Жуырда Приозерск қаласында ҚР ҚМ шешіміне сәйкес 60601 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен, Отан қорғаушыларымыздың абыройын арттыру, қоғамдағы беделін нығайту, әскерилердің жоғары моральдық рухын көтеру мақсатында «Күшіміз – бірлікте» әскери-патриоттық акциясы өтті.
Аталған акцияға әскерилерімен қатар, жергілікті атқару органдарының, Nur Otan партиясының, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
– Қазіргі кезде біздің алдымызда үлкен жауапкершілік пен жүктелген тапсырмалар тұр. Әскерилеріміздің моральдық-психологиялық жағдайы мен мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға аса мән берілуде. Айта кететін тағы бір жайт, жергілікті атқарушы органдар тек жастармен ғана емес, жалпы қала тұрғындары арасында ұлтаралық келісімді сақтау және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша үлкен істер атқаруда. Осы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы өз жемісін беретініне, Қазақстан діни және этно-мәдени тұрғысынан сан түрлі ұлт пен ұлыстан құралғандығына қарамастан, бірлігін бекем сақтай алатындығына сеніміміз мол, – деді ҚР ҚК Тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының басшысы, полковник Бауыржан Жолдыбайұлы.
Сонымен қатар, әскери қызметшілерге «Қасіретті қаңтар» оқиғасы туралы қысқаша баяндама, ұлтаралық келісім жайында ақпарат ұсынылды. Елдегі және әлемде болып жатқан діни процестер мен әртүрлі радикалды деструктивті ағымдардың қызметі, қоғамда террористік және экстремистік идеологияның таралуына жол бермеу жөніндегі жұмыстың нысандары мен әдістері туралы түсіндіріліп, идеологиялық жұмыстар жүргізілді.
Жиын барысында Nur Otan партиясы Приозерск қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Мадина Серікбайқызы, славян халықтарының «Исток» этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Попченко, Приозерск гарнизонына қарасты ҚР ҚК ардагерлер ұжымының төрағасы Тілек Алшынбекұлы, Приозерск қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Дина Амантайқызы, 60601 әскери бөлімінің командирі, полковник Данияр Нұрланұлы баяндама жасап, ойларын ортаға салды.
Ұйымдастырушылар әскери ұжымдардағы моральдық ахуалды зерделеу, антитеррористік операцияға қатысқан әскери қызметшілерді психологиялық оңалту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.
Нұрдос КӘРІМ.
ПРИОЗЕРСК қаласы.