Облыс әкіміРесми

Құрметті Қарағанды облысының тұрғындары, қадірлі жерлестер!

Сіздерді Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

29 жыл бұрын Қазақстан Президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтіп, онда көпшілік дауыспен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеңіске жетті. Жаңа мемлекеттің құрылуы мен қалыптасуында, жаңа саяси жүйенің принциптерін құруда негізгі рөл Елбасымызға тиесілі. Біздің халқымыз оған жаңа Тәуелсіз Қазақстанның жобалануы мен құрылысын сеніп тапсырды.

Елбасының арқасында бейбітшілік пен келісім Тәуелсіз Қазақстанның көрнекті бейнесіне айналды. Тұңғыш Президент айтқандай: «Бірлігі бекем елдің алмайтын асуы жоқ!» Сонымен қатар, Қазақстан өзінің ұлттық бірлігінің бірегей стандартын жасай алды. Бұл үдерісте Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор.

Биылғы жыл тарихи даталарға бай. ҚР Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы. Сонымен қатар, біз алдағы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтетін боламыз. Осынау айтулы оқиғалардың қатарында Тұңғыш Президент күні де бар.

Осы жылдар ішінде біз басқа мемлекеттердің ғасырлар бойы жүріп өткен жолынан өттік. Елбасының көреген саясатының арқасында елімізде атом қаруына тыйым салынып, полигон жабылды. Көрші мемлекеттермен шекарамыз айқындалып, ашық және нарықтық экономика құрылып, Шығыс пен Батысты жалғаған көлік дәлізі іске қосылды. Сонымен қатар, біз инфрақұрылымдық және индустриялық даму бағдарламаларын табысты жүзеге асырып келеміз. Бұл біздің жеткен жетістіктеріміздің бір бөлігі ғана.

Бірінші болу қашанда қиын, әрі үлкен жауапкершілік. Жаңа елдің Тұңғыш Президенті болу оның тарихына мәңгіге ену деген сөз. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманғы жаңа мемлекеттің негізін қалаушы ғана емес, ол нағыз ұлт Көшбасшысына, Тәуелсіздігіміздің символына айналды.

Құрметті жерлестер, сіздерді Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтап, жаңа жетістіктер мен табыс тілейміз!

Жеңіс ҚАСЫМБЕК,

Қарағанды облысының әкімі.

Серік ӨТЕШОВ,

облыстық мәслихаттың хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button