Жаңалықтар

Шина бағасы шарықтап тұр

Жүргізушілер көлігін қысқа қамдаймыз деп зыр қағып жүр. Автобазар мен шиномонтаждың дәл қазір саудасы да, жұмысы да қызып тұр. Алғашқы қар алдыңғы аптаның басында түссе де, күн ұзамай еріп кеткеннен болар, кейбір көлік иелері бұл жұмысын кейінге шегерсе керек. Күні кеше қар жауып, көктайғақ болып еді, дөңгелек ауыстырып үлгермегені ұшынды дерсіз. Облыстық полиция департаменті бір тәулікте 50-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелгенін мәлім етті. Салғырттық, сан соқтырды деген – осы…

Мұндай уақытта жаяу жүргіншіге де мейлінше сақ болған абзал. Апақ-сапақ уақытта 17 жастағы жаяу жүргіншіні «Лада Веста» көлігінің жүргізушісі сырғып барып, қағыпты. Университет көшесінде. Көлік құрғырыңыз да бағынбай кетеді емес пе мұндай сәтте. Жәбірленуші түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

«Қарағанды – Қарқаралы» тасжолында екі жол көлік оқиғасы араға көп уақыт оздырмай орын алған. Тасжолдың 195-інші шақырымында «Равон Нексия» көлігі тайғанақтап барып, қарсы беттегі «КамАЗ» жүк көлігіне соқтығысқан. Жеңіл көліктегі 61 жастағы жолаушыны ауруханаға жедел жеткізгенімен, ажалына араша түсе алмапты…

Қас қарайғанда «Шешенқара – Ащысу» жолында «Лексус» пен «Фольксваген Пассат» көлігі қақтығысып, оқиға орнында «Пассат» көлігінің жүргізушісі қаза тапқан. Бұдан басқа да көлік апаты көп тіркелген. Салдарынан 17 адам түрлі жарақат алған. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері мұның бәріне бір ғана себепті сөз етеді. Ол, әрине жазғы доңғалақты ауыстырып үлгермей, оның үстіне жылдамдықты асырып жүргендіктен.

Обалы нешік, ішкі істер органы дабыл қағып-ақ бақты. Әлі де ескертіп жатыр. Жүргізушілердің ерте қамданбай, немқұрайды қарағанынан деуге әсте болады. Осы тұста өз сөзімізге қарсы шығуға да тура келеді. Көлік доңғалағының шырқап сала берген бағасынан біз де қапаланып қалдық. Мүмкін дейік, қарапайым жүргізушілердің қалтасы көтермей жатқан да шығар…

Күні кеше ашық дерек көзінен байқап қалдық, OLX бағдарламасындағы сервистерге сараптама жасалыпты. Жаңа доңғалақтың құны 25 пайызға өскенін, дөңгелек ауыстыратын шиномонтаж қызметінің бағасы 12 пайызға қымбаттағын алға тартады әлгілер.

Көзбен көріп, көңілмен түйгеніміз мейлінше оң болар деп, автобазардың доңғалақ сататын бөлігін аралап шықтық. Құр араламай, жүргізушілердің назына да құлақ түрген едік.

– Былтыр ғана «Патриот» көлігіме қысқы доңғалақтың төртеуін 120 мыңға алған едік. Ауылдық жерде тұратын болған соң, тау мен таста жиі жүреміз. Алған доңғалақты бір қыс қана пайдаланамыз, – дейді Бүркіт есімді жүргізуші. – Былтырғы белорустық шинаны тағы да алдым. Бұл жолы төртеуіне 160 мың теңге төледім. Сонда ақшаңызда құн болмай бара жатыр.

Ал Асхат есімді жүргізуші R18 өлшемі бойынша дөңгелек іздеп жүр екен.

– Мен іздеп жүрген дөңгелектің бағасы екі есе өсіпті. Алдыңғы жылы 22 мыңға алған едік, биыл кемі 45 мың теңге сұрап тұр. Жарайды, бізде тәубе, ақша бар. Ал, қарапайым жүргізушілер қалай алуы керек? Көлігін несиеге алса, оның дөңгелегін де қарызға батып, бөліп төлеуі керек пе? Бағаға шектеу қоятын ешкім жоқ па? – деп басын шайқайды…

Біз де бағаның не себепті аспандап кеткенін саудагерлерден білмек болып едік, ашылып айта қоймады. Ашынып жүрген тек сатып алушылар ғана. «Фирмадан осылай келеді. Біз тек тиын ғана қосамыз» деген қысқаша жауап қайырады.

Қазір шиномонтаждағылардың да мұрын сіңбіруге мүмкіндігі жоқ. Тіпті, тәулік бойы жұмыс істеп жатқандары бар. «2гис» құрылғысы Қарағандыда 233 шиномонтаждың барын көрсетеді. Аталған сервиске өздерін тіркемейтіндері де баршылық емес пе? Болжам бойынша 300-ден асып жығылады. Тәттімбет көшесіндегі шиномонтаждың біріне соғып, Ернұр есімді еңбек адамымен жағаласа жүріп, жөн сұрастық. Күніне 40-50-ге жуық көлікке қызмет көрсетеді.

– Бізде жұмыс қыза түсетін екі ғана мезгіл бар. Сол себепті, күні-түні жұмыс істеуге тура келеді. Иә, жүргізушілердің бағаға байланысты реніш білдіретін жөні бар. Былтырғыдан қымбаттады сәл. Биыл 4 дөңгелекті 6 мың теңгеге ауыстырып береміз. Тіпті, 8 мың, 10 мыңға дейін ауыстыратын шиномонтаждар бар. Біз тек, бұл ақшаға ауыстыра салмаймыз, баллонды арнайы аппаратпен теңестіреміз. Күні-түні тоғымыз айналады. Онымен қоса, ұзын-сонар кезекке тұрған көліктің бәріне қызмет көрсету керекпіз. Еселі еңбекті ескерген де жөн, – дейді Ернұр. Қарап отырсақ, Астанадағы нарықпен теңесіп қалыпты біздікі де…

Біздің шарықтап бара жатқан бағаға деген үркінішімізді бір үміт жеңеді. Іргеміздегі Саран қаласында шина зауыты сапалы дөңгелек шығарса, шет елдің өнімін өгейсініп қалармыз деген. Өндіріс ошағының жылына 3 млн жеңіл көліктің дөңгелегін өндіреміз деген жоспары о бастан бар. Шина өзімізден шығатындықтан, баға да қалта көтеретіндей болса игі еді…

Ал әзірге амалдың жоқтығы бағасына бұртиып қарап отырудың қажеті шамалы екенін ұғындырады. Қарағандының полиция департаменті әлі де қатты ескертеді. «Ауа-райы тез құбылатындықтан, шина ауыстыруды кейінге шегермеген жөн», – дейді.

– Кеден одағының 018/2011 «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті бойынша қысқы шина салынбаған көлікті басқаруға тыйым салынады. Қыста жазғы шинамен жүргендер Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы, 5-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша 5 АЕК (15 900 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Сондықтан, сақтықта қорлық жоқ. Осыны қатты ескерсеңіздер, – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.
Сөз түйіні, жолда көңіліңіз алаң болмас үшін, көлігіңізге бүрі бар дөңгелек салып алғаныңыз абзал. Жолыңыз болсын, жолаушы!

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button