Жаңалықтар

Тамыз ҰБТ-сы басталды

Елімізде тамыз ҰБТ-сы басталды. Тестілеуге 20 мыңнан астам өтініш қабылданды. Талапкерлерді тіркеу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 25-30 шілде аралығында жүргізілген еді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.Тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуді қайта тапсырып, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге мүмкіндік беру үшін өткізіледі. Еске сала кетсек, бұл ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардың мектеп және колледж түлектері, шетелдік мектептерде білім алғандар қатыса алады.

Тамыздағы тестілеу электронды форматта 10-13 тамыз аралығында өтеді. Тіркелу кезінде тест тапсыратын талапкерлер емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдады.
«Шекті балл жинай алмаған талапкерлердің ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін тамыз айында қайта тестілеуден өтуге жағдай жасадық. Оқуға түсу үшін шектік балл және әр пәннен кемінде 5 балл жинау қажет. Негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын тамыз тестілеуінде өзгертіп, тестілеуге қатыса алатындығын айта кеткен жөн», – деді ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Сонымен қатар, жоғары оқу орнына ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуын жалғастыруды мақсат еткен колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button