Жаңалықтар

Әсем АКИШЕВА: «Қазақ әйелдері сауатты болуы керек»

Қарағандыда орталық көп. Алайда, нақты пайдасы бар ма деген сұраққа келгенде кібіртіктеп қалатынымыз рас. Жақында ғана «Даму» атты жаңа орталықтың тұсауы кесілгенін естідік. Яғни, орталықтағылардың басты мақсаты – исламдағы әйелдерді замана көшінен қалдырмай, алға қарай ілгерілету. Жаңа орталықтың алдағы жоспары жайлы идея авторы Әсем АКИШЕВАМЕН аз-кем әңгімелескен едік…

– Әсем Арыстанбекқызы, әуелі «Даму» орталықтарыңыздың ғұмыры ұзақ болсын деген тілек айтамыз. Әңгімені орталықты ашудағы басты идеядан бастасақ…

– Үлкен рақмет. Аты «Даму» деп айтып тұрғандай, үйдегі аналардың, әйелдерді бүгінгі заманға бейімдеу. Яғни, заманауи мамандықтарды оқыту, оған бағыт көрсету. Қазір өзіңіз білесіз, ұялы телефонның дәуірлеп тұрған уақыты. Сол арқылы адал табыс тауып, бала-шағасын асырап отырғандар бар. Тіпті, табыстың көп бөлігі сонда деуге де болады. Міне, сол мамандықтардың жілігін шағып, майын ішкен өкілдермен келіссөз жүргізіп, нәзік жандылардың былайша айтқанда көкжиегін кеңейту.
Орталық екі бағытта жұмыс жасайды. Бірінші заманауи мамандықтарға оқыту арқылы табыс табуды үйрету болса, екіншісі өз қызметтерімізді ұсыну.

Нақты қандай мамандықтар екенін айтсаңыз…

– Қазір аудиторияның көбісі инстаграм платформасында. Сауда да, бәрі де сонда. Міне, сол жерде жеке бренд қалыптастыру, бизнесті дамыту, аккаунт жүргізу сияқты жұмыстарды оқытады біздің команда. Түрлі тауарды суретке түсіріп, оны жариялау. Мобилографтар арқылы видео түсіріп, оны монтаждау секілді жұмыстар кіреді. Міне, осыны игеріп шыққан SMM маманы болып шығады. Үйде отырып та осындай дәрежеге жеткізуге көмектесеміз. Тіпті, бизнес өкілдерімен келіссөзде жүргізіп береміз.

– Орталықтың ашылуы қалай өтті және қазір қандай жұмыстармен айналысасыздар?

– Орталықтың ресми ашылуы 20 ақпанда «Даму кеші» деген атпен өтті.Тренингке арнайы қонақтар, қаламыздың блогер арулары және 120-ға жуық ханымдар жиналды. Тренингте спикерлер «Заманауи мамандықтар арқылы қалай табыс табуға болады?», «Қаражат жинау сауаттылығы», «Жеке бренд қалыптастыру» және тағы басқа да қызықты тақырыптарға сөз қозғады. Фуршет дастарханы жайылып, мотивациялық ойындар өтті. Келген қатысушылар жылы лебіздерін білдіріп, жиі бас қосып тұрсақ деген тілектерін жеткізіп кетті.

– Орталықты ашу ойыңызда көптен бері жүрді ме?

– Үлкен арманымның бірі еді. Қалай жеткізсем деген ойда жүрдім. Мемлекеттік мекемелерден де көмек сұрадым. Бірақ, жобасын сыздым да, қасымдағы серіктеріме сенім артып, «бісміллә» деп бастап кеттік. «Даму» орталығы мықты команда жинап, өсіп келеміз. Бірнеше экспертпен жұмыс жасап, заманауи мамандықтарды үйрететін ауқымды курс жазу үстіндеміз. Шағын кеңсе аштық. Енді, соның үшін жиһазбен толықтыру үстіндеміз. Идея авторы өзім. Бірлесіп ашқан инфопродюсерлерім – Ақмарал мен Ақнұр ханым. Өз ісінің нағыз мамандары. Біраз ауқымды жоспарымыз бар. Командамызды да мықты мамандармен толықтыруымыз керек. Түрлі бағыттағы шаралардан қалыс қалмай қатысып жүруіміз керек. Өзіміз де ұйымдастырамыз. Мысалы, кеше ғана инстаграмдағы парақшамыз арқылы тікелей эфир жүргіздік белгілі блогерлермен. Қор ашып. Кеше 200 000 теңгедей қаражат жиналды. Біз оны «Бірлік» қайырымдылық қорына аудардық. Міне, осы секілді игілікті істерге ат салысуымыз керек.

Бұған дейін қандай кәсіппен айналыстыңыз?

– Мамандығым бойынша жұмыс істемегелі біраз уақыт болды. Түрлі кәсіппен шұғылдандық. Қазір онлайн халал дүкенім бар. Онда түрлі дәрумен, үйге қажетті жабдық, сапалы азық-түлік және мұсылман заттарын саудалаймын. Осындай кәсіп түрлерін басқа да нәзік жандыларға үйреткім келеді. Мақсатым да – осы. Көбісі намаз оқитын әйелдер үйде отыру керек деп ойлайды. Жалпы, ислам кім-кімнің болсын білім алып, алға ұмтылғанын қалайды. Қазақ әйелдері сауатты, көзі ашық болу керек. Біздің орталық осыны меңзейді. Осы мақсатқа жету үшін де күш саламыз. Еңбек етеміз. Нәтижесін көрсетеміз. Енді тәй басқан орталық жайлы әзірге осыны айта аламын.

Мақсат-мұраттарыңызға жете беріңіздер. Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге зор алғыс білдіремін. Мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button