандыру көзделген. Тұрғындарды көптен мазалап келе жатқан сапалы ауызсу және жылумен жүйелі жабдықтау мәселесі орайлы шешімін табады деген ойдамыз. Қожамсейіт және Есқұла жерасты су көзін тұрғындар еркін тұтынатын сәт те алыс емес деген үміт бар. Жаңа жылу-электр орталығы салынады. Тозығы жеткен жылу құбыры кезең-кезеңмен жаңартылады. Бекітілгеніне жеті жылдың жүзі болып қалған қаланың бас жоспарын безбендегенде бізді осындай тәтті қиял баураған. Қазір қаланың тұрғын үй қорында 655 көп қабатты тұрғын үй есепте тұр. Осының 255-і ескірген. Әрине, жарты ғасырдан астам тарихы бар шаһар үшін бұл байбалам салатындай оқыс оқиға емес. Өйткені, тарпаң табиғаттың өтінде тұрған еңселі ғимарат түгіл, майлап-сырлаған темірің де тозады. Бірақ, байыпты реновация (қайта жаңарту) бағдарламасы болмаса, тұрғын үй қорының құн-жыны шығатыны, тұрғындардың тығырыққа тірелетіні айтпаса да түсінікті. Ескірген үйлердің қатарындағы апатты жағдайдағы 26-сының 8-ін ғана қалпына келтірудің мүмкіндігі бар екен. Ал, қалғанын бұзғаннан басқа жол жоқ көрінеді. Бұл – жергілікті биліктің жүйкесін жүндей түтеніндей-ақ шаруа. Әлгі апатты жағдайдағы 26 үйдегі 273 пәтер иесінің көңілін табу оңай емес. Бұдан екі жыл бұрын қала басшысы тұрғындармен есепті кездесуде апатты үйлерді 3 жылда көшірудің бағдарламасы бекітілгенін, 7 құрастырмалы-қалқанды үйде тұратындар 2020 жылы қоныс тойын жасайтынын айтқан еді. Бірақ, бұл бағдарлама баяу жүзеге асырылуда. Апатты үйден арылу үшін тұрғын үй құрылысына қарқын керек. Бұл тұрғыда Жезқазғанда жиырма жылдай жөнді жұмыс жүрмеді. Кейінгі екі-үш жылда ептеп ілгерілу байқалады. Бірақ, уақытылы қатарға қосылмаған әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы «сақалды» нысандарды санамалап шықсақ, көңілге кірбің ұялайды. Соның бірі – 74-орамдағы Гагарин көшесі,70/2 мекенжайында қалқиып тұрған бес қабатты 28 пәтерлік тұрғын үй. 2014 жылғы байқау қорытындысына сәйкес сол жылы 4 маусымда қалалық құрылыс бөлімі мен «Майер Ман» ЖШС арасында мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарт жасалды. Алайда, жұмыс жүйелі жүрмеді. Орындалғаны сын көтермеді. Соның салдарынан мердігер мен тапсырыс беруші арасында дау-дамай өршіп, екі жақ сотқа жүгінген кезде құрылыс-монтаж жұмыстары қаңтарылып тұрды. Талай мүлік пен құрылыс материалы қолды болып, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Бұрнағы жылы шілдеде ақтөбелік «АзияЭксперт инжинирг орталығы» ЖШС бастапқы жоба бойынша құжаттар мен құрылыс жүргізу кезіндегі барлық ақпарат қолды болғанына қарамастан, тұрғын үйдегі құрылыстық конструкцияның жағдайын зерттеу мен бағалау нәтижесіне сәйкес техникалық қорытынды жасады. Амандық болса, ол биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сенгің-ақ келеді, бірақ, көңілде көлденеңдеп күдік тұрады. «

