Қазақ әйелінің дидары

Қазақ әйелі… Қырық жыл қырғын болса да, жүрекке қайғы толса да, тайсалмайтын, талмайтын, заманнан да қалмайтын, әулетінің отын жағып, ұрпағын да жалғайтын аяулы ана…

Мен бүгін сондай ерекше әйел, қайсарлығы қанымен келген, талай сынақты басынан өткізсе де мойымаған, ұлағатты ұстаздық жолында шәкірт тәрбиелеп, құрсағынан шыққан үш құлынын да мұғалім мамандығына баулып жүрген алтын адам туралы жазуды жөн көрдім. Көптен бері көкейімде жүрген ойларымды қалың бұқарамен бөлісу үшін қолға қалам алдым.

Төрегелдінің Дидары – Қарағанды қаласының білім бөліміне қарасты, №61 жалпы білім беретін мектепте біраз жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытып келеді. Ол тек үйретуші ғана емес, оқушының жаны мен жүрегін баурап алатын «сиқыршы» деп айтсам артық болмас. Ақылы мен білімі, кең дариядай көңілімен астасып жатқан бұл әріптесіммен он жылдай бұрын танысқан болатынмын. Бойында әйелге тән нәзіктігі көрініп-ақ тұрғанымен, өзін әрқашан ер адамдарша көрсетіп, қандай қиын мәселеге болмасын білекті сыбана кірісіп кететін Дидардың даналығы мен даралығына талай жерде таңдай қаққанымды жасырмаймын.

Қарағанды облысының білім саласында өзін өзі брендке айналдырған ұстаздардың бірегейі деп білемін. Республикалық байқаулардың босағасына бара салып, бас жүлдені жұлып алып келетін Дидардың баланы дайындау стилі де ерекше екендігіне өзім куә болғаным бар. Атбегілер бәйгенің алдында аттарын қалай баптаса, Дидар ұстаз да оқушыларын дәл солай баптап, күтіп, үйіне алып келіп, тамағын алдына қойып, Абайдың, Мұқағалидың, Шәкәрімнің, Махамбеттің өлеңдерін жаттатып, Оралханның шығармаларын, Мұхтар Әуезовтың туындыларын талдатқанда, менің өзім Дидардың шәкірті болуды армандап кеткендей болдым. Ұстаздық тәлім-тәрбиесімен бірге, аналық мейірімін қоса беретін осындай мұғалімнен үлгі мен өнеге алған әрбір бала, нағыз тұлға болып шығатыны анық.

Дидар тек ұстаз ғана емес, ол –ана. Өмірде өз ұстанымы бар, пікірі мен көзқарасы қалыптасқан үш арудың, анасының ақ жолын жалғастырып, тағдырлары мектепте тоғысқан үш ұстаздың қамқоршысы. Айданасы С. Сейфуллин атындағы гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болса, Индирасы №34 мектепте, Айым атты ару қызымыз №61 мектепте, анасының жанында ағылшын тілінен сабақ береді.

Осындай ұстаздар династиясын қалыптастырған Дидар Қарсыбекқызы өмір жолында кездескен қиындықтарға қарамай, дауылдар мен жауындарға қарсы төтеп беріп, сүйікті мамандығын өрге сүйреп, талай игі істің басы- қасында жүрген жайы бар.

Олай болса, қазақ әйелінің нұрлы дидарына дақ түсірмей, өмірден өзінің ойып алар орнын тауып, ошағының отымен бірге, білімнің де алауын жаққан Төрегелдина Дидар Қарсыбекқызы жайлы сөзімді бір шумақ өлеңмен түйіндейін:

Иманды әрі ибалы,

Ақыл мен білім жиғаны.

Арманы асқақ әрқашан,

Қазақтың ару Дидары!

Айнұр ЖАПБАРҚҰЛОВА,

Ә. Бөкейхан атындағы ЖББМ

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі