Жаңалықтар

«Saryarqa aqparat» медиахолдингі Наурыз мерекесін тойлады

«Saryarqa aqparat» медиахолдингінің әкімшілігі мен холдинг құрамына қарасты «Ortalyq Qazaqstan» газеті, «Индустриальная Караганда» газетінің ұжымы, сонымен қоса, Интернет редакциясының ұжымы өз ішінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлады. Әр ұжым өз алдына жеке ойын-сауық ұйымдастырып, өнерлерін ортаға салды. Ұлттық тағамдардан дәм ұсынды. Олардың өнеріне баға беретін комиссия мүшелері құрылды. Арнайы шақырылған Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫН медиахолдинг ұжымын Наурыз мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді. 

«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деген қазақ халқы үшін Наурыз мерекесінің орны ерек. Қазақ халқы үшін бұл – Жаңа жылдың басы. Осыншалық маңызға ие Наурыз мерекесін «Saryarqa aqparat» медиахолдингі де тойлады. «Келер жыл молшылығымен келсін» деп ырымдайтын қазақ халқы дастарханнан дәм кетірмеген. Бауырсақ пен шелпегі, ағарғаны мен еті де, құрт-ірімшігі әр ұжымның дастарханынан табылды.

«Ortalyq Qazaqstan» газеті редакциясына келген жұртшылық арқан тартып, кір тасын көтеруден сынға түсті. Құс салып, аң аулап жүрген аңшылар Бүркіттерін әкеліп, таныстырды. Мерекелік көңіл-күймен жиылған көпшілік асық атты. Сонымен қоса, дәстүрлі әнші Дулат Ахан келіп, ән әуелетті. 

Ең көрнекті тұсы – редакцияда тұсаукесер рәсімі өтті. «Баланың болашағы жарқын, жолы ашық болсын, үлкен азамат болып, ер жетсін!» деген ақ тілектерін жеткізді.

Ал, «Индустриальная Караганда» газетінің ұжымы да мерекеге ерекше дайындалды. Арнайы әзірленген дастарханнан дәм ұсынып, орыс қызы қазақтың әнінен шашу шашты.

Одан бөлек, Интернет редакция кабинетті арнайы жабдықтап, шаңырақ құрып, беташар рәсімін өткізді.

Комиссия мүшелері әр ұжымның өнеріне баға беріп, номинация бойынша марапаттады. Сонымен қоса, сыйлық табыс етті.

«Ortalyq Qazaqstan» газеті редакциясының ұжымы «Ұлттық құндылықтар ұясы» номинациясымен марапатталды. Ал, «Life09» және «Saryarqa news» ақпараттық агенттігінен құралған Интернет редакция ұжымының өнеріне баға берген комиссия мүшелері «Өнерлі ұжым» номинациясына лайық деп тапты. «Индустриальная Караганда» газетінің редакциясына «Креативті ұжым» номинациясы берілді. Сонымен қоса, медиахолдингтің әкімшілік бөлімі «Берекелі дастархан» номинациясына ие болды.

Басқа материалдар

Back to top button