Бас тақырыпМәселе

«ҚҰРСАУЛЫ МЕКТЕП» бала қауіпсіздігіне бейқамдық

Бөгде ел айдан үлес алып, өзге ғаламшардан үй салғысы келген ХХІ ғасырдың жиырма жылдығында қабырғасы құрсауланған, төбесі қақыраған апатты мектеп бар дегенге адам біртүрлі сенгісі келмейді екен. Бірақ, көз көргенге көңіл сенбей қайда барады?! Не десек те, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы маңдайына бұйырмаған мектептер жоқ емес. Соның соры қалың біреуі – Қарқаралы ауданы Талды ауылындағы №19 мектеп. Биыл «Балалар жылы» аталса да, бұл ауылдың балалары жылдың жылуын сезінбейді-ау деген күдік қалың. Себебі, оқушылар жаңа оқу жылын апатты мектепте қарсы алып, «Төбесі қашан топ етер?» деген күдікпен тағы күнін өткізбек…

 

Қасым Аманжолов ауылдық округінің орталығындағы мектептