Коронавирус

Басты талап – сақтық шаралары

Карантин шаралары жеңілдетілгенімен, Қарағанды облысында санитарлық-эпидемиологиялық режимнің сақталуы – қатаң бақылауда. Облыстың барлық елді мекендерінде дезинфекциялық жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктердегі алдын алу, бақылау шаралары да күшейтіле түсті. Ірі сауда орындары мен мекемелердің де санитарлық талаптарға жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздікті күшейткені де анық байқалады.

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында COVID-19 бойынша шектеу шараларымен қатар, жұмысына кіріскен бизнес өкілдері вирус жұқтырудың алдын алу үшін үшін «не істеп, не қоюы» керектігі егжей-тегжейлі жазылған. Дүйім жұрттың назарына ұсынылған бұл құжатта көрсетілген талаптарға бой ұсынсақ, вирустан түбегейлі құтылмасақ та, күн ысығанда тұрғындардың індеттен аман болары сөзсіз.

Дегенмен, «Сақтықта қорлық жоқ». Осы мақсатта облыс бойынша COVID-19 бойынша шектеу шаралардың орындалуын қадағалайтын 65 мобильдік топ құрылған болатын. Құрамында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары, полиция қызметкерлері, облыстағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар бұл топтың негізгі міндеті – бас санитарлық дәрігердің «Карантин жайлы және Қарағанды облысы аумағында карантин шараларын одан әрі жеңілдету туралы» қаулысында көрсетілген шектеу шараларының орындалысын қадағалау. Күн-түн демей, залалсыздандыру шараларының орындалуы мен санитарлық нормалардың сақталуының күзетінде жүрген топ мүшелері режим бұзғандарға қатаң әкімшілік санкциялар қолданып та үлгерген. Одан бөлек, аталмыш топ ортақ тәртіпке бағынбаған бизнес өкілдерінің қызметін тоқтатуға да қауқарлы.

Облыста 100 балабақшада кезекші топтар, 12 коррекция кабинеттері жұмысын бастайды. Одан бөлек, 8 маусымнан қосымша білім беру нысандары, балалар мен ересектерге арналған даму орталықтарының жұмыстары жанданады. Мекемелерде санитарлық талаптар сақталмай, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізбегендер болса, заң аясында жазасын да алады. Бұл үшін «Әкімшілік құқықбұзушылық» туралы кодекстің арнайы бабы да бар. «Төтенше жағдай режимін бұзу» деп аталатын 476-бапта мемлекеттік орган белгілеген режимді бұзғанға немесе талаптарын орындамағанға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынатыны жазылған.

Жазаның қатаңдығына, айыппұл мөлшерінің ауқымдылығына қарамастан, жаза басып, мобильдік топтың құрығына іліккендер де жоқ емес. Осындай нысандар бойынша полиция органдары соттың қарауына 406 іс тапсырған. Оның 111-і соттың шешімімен қызметін тоқтатса, 265-і 10 айлық есептік көрсеткіші көлемінде айыппұл төлейді. Ал, 9 нысан ескерту алған. Ал, қалғандары сот үкімін күтуде.

Облыста коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары толастаған жоқ. Осыған байланысты қалаішілік жолаушы тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктерде де санитарлық режимнің қатаң қадағалануы – басты назарда. Бүгінгі күнге дейін тексерістен өткен 508 автокөліктің 505-і залалсыздандыру құралдарымен салон ішін өңдеп, жолаушылар да, жүргізушілер мен кондукторлар да бетперде киетіні анықталды. Қалған үшеуіне ескерту жасалды. Егер кемшілік қайталанатын болса, олардың халыққа қызмет көрсетуіне тыйым салынады.

Әлбетте, вирус қолға ұсталмайды, көзге көрінбейді. Дертке шалдығып, сан соғып қалмау үшін әркімнің сақтық шараларын ұстануы – аса маңызды. Бір адамнан басталып, дүйім жұртқа таралатын індетті қатаң тәртіптің ғана жеңе алатынын өзге елдердің тәжірибесі дәлелдеді. Бас санитарлық дәрігердің карантин жағдайындағы шектеу шараларына қатысты қаулысының қапысыз орындалуы – құзырлы мекемелердің ғана емес, облыстың әр тұрғынының тікелей міндеті.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button