ҚОНАЕВТЫҢ қолы тиген

Балқаш қаласының Қоңырат шағын ауданында мемлекет қайраткері, қазақтың аймаңдай ұлы Дінмұхамед ҚОНАЕВ алғаш еңбек жолын бастағанда жұмыс жасаған бұрғылау станогы тұр.

Қоңырат жер қойнауын жарған бұрғылау станогы 1967 жылы ескерткіш санатына енгізіліп, мемлекеттік қорғауға алынған. Алғашқыда айтулы станок кеніштің кіреберіс жолында тұрған көрінеді. Кейін Қоңырат шағын ауданының мәдениет үйінің маңына орналастырылған.

– Димаш атамыз 1936 жылы Мәскеу институтының тау-кен факультетін бітірген соң Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішіне жіберілген екен. Осында бұрғылау станогы машинисінің көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. Кейін машинист, цех бастығы, кеніштің бас инженері және директоры қызметтерін атқарған. 1937 жылы Қонаев басқарған бөлімше ауыспалы Қызыл Туды өздеріне сақтау үшін 10 күндік тапсырмасын 122 пайызға орындады. Бұл бұрғылау станогында машинист болып, Димаш атамыздан басқа Т.Тоғайбаев, Б.Тақабаев, Т.Нұржанов, С.Горбунов, Т.Шұбаров, К.Шұбаров, А.Жазыбаев, М.Сыздықов, И.Климов, А.Мәмбетов, Н.Воронов, А.Тоқжанов, К.Таубаев, Д.Шайхин, Д.Сопжанов, К.Исатаев есімді еңбек озаттары еңбек еткен, – дейді тарихшы Дәулет Қожақов.

Айта кетейік, Балқаш қаласының дамуына қосқан жеке үлесі үшін Д.Қонаевқа Балқаш қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Сонымен қатар, ұлы тұлға тұрған Қоңырат шағын ауданындағы үйге мемориалдық тақта орнатылды.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.