Жаңалықтар

Айбынды Ата Заң

Елдің Тәуелсіздік тұғырына қонғаннан бергі тарихында небір нәтижелі де жемісті жылды артқа тастаппыз. ҚР Конституциясы – тәуелсіз мемлекеттің іргесін нығайту мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолында бағыт-бағдар сілтеген бірден-бір басты заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер айшықты құжат.

Конституция – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң. Ол бүгінде мемлекетті мекендеген ұлт пен ұлыстың жарасымды өмір сүруінің кепіліне айналған. Ата Заң аясында кең байтақ Қазақстан әлем алдында экономикалық реформалар жүргізу мен демократиялық қоғам қалыптастыруда, түрлі ұлт өкілінің бейбіт өмір сүруі және әлеуметтік мәселенің оң шешім табуы жағынан үлгі болып отыр.

Ұлттық болмысты безбендеген заңдық қағидалар мен өркениеттік Заңдық ережелерді жастардың бойына сіңіру және Ата Заңды құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу – кезек күттірмейтін қастерлі міндет. Ата-баба аңсаған Тәуелсіздікке қол жетіп, Егемендіктің еңсесі нығайып, көпұлтты Қазақстан көркейіп, ел экономикасы өсіп-өркендеп, халықтың әл-ауқаты артып, дамудың даңғыл жолын таңдадық. Қыруар қайратты, еңселі еңбекті қажет етер күрделі де, қиын өмір өткелінен өттік.

1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Жаңа Конституцияны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамызда референдумда бірауыздан мақұлдады. Біздің ел Ата Заң аясында тарих үшін аз мерзімде саяси тұрақтылық берік қалыптасқан, іргесі мықты мемлекет ретінде дүние жүзіне танылды. Ата Заң мемлекеттің тарихи дамуының негізі ғана емес, ол — барлық заңдардың бастауы. Онда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылық, сондай-ақ билік тармақтарының қоғамдығы рөлі нақты тұжырымдалған. Ата Заң – біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың құқықтық қайнар көзі.

Сонымен, айбарлы Ата Заңымыз – елдің басты саяси-құқықтық құжаты. Заңға бағыну – тәртіп, ал тәртіп бар жерде тәрбие, жауапкершілік сияқты адами қасиет қатар жүреді. Сол қасиет қоғам дамуына негіз болады. Өз Отанын танып, сүюі, оның заңдарына бағынуы – бұл әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауы.

Лаура ЗАБИКОВА,

О.Жұмабеков атындағы ЖОББ мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button