Жаңалықтар

Ел пікірі ескеріледі

Өткен жұмада Балқаш қаласының әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВТІҢ халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Шаһар басшысы тек былтыр ғана емес, сонымен бірге, соңғы жылдары атқарылған жұмыстар туралы баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті.

Ораз Қайсаұлы кездесудің ашылуында: «Жыл еліміз үшін ауыр күндермен басталды. Балқаштықтардың сол кездегі талаптарын орындау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Талаптар тізімі 30 тармақтан құралды. Олардың 15-і «Қазақмыс Корпорациясы» құзіретінде. Қалған 15 тармақ бойынша мемлекеттік органдар жұмыс істеді. Өткен жылға арналған іс-шаралардың негізгі басымдықтары мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, ынтымақтастық орнату және әлеуметтік қорғау, адами әлеуеттің дамуы, бағалардың алыпсатарлық жолмен өсуін болдырмау, экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелері болды», деді.

Шаһар басшысы жуырда қала халқымен кездесу өткізген облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке жолданған сауалдарға тоқталды. 10 тұрғынның мәселесі есепке алынғандығын айтты. Және қалалықтардан 20-ға жуық сұрақ мен ұсыныс түскенін, олардың бір бөлігін шешу үшін алдағы бюджетті нақтылауда қаржыландыруды мәслихат депутаттары қарастыратындығын мәлімдеді.

Қала әкімінің айтуынша, әуежайды қайта жаңарту, қаланың жеке секторының тұрғындары үшін жылу желілерін салу, суару жүйесін қайта жаңартуды қоса алғанда, экологиялық іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қоса, Балқаш-Алматы теміржол жолаушылар тасымалын ұйымдастыру және аймақ басшысының тапсырмасы бойынша, облыстық және республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерге енгізілмекші.

Биыл Балқашта ұзындығы 4 шақырым болатын екі автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда. Сейфуллин Амангелді көшесінен Сәтбаев көшесіне дейін және Абай Ж.Әбуғалиев көшесінен Спицын көшелеріне жаңа асфальт төселеді. Сондай-ақ, ауданы 10 000 шаршы метр жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Жалпы, Балқашта 46 мың шаршы метр жол жөнделеді. Соңғы жылдары тұрғын үй салу 15 пайызға өсті. 2021 жылдың қараша айында 10-шы мөлтек ауданда 45 пәтерлі №№16,17 екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында кредиттік жүйемен «Шаңырақ» бағыты бойынша салынды. Айта кетейік, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған үйлерге 124 отбасы қоныстанды. Олардың қатарында 32 көпбалалы, 57 аз қамтылған отбасы бар, деді Ораз Тәуірбеков.

Кездесуге қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарға жауап алып, әртүрлі сала бойынша ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Сонымен қатар, сауалдарын қала әкіміне онлайн режимде жолдап, тиісті жауап алды. Жиын соңында қала әкімі Ораз Тәуірбеков балқаштықтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button