АймақРесмиШахтинск

Шағын шаһардың келешегі жарқын

Шахтинск қаласында бір кездері қараусыз қалған ғимараттар қайта қалпына келтірілуде. Нәтижесінде, жұқпалы аурулар ауруханасы және екі үй жергілікті халықтың игілігіне берілді. Үйлердің бірі – көпбалалы отбасыларға, екіншісі – кезекте тұрғандардың басқа санаттарына тапсырылады. Бұл нысандардағы жұмыстармен Шахтинск қаласына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК арнайы танысты.

Орталық қалалық аурухананың аумағында қараусыз қалған шаруашылық бөлігі қалпына келтірілді. Бұған дейін ғимарат кәдеге жарамды екені анықталды. Сондықтан, оны инфекциялық госпиталь ретінде қайта құру туралы шешім қабылданды.

– Инфекциялық модуль ғимараты 30 төсекке есептелген. Оның бесеуі – реанимациялық. Жеке кіреберісі бар бокстар қарастырылған. Ішінде бәрі дайын. Аумақты абаттандыру қалды, – деді қалалық аурухананың бас дәрігері Марат Байманов.

Шахтинск қаласындағы бос тұрған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көпбалалы отбасыларға арналған 15 пәтерлі үйдің бірінде ішкі әрлеу жұмыстары басталды. Екіншісі, жалға берілетін үйде де белсенді құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

– Бізде 90-шы жылдардан бос қалған екі үй болды. Оларды коммуналдық меншікке рәсімдедік. Бір үй көпбалалы отбасыларға арналған. Онда 3 және 4 бөлмелі пәтерлер бар. Жыл соңына дейін барлық жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов.

Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысымен танысты. Ғимаратты салып беруді жергілікті кеншілер сұраған болатын. Бассейні бар спорт нысанын келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Айта кету керек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша қалада екі мектептің жөндеу жұмыстары аяқталып, №3 орта мектеп аумағында стадион абаттандырылды.

Сапар барысында аймақ басшысы Шахтинск қаласын дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

***

Шахандағы қазандық құрылысы 2021 жылы аяқталады. Қазір нысан құрылысында 50 адамнан құралған бригада жұмыс істейді. Жұмыс тәулік бойы жүргізілуде. Құрылыс осы жылдың шілде айында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша басталды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қазандық құрылысына назар аударып, жергілікті халықпен кездесті.

Шахандықтардың үйлеріне келесі жылыту кезеңінен бастап орталық қазандықтан жылу беріледі. Қазандық жаңа, энергия тиімділігін арттыратын технология бойынша салынуда. Бұл көмірдің кез келген түрін пайдалануға мүмкіндік береді. Қазандықтың қуаты елдімекен үшін жеткілікті болуы тиіс. Мамандардың айтуынша, бүкіл ауылға 35 гигакалория жетеді. Кент кеңейген жағдайда да жылу тапшылығы болмайды.

– Жаңа нысанда үш қазандық бар. Технология – төмен температуралы қайнау қабаты. Қазіргі уақытта біз ғимаратты жабуды аяқтаудамыз. Жабдық қазір нысанда. Алдағы аптада орнатамыз. Келесі жылы жылу трассасын жүргізіп, нысанды абаттандыруды аяқтаймыз, – деді құрылыс компаниясының бас директоры Әмір Дәулеталиев.

Кенттің өзінде орамішілік желілер салынуда. Жергілікті билік Жеңіс Қасымбекке жұмыс жоспар бойынша жүргізіліп жатқаны туралы баяндады.

Сонымен қатар, облыс әкімі кенттегі басқа да нысандарды аралады. Атап айтқанда, ол бос екі қабатты ғимаратты аралап көрді. Оны білім беру нысаны ретінде пайдалануға болады.

– Екі апта ішінде мұнда не істегілеріңіз келетіні туралы нақты жоспар жасаңыздар. Жақсы ғимарат. Сондықтан, жергілікті халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, қай бағытта бейімдеу керектігін ойластыру керек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан кейін аймақ басшысы кенттің ең өзекті мәселелерін көтерген тұрғындармен кездесті. Тұрғындар қарттар үйін жөндеу қажет екенін айтты. Балабақшалар немесе білім беру орталықтарын жасауға болатын бос ғимараттар бар. Қысқы уақытта айналысуға болатын спорт нысандары жоқ. Жаттықтырушылар да жеткіліксіз. Кенттік полиция бөлімінің бастығы жоқ. Жеке секторда интернет әлсіз. Кәріз жүйесін ауыстыру қажет.

– Бүгін сіздерді тыңдау үшін арнайы кездесіп отырмыз. Сіздер маған әлеуметтік желіде жаздыңыздар, шақырдыңыздар. Сондықтан, сіздердің пікірлеріңізді ескере отырып, кенттің дамуына басымдық бергіміз келеді. Барлық көтерілген мәселелер бойынша шешім табамыз. Белсенділік, жанашырлық және көмектесуге деген ықыластарыңыз үшін рахмет, – деп түйіндеді кездесуді облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button