Жақыныңызға жанашыр – өзіңіз
Індеттің ізім-қайым жоғалып, бетпердесіз бейқам жүретін күнді әзірге ешкім тап басып айта алар емес. Дүние жүзінің дуалы ауыз ғалымдары адамзатқа күні кешеге дейін беймәлім вирустың табиғаты туралы түрлі зерттеу жасауда. Бірақ, бір байламға әлі келген жоқ. Індеттің тырнағына қайта ілікпеген мемлекет кемде-кем. Соның ішінде, бүгінде Еуропа, АҚШ елдеріндегі жағдай әлемді де алаңдатып отыр. Еуропаның бірқатар елі қатаң карантиндік шараға көшті. 19 мемлекеті – «қызыл аймақта». Бұл елдерде өлім-жітім көрсеткіші – 40 пайызға жетті деп дабыл қағылды кеше. Ал, Аллаға шүкір, Қазақстандағы ахуал – тұрақты. Алайда, бұл – індет жоқ деген сөз емес. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны елімізде 27 қазандағы жағдай бойынша – 148. Мұның сыртында, коронавирустық пневмонияға шалдыққандар –10. Қарағанды аймағында өткен тәулікте вирус тағы 12 адамнан анықталған.
Көрші облыстарда науқастардың көбеюіне байланысты алдын алу шараларын қабылдау және коронавирус инфекциясында эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне жол бермеу мақсатында 19 қазанда сағат 00:00-ден бастап карантин шаралары күшейгені мәлім. Сонымен қатар, облыста індеттің екінші толқынының алдын алу үшін дайындық жұмыстары жіті назарда.
Денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, Жезқазған қаласында модульдік тәсілмен салынған және қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жарақтандырылған, қуаты 200 төсектік жаңа инфекциялық аурухана пациенттерді қабылдауға дайындық үстінде. Қарашада облыстың 4 қаласында (Абай, Балқаш, Теміртау, Шахтинск) инфекциялық ауруханаларды жаңғырту және жөндеу аяқталады. Ауруханаларды заманауи медициналық техникамен жабдықтау да күшейген. Тыныс алу жүйесінің ауруларын уақытылы диагностикалау мен емдеуге арналған жабдықтарға баса назар аударылып отыр. Өкпені жасанды желдететін 223 аппарат, 2400 оттегі концентраторы, 2600 пульсоксиметр, 40 цифрлық рентген аппараты сатып алынған. Бұдан басқа, пациенттерді оттегімен қамтамасыз ету медициналық газды берудің орталықтандырылған жүйелерін орнату арқылы шешіледі. Ондай 25 нысан бар.
Емханалық мобильді бригадалар қосымша 122 көлікпен толыққан. Жедел медициналық жәрдем қызметі үшін 60 реанимобиль жеткізіледі. Облыста 17 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 5-еуі бес қалада іске қосылады. Қазір облыста қуатты тәулігіне 7 мың зерттеу жүргізетін 6 ПТР – зертхана бар. Жоспарланған тағы 3 зертхана іске қосылғанда ПТР-зертханалардың жалпы қуаты тәулігіне 10000 тестке дейін артады.
– Біздің ең осал азаматтарымыз – жасы ұлайған адамдар үшін вирустық инфекциямен сырқаттанудың маусымдық көтерілуі кезеңінде емханаға барудың қажеттілігі тумайтындай жағдай жасауға тырысамыз. Медициналық қызметтердің көпшілігі үйде көрсетілетін болады, диспансерлік есепте тұрған барлық пациенттер 3 айға – қаңтарға дейін қажетті дәрі-дәрмек қорымен қамтылады. Бұл вирустық инфекцияның таралуы жоғары кезеңінде әлеуметтік қашықтықты сақтауға мүмкіндік береді. Мамандардан кеңес алғысы келетіндерге ыңғайлы болу үшін виртуалды консультативтікдиагностикалық орталық жұмысын қайта бастайды, – дейді облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Дегенмен, мамандар қауіпсіздік шараларын ұстану арқылы әркім өзін де, жақындарын да аман сақтайтынын айтудан жалығар емес. Бұдан бірер күн бұрын өткен ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысында Үкімет басшысы Асқар Мамин шектеу шараларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі мониторингтік топтардың жұмыс тиімділігінің төмендігін, азаматтардың карантин режимін және бизнес субъектілерінің санитарлық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету, байланыста болған адамдар мен науқастарды қадағалау жөніндегі жұмыстың нашарлығын атап өткен болатын. Сондай-ақ, Премьер-Министр халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын әуе компанияларына ПТР-тестінің нәтижесі туралы анықтамасы жоқ жолаушыларды ұшаққа отырғызуға тыйым салғызу, рентген аппараттарын, жылжымалы медициналық кешендерді жеткізуді жеделдетуді тапсырды.
Ал, аймақ әкімдеріне карантин режимін сақтау жөнінде арнайы кеңес өткізу, мектептер мен медицина ұйымдарында санитарлық режимді сақтау жөніндегі жұмыстың ұйымдастырылуын жеке бақылауына алуды міндеттеген еді.
Бүгінгі күннің ұраны «Жақыныңызға жанашыр – өзіңіз».
Қызғалдақ АЙТЖАН.