Бас тақырып

Білім саласындағы оң серпіліс

27 қаңтарда ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВТЫҢ қатысуымен ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Күн тәртібінде білім саласына қатысты өткен жылдың есебі тыңдалып, келешекке жоспарлы бағдарламалар ұсынылды. Білім саласының әр деңгейінде қол жеткізген табыстар мен шешілуі тиіс барлық мәселелер назардан тыс қалмады.

Жиында ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, әсіресе, жекеменшік балабақшалар қызметінің сапасын жақсарту үшін тиісті шаралар атқарылатынын атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына өзгерістер енгізіледі. Сонымен қоса, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары білікті педагогтермен қамтамасыз етіледі. Онда қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау үшін мемлекеттік тапсырыс қаражатын жүйелі жұмсауға және қызмет көрсету сапасын арттыруға талаптар күшейтіледі. Сондай-ақ, алдағы уақытта балабақшаларға кезекке тұрудың бірыңғай базасын құру жоспарланған. Ол мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орындарды бөлудің ашықтығын, қаржының дұрыс жұмсалуын және кезектің қайталанбауын қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, бүгінгі күні білім саласының ең маңызды мәселесі – өңірлерге педагог мамандарды жіберу мәселесі де қаралды.

– Биыл кемінде 70 мың педагог жаңа білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Сондай-ақ, Маңғыстау, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарында мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатында осы өңірлерге педагогтерді тарту үшін арнайы бағдарлама іске асырылады. Оларға айтарлықтай әлеуметтік қолдау көрсетіледі (жоғары жалақы коэффициенті, баспана жалдау және коммуналдық төлемдер шығындарын өтеу). Бұл шаралар аталған аймақтарда білім беру сапасы бойынша үлкен алшақтықты азайтуға бағытталған, – деді ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова. Сонымен қатар, арнаулы орта білім беру жүйесіне өзгерістер енгізілетіні де айтылды.

– Президенттің тапсырмасына сай колледждерде білім алу бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Биыл 120 мыңнан астам қазақстандық тегін техникалық және кәсіптік білім ала алады. Бұл 2021-2022 оқу жылымен салыстырғанда 25 мыңға көп. Сонымен қатар, кәсіпорындардың колледждерді шефтік қамқорлыққа алу тәжірибесін дамытып, дуалды білім беруді кеңейту көзделіп отыр, – деп атап өтті Шолпан Таңатқызы.

Мемлекет басшысының дарынды ба[1]лаларды қолдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында министрлік заңнамаға түзетулер енгізді. Атап айтқанда, халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлері жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ, яғни конкурстан тыс негізде арнайы бөлінген грант арқылы оқуға түсе алады. Халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және оларды даярлаған педагог-жаттықтырушыларға да біржолғы ақшалай сыйақы беріледі. Ал тын медаль иегерлеріне – 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындалады. Ал, Жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесі жөнінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев баяндады. 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы жоғарылайтынын айтты. Сонымен қоса, кеңейтілген алқа отырысында вице-министр ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары білім беру жүйесіне оқытудың жаңа құралы енгізілетінін мәлім етті. – «Онлайн-оқу» білім алудың жаңа форматына айналады. Елімізде алғашқы онлайн-университеттер ашылады. Жалпы, жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттар саны 5 мыңға артады, олардың 60%-ы техникалық мамандықтар бойынша бөлінеді. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасын қайта қарастыру бойынша жұмысты бастадық, – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Сондай-ақ, биыл ғылым саласына да айтарлықтай көңіл бөлінеді. Тұрақты қаржыландырылып, ғалымдарға ғылыми идеяларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ұсынылды. Ғылыми қызметкерлер саны 1,5 есе көбейген. «Жас ғалым» жобасы бойынша постдокторанттарға 1000 грант бөлінеді. Президенттің қолдауымен жыл сайын еліміздегі 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамадан өте алады. Жалпы Білім және ғылым министрлігі 10 басым бағыт бойынша қазақстандық ғалымдардың 1136 жобасы мен 59 ғылыми-техникалық бағдарламасын қаржыландырады. Сондай-ақ, бүгінгі отырыста мектептердегі орын жетіспеушілік мәселесі бойынша 2022 жылы 200 мектептің құрылысы басталатыны жөнінде айтылды.

– Механизмі ретінде бюджеттен нысаналы құрылыс, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы, сондай-ақ жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру көзделген. Құрылыс жұмыстары әкімдіктердің құзырында заңды түрде жүргізіледі. Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету және тиімділігін арттыру мақсатында барлық білім беру ұйымы «бұлтты бухгалтерияға» көшуі тиіс, – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.

Сонымен қатар, балалардың құқығын қамтамасыз ету бағыты бойынша еліміздегі балалар үйі тәрбиеленушілерінің 81%-ы толыққанды отбасында өмір сүру құқығына ие болды. Балалар үйінің саны 30-ға дейін қысқарды. 2021 жылы тағы 2 балалар үйі, 1 қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы, 1 бөбектер үйі жабылды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлім етті. Бүгінде жетім балаларға арналған ұйымдарда 4 мыңға жуық тәрбиеленуші тұрады. Сол балалардың отбасында тәрбиеленуі үшін тиісті жұмыстар жасалатынын айтты.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов білім берудің барлық саласындағы оң өзгерістерге тоқталып, алдағы атқарылатын жұмыстардың барысын баяндады.

Жиында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов білім және ғылым саласындағы өткен жылғы басты жетістіктерді атады. Сонымен қоса, өңірлер арасында білім деңгейіне қатысты айтарлықтай проблемалар мен алшақтықтар бар екенін жасырмады.

– Орта білім беруде білім сапасын теңестіруге, оқытудағы кемшіліктерді дер кезінде жоюға, қалып қойған балаларды оқытуға негізгі басымдық берілуі тиіс. Қала және ауыл мектептері арасындағы білім алшақтығын төмендету бойынша кешенді іс-шаралар қабылдау қажет. Бізде өңірлер арасында білім деңгейіне қатысты айтарлықтай проблемалар мен алшақтықтар бар. Меніңше, бұл мәселе бүгінде күн тәртібінде тұр, – деді Үкімет басшысының орынбасары Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның атап өтуінше, әртүрлі тілде білім беретін мектептерде де нақты проблемалар бар.

– Сондықтан, бұл бағытта аталған мәселелерді шешу үшін нақты тәжірибелік іс-шараларды айқындауды өтінемін. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері өңір әкімдерімен бірлесіп, қаржыландыруды теңестіруді және қалып қойған өңірлердің білім беру деңгейін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Әсіресе, ауылдық жерлердегі педагог тапшылығы проблемасын түбегейлі шешу қажет», – деді Ералы Тоғжанов.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button