Су қоймаға Бұқпа құяды
Былтыр Қарағандының орталық саябағына салынған мұз айдыны – қала тұрғындары үшін үлкен жаңалық болғанды. Қыс түссе, саябақ көркі – мұз айдыны. Ал, жазда – су қоймасы. Мұз еріген күні судың бетінде қоқыс қалдықтарының қалқып жүретіні қала тұрғындары үшін үйреншікті жағдайға айналды. Жұртшылық бұл мәселені талайдан бері көтеріп, айтып-ақ келеді. Алайда, әлі шешімін таппай тұр. Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет БӨЛЕКПАЕВ осы және қалаға қарасты басқа да саябақтардың маусымға әзірлік жұмыстарымен танысу үшін жауапты тұлғалармен кездесті.
бүгінгі таңда орталық саябақты дамыту тұжырымдамасы әзірленген. Оның ішінде сауда объектілері мен түрлі аттракциондар келушілер үшін ыңғайлы әлі таңдаулы дизайнда салынбақ. Ең бастысы, қауіпсіздік сапасы – жоғары деңгейде. Сонымен қатар, ауаға түтін шығаратын қоғамдық тамақтану орындары жұмысын тоқтатып, «жабайы» сауда нүктелері жойылады.
– Кәсіпкерлер саябақ әкімшілігімен келісе отырып, павильонын орнату кезінде оның дизайнын бірлесе жасайтын болады. Саябақтағы қызып тұрған бизнестің бірі – велосипед арендасы. Былтырғы жылдың шілде-тамыз айында велосипедпен жүруді реттейтін белгілер мен саябақ маңына механикалық және автоматты бағдаршамдар орнатылды. Маусым айында саябақтың барлық жеріне 243 бақылау камерасы қойылды. Патрульдік полицияның қосымша пункті ашылды. Ал, тамыздан бастап қысқы демалыс тұжырымдамасын әзірлеуді бастаған едік. Нәтижесінде, орталық саябақтан жаңа мұз айдыны ашылды. Былтырғы жылдың 15 желтоқсанынан бастап есептегенде, бүгінге дейін 27 мыңнан астам адам конькиді жалға алыпты. Бүгінде жаз маусымына әзірлік жұмыстары басталып кетті. Саябақтың барлық жеріндегі жарықшамдары жаңартылады. Сонымен қатар, тек саябақтың ішінде емес, айналасына толығымен жарық шамдары орнатылмақ. Қазір жұмыс алгоритмі әзірленіп, конкурс жүргізілуде, – деді Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының басшысы Талғат Байтохин.
Жазғы маусымнан бастап саябақта ана мен бала бөлмелері іске қосылады. Қыста жылынып, жазда бой жазу үшін барлық жағдай қарастырылған. Жылы су да ішінде. Спорттық алаңдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Футбол алаңдарына жасанды көгал төселіп, қақпалар қойылады. Қоршаулары да биіктетіледі. Баскетбол алаңдары жаңадан құйылып, себеттері жаңартылмақ. Сондай-ақ, теннис, волейбол алаңдарына да монтаждау жүргізіледі. Келешекте орталық саябақтағы су қоймаға Бұқпа өзені құятын болады. Бүгінгі таңда мамандар жер асты каналының жоспарын әзірлеуде. Нәтижесінде, судың көлемі артып, аумақтың ластануына жол бермейді.– Былтырғы жылдың маусым айында «Су ғылыми-технологиялық орталығы» мамандары орталық саябақтағы көлден су сынамасын алып, сапасы мен патогенді микрофлорасына талдау жасады. Талдау нәтижелеріне сүйене, хлорелла бактериясымен көлдің беті мен түбін тазартуға шешім қабылданды. Бактериялаудың бірінші кезеңі ақпан айының соңына жоспарланып отыр. Жазда су астындағы балдырлардың өсуі жиілейді. Соның алдын алу үшінжұмыстар тыңғылықты атқарылады. Көл тазартылғаннан кейін ақ амур және күміс тұқы балығы жіберіледі, – деді Талғат Нұрғазыұлы.
Саябақтың кіреберіс аркасы да жаңартылады. 250 шаршы метрден астам жерге ағаш ойын кешені орнатылады. Көше музыканттары мен әртістерге арналған шатырлы сахна, үрмелі оркестрге арналған би алаңы бой көтереді. Сонымен қатар, қарт адамдарға арналған жаттығу құралдары орналастырылады. Су қойма жағалауына пирстер, жатақтар мен күркелер орнатылады. Су құстарын тамақтандыру үшін баспалдақтар мен сатылар салынады.
– Саябақ тек әдемі, жайлы демалыс орны ғана емес, көпфункционалды болуы шарт. Онда апта сайын мәдени фестивальдер, спорттық додалар мен би жарыстары өткізілуі тиіс. Қала тұрғындары демалыс күндері ғана емес, жұмыс күндері де келіп, мереке атмосферасын сезінсін. Кез келген жастағы адамдарға жағдай жасауымыз керек, – деді қала әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы.
Айта кетейік, тек Қарағандыдағы орталық саябақ қана емес Майқұдық, Пришахтинск және Оңтүстік-Шығыс шағыстағы саябақтар да ретке келтіріледі.
Ербол ЕРБОЛАТ.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.