Техникадан тапшылық болмайды
Қазіргі таңда жоғары сынып оқушылары мен студенттер қашықтан білім алуда. Онлайн оқыту үшін қажетті техникалық базамен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Биыл осы жұмысты жүзеге асыру үшін 28 058 бірлік компьютерлік техника (оның ішінде: компьютерлер – 2 920, Ноутбуктер – 21 355, планшеттер – 3 783) сатып алу үшін республикалық бюджеттен жалпы сомасы 4 млрд. 345 млн. 314 мың 927 теңге қаржы бөлінді. Компьютерлік техника ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған техникалық ерекшелікке сәйкес сатып алынды.
Бүгінгі таңда 2 920 компьютер сатып алынып, өңірлерге таратылды.
Ал, 21 355 дана ноутбук биылғы жылдың 1 қарашасында жеткізілді. Қазір өңірлерге тарату жұмыстары жүргізілуде.
Компьютерлік техниканы қабылдауды жұмыс тобы жүзеге асырады. Оның құрамына облыстық білім басқармасының, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қарағанды облысы бойынша департаментінің, облыстық кәсіпкерлер палатасының, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының, Қарағанды облысы әкімдігі цифрландыру басқармасының өкілдері, жүйелік техниктер, инженер-бағдарламашылар кірді.
Енді, осы сатып алынған қажетті техниканың арқасында қашықтан білім беру мәселесінде аймақ мектептерінде қиындық туындамай, білім алушылар бағдарламадан артта қалмай, сапалы білім алуы күтілуде.
Жәлел ШАЛҚАР.