БАТЫСТАҒЫ» БЕРЕКЕСІЗДІК

Бас жоспарда жаңадан жобаланған тұрғын аумақты батыс беткейде бос жатқан аймаққа орналастыру қарастырылған. Ол оңтүстігінде – «Бекбұлақсай» шығанағымен, солтүстігінде – болашақ қала орталығымен, батысында – Алашахан даңғылының жалғасымен, шығысында кербез Кеңгірдің жасыл желекті жағалауымен шектеседі. Жаңа тұрғын аймақтың архитектурасы мейлінше тұрмысқа қолайлы микроклимат қалыптастыратын жасыл желек және су кеңістігімен табиғи тоқайласқан. Қазір жобада қарастырылған аумақ негізінен бос жатқанмен, бой көтерген бірнеше нысан да бар. Соның сүйектісі – «Самсунг» медициналық орталығы мен оның оңтүстігіне орналасқан өрт сөндіру депосы. Көпбейінді орталық аурухана мен Қарттар үйі де шектесіп жатыр. Кейінгісінің батысына қарай, Иманжанов пен Марғұлан көшесінің қиылысында жекеменшік коттедждердің шағын орамы орналасқан. Иманжанов көшесіндегі орталық аурухананың қарсы бетінде қасқайып еңселі «Тұран» мейрамханасы тұр. Су қоймасын бойлай бой көтеретін ықшамауданда негізінен көпқабатты тұрғын үй тұрғызылады, сондай-ақ, жекеменшік жер үйлер салу жоспарланған. ҚР Жер кодексіне сәйкес жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдері азаматтарға кезек тәртібімен және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы (электрмен жабдықтау және су құбыры желілері) жүргізілген алаңның дайын болуына қарай тегін беріледі. «Батыс» аймақта бірінші кезекте – 518, ал екінші кезекте 501 жер телімін дайындау көзделген. Қазір 150 жекеменшік үй тұрғындардың игілігіне айналған. Бұл біреуге аз, біреуге көп көрінуі мүмкін. Ал, сәулет және қала құрылысы бөлімінде жекеменшік үй салу үшін жер телімін алуға 4020 адамның өтініші жатқанын ескерсек, қалыптасқан жағдайдың қаншалықты деңгейде екенін өзіңіз-ақ безбендей беріңіз. Мұндай берекесіздік белең алуына үй салатын аумақты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде оралымсыздық, тіпті, жауапсыздық орын алғанын мойындау керек. Бастапқы кезде қыруар қаражатқа алты жүзден астам жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды. Амал не, тиісті қадағалау мен бақылаудың болмауынан ұрлық-қарлыққа жол берілген, көзге көрінгенін сындырып-үзіп кеткен, трансформаторлық көмекші стансаның ішіндегі мүлік қолды болған. Ал, зардабын жеке үй салып, жайлы тұрмыс құрамыз деген адамдар тартқан. Жергілікті билік пен прокуратураның табалдырығын тоздырып, көңілі қалған олардың бейнежазбамен үндеу жариялап, әлеуметтік желіні қалай шулатқанын көз көрді. Үй саламын деп сергелдеңге түскендердің соңғы кезде ғана көзі ашылып келе жатыр. Бұрнағы жылы су құбыры қалпына келтірілді. Былтыр жылдың аяғында «Қазақмыс» компаниясының демеушілігімен электр желілері бір жобаға келді. Алайда, арқаны кеңге салудың ауылы алыс. «Ұлы сөздің ұяттығы жоқ» дейді, көптеген үйдің ауласынан дәретхана көзге түседі. Себебі, орталық кәріз желісіне қосылмаған. Көмір жағып, күл шығарып жүргендер де баршылық. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы жеке тұрғын үй салу ісі баяу жүріп жатқанына назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында оның басты себебін көрсете келіп: «Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік жер үйлер салынатын учаскелерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін жеделдетуі қажет. Бұл ретте, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті де қолданған жөн» деп, қадап айтты. Әлеуметтік маңызы зор осы мәселені шешуге депутаттар да белсене атсалысса, артық болмас еді.

«БАҒЫ БАЙЛАНҒАН» БАЛАБАҚША

Іргетасы бұдан 9 жыл бұрын қаланған, 320 балаға арналған бұл балабақша әлі пайдалануға берілмеген. Мердігер «Тавис» ЖШС-мен 2013 жылы сәуірде келісім-шарт жасалып, 2015 жылы қарашада қатарға қосу көзделген еді. Екі жарым жылдай уақыт мерзімде үш қабатты ғимараттың негізгі қаңқасы тұрғызылды, инженерлік желілері жүргізілді, арақабырғасы қаланды, төбесі жабылды, есік-терезе орнатылды, балабақшаның айналасы абаттандырылды. Ішінара ішкі әрлеу жұмыстары жасалды, бірқатар технологиялық жабдықтар жеткізілді. Көпшілік тағатсыздана күткен мектеп жасына дейінгі мекеменің шаруасы осымен тынды. Нысан құрылысының белгілен ген мерзімде аяқталмауы және келісім-шартта көрсетілген міндеттеменің талапқа сай орындалмауы салдарынан тапсырыс беруші мен мердігер арасында ұзаққа созылған соттың істі қарауы басталды. Соттың шешімі 2019 жылы 25 наурызда қолға тиді. Соған сәйкес мердігермен арадағы келісім-шарт өз күшін жойды, айыпақы өндіріп алынды, мердігер ұйым жосықсыз өнім беруші деп танылды. 2020 жылы ғимараттағы құрылыс конструкциясының техникалық күйі зерттеліп, бағаланды. Қорытындысында нысан ұзақ уақыт талапқа сай сақталмағандықтан және жылусыз тұрғандықтан атқарылған көптеген құрылыс-монтаж жұмысы жарамсыздыққа ұшырағаны анықталды. Құрылысты аяқтау үшін 2020 жылы тамызда басқа мердігер – «Караганда» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды. Ол ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізді, ақауларды жойды, нысанды орталық жылумен-сумен және электр қуатымен жабдықтау желісіне, канализацияға қосты. Құрылыстың ұзаққа созылып, сметалық құнының өзгеріске ұшырауына байланысты бүгінде бастапқы жоба қайта қаралып, жобалық-сметалық құжаттарға түзету жасалуда. Амандық болса, осы көктемнің аяғына дейін бұл шаруа бірыңғайланып, сараптау қорытындысы қолға тиеді деп күтілуде. Ал, жаңа жыл қарсаңында балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашатын болады. Бүгінде нысандағы жұмыстың оннан тоғыз бөлігі тиянақталуға таяу. Әңгіме орайында айта кетейін, құрылыстың қиюы кетуі салдарынан Жезқазғандағы «бағы байланған» балабақша жалғыз бұл емес. Ол 9-орамдағы Гоголь көшесі, 6 «а» мекенжайында орналасқан. Оның құрылысы тіпті кеңестік кезеңде басталған. Одақ ыдырап, тоқсаныншы жылдары алашапқын алқымнан алғанда жеке тұлғаның жекешеменшігіне өтіп кеткен. Қолдағы дерекке қарағанда, құрылысы аяқталмаған нысанның қазіргі иесі Ф.А.Айжанов. Бұл балабақшаның құрылысы басталғанда кезекте тұрған бөбектердің өзі бүгінде бала сүйіп отыр.

P.S. Жезқазған қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен Гагарин көшесі,70/2 мекенжайындағы 28 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй коммуналдық меншіктен облыстық денсаулық сақтау басқармасының балансына берілді. Ал, «бағы байланған» балабақшаның бүгінгі әкімгері облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Бірақ, бұдан жергілікті билік бақылау мен қадағалаудан бейтарап қалады деген пікір тумаса керек. Себебі, екеуінің де игілігін көретін қала тұрғындары. Қазір Жезқазған қаласында 2403 адам – пәтердің, 2829 бөбек балабақшаның кезегінде тұр.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button