АймақЖаңаарқа

Жарық жолындағы «ЖОРЫҚ»

Аудан аумағында 1965 жылы алғашқы электр желісі тартылып, құрылғысы қойылды. Соңғысының салынғанына да қырық жыл артта қалыпты. Қоғам мен экономикалық қатынастағы өзгерістен бұл сала да тыс қалмады: 2002 жылы 26 тамызда №1 сатып алу-сату шарты негізінде «Сакен» ЖШС қарамағына өтті. Ал, ол 2009 жылы 19 наурызда аудан аумағындағы электр желісі мен құрылғысын келісім-шартпен «Сакен и К» компаниясына сенімді басқаруға берді.

Кеңестік кезеңде-ақ кетеуі кете бастаған саланың жекеменшікке өткеннен кейін де жетіскені шамалы. Электр қуатын жеткізуші мекеме жүйелі жөндеу жүргізбегендіктен, аудандағы электр желісі мен құрылғысы таза тозған. Әрине, жергілікті билік сырттай бақылап, қол қусырып, қарап отырмады: кейінгі екі жылда 8 КТП, 3 шақырымға жуық электр желісін, 30 изолятор, 20 автомат айырбастады. Сондай-ақ, кейде кездесіп қалатын апаттық жағдайдағы жөндеу жұмысын да кент және ауылдық округ әкімдігі өз есебінен жасап отырды.

Бірақ, жабдықтаушы тарапынан тиісті жөндеу жоспарлы түрде жүргізілмеуі салдарынан жарықтың жалп етіп сөніп қалуы жиіледі. Оның үстіне «Сакен и К» мен жарықпен жарылқаушы «ҚазЭнергоОрталық» ЖШС арасындағы дау-дамай «жығылғанға – жұдырық» болып тиді. Аталмыш мекеме жұмысшылары бір жарым жылға жуық уақыттан бері жалақысыз жүр. Қаражаттан қысылып, бала-шағасының бабы келмеген адамдар аудан әкімдігінің жәрдеміне жүгінді, ықпал етуін сұрап ұжымдық шағым түсірді.

Алайда, жергілікті биліктің жекеменшік мекеме қызметіне килігуін заң көтермейтін еді. Дегенмен, өзектi мәселенің орайлы шешілуін ойлаған аудан әкімдігі мен аудандық прокуратура «Сакен и К» ЖШС жұмысшыларымен бірнеше мәрте жиын өткізіп, жағдайды нотариус немесе сотқа талап-арыз түсіру арқылы қалыпқа келтіруге болатынын түсіндірді. Бірақ, белсеніп ешкім шықпағандықтан, жергілікті атқарушы орган аталған мәселемен айналысуды әкімдік заңгеріне тапсырды.

Жұмысшылардың сенімді өкілі ретінде іске кіріскен заңгер ҚР «Нотариат туралы» Заңына сәйкес қажетті құжатты жинап, нотариусқа жүгінді. Сосын нотариаттық жазба әзірленіп, сенімді өкіл оны сот орындаушысына тапсырды. Сот орындаушысы қаулы шығарып, «Сакен и К» компаниясының барлық есеп-шотын бұғаттады. Бұл жерде іссапардың барлық шығынын әкімдік өзi көтерiп, жұмсалған басқа да қомақты қаржыны төлеуге демеуші тартқанын айта кеткен артық болмас.

Осы өзекті мәселеге бейжай қарамаған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мамырдың аяғында «Сакен и К» ЖШС-нің жалақысын ала алмай жүрген жұмысшыларымен жүздесті. Кездесуге облыстық құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімі және «Сакен и К» компаниясының құрылтайшысы қатысты. Кездесу кезінде компания басшылығы жалақыны жақын арада төлеуге уәде берді. Кездесуден кейін аудан әкімдігі қарыздың қайтарылуын жеделдету мақсатында «Сакен и К» ұжымымен тағы да жолығып, аудандық прокуратураға іс қозғау үшін арыздануға ықпал етті.

Сөйтіп, жарық жолындағы «жорық» ҚР Қылмыстық кодексі 152-бабының 1-бөлімі бойынша іс қозғауға ұласты, қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, аудан әкімдігі электр желісі мен құрылғысын коммуналдық меншікке алудың мүмкіндігін қарастыруда.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button