Жаңалықтар

«Өскен соң, қайтарып беремін»

Әжесі, зағип анасы мен екі мүгедек ағасы бар 9 жастағы Оразымбеттің ескі үйді паналап жатқаны қазақ елінің жанына батқан еді. Иә, бұл жайлы біз әлеуметтік желіден хабардар болдық. Сонда бала Оразымбеттің «Бір-ақ арманым бар, үй алып берсеңіздер, өскенде қайтарып беремін» деген сөзі жанарымызға жас үйірді. Оразымбеттің сол арманы «Харекет» қорының ұйымдастыруымен орындалыпты. Енді, Шымкент қаласында 5 бөлмелі үйі бар.

«Харекет» қайырымдылық қорының құрылтайшысы, актер Мадияр Серікбаев тағдыр тауқыметін тартып жүрген отбасыға арнайы барып, Оразымбеттің осы сөзі жазылған бейнетаспаны әлеуметтік желіге жүктеген.

Онсыз да теперішті аз тартпаған отбасы бұған дейін ескі үйді жалдап келген. Бейнетаспадан байқасақ, сылағы түсіп, құлағалы тұрған қабырғаны көреміз. Кетеуі кеткен шаңырақ. Бірақ, сол үйден үлкен мейірім сезіндік. Ол – бала Оразымбеттің жүрегі. Жүректен шыққан сөздері. Сол әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Жанымызды ауыртты. Қазақ елі «Харекет» қорына ақша аударды. Осылайша, бала мейірімі еліне шуақ шашты.

Сол күні Оразымбеттің үйіне барған қордың Шымкент қаласындағы жауапты өкілі Серік Дарбышевтың сөзінше, анасы 8-9 жасында шешек ауруымен қатты науқастанып, көзі көрмей қалған, ал, екі ағасының туғаннан денсаулығында кінәрат бар.

Жәрдемақы мен әжесінің зейнетақысына күнкөріп келген. Анасы мен әжесінің бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Алайда, еш жерден жәрдем ала алмапты. Әкелері ащы судың жетегінде кетіпті.

Бала Оразымбет қазір 4-сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімінің жақсы, ой-өрісінің кең екенін айтады жақындары. Алғыр бала екенін аңғардық. Үй шаруасына да мығым екен. Картоп, кеспе секілді тағамдарды өзі әзірлейді.

Жоғарыда айттық қой, бала мейірімінің елге шуақ шашқанын. Мейірімімізді оятты. Халық «Харекет» қорына ақша аударып, Шымкент қаласынан 30 миллион теңге тұратын үй алып берді. Үй маңында мектеп, балабақша, аурухана бар. Сондай-ақ, газ, жарық, су сияқты коммуналдық қызметтерге қосылған. Оразымбетке жаңа баспананың кілтін табыстаған сәті де әсерлі таспаланыпты. Енді, сол сәт елдің ерекше ықыласына бөленуде. Мына бір көрініс жүрегімізге ерекше тиді: барлығы жаңа қонысқа ентелей кіріп барады, сонда Оразымбет «анашым» деді де, шалт қимылдап, анасының аяқ киімін шешті, анасының қолынан жетектеп алып, бөлмелерді аралатып жүр. «Анашым, мына кең бөлме сіздікі болсыншы».

Соңында Оразымбет қазақ еліне, қор басшылығына алғысын жаудырып жатыр. Бұл жолы былай таңдай қақтырды. «Алла қаласа өскен соң, мен де «Харекет» қоры арқылы мұқтаждарға үй әперетін боламын». Періште пейілі қабыл болсын дейміз.

Одан бөлек Оразымбетке 5 миллион теңге сертификат берілді. Оны 18 жасқа толғанша шеше алмайды. Бұл қаражатты кейін оқуына, үйленгенге және басқа да қажеттілігіне жаратады.

9 жастағы баланың ендігі арманы – анасының көз жанарының қайта көргенін қалайды. Қор басшылығы мүмкін болса бұған да ота жасатып беретіндерін жеткізді.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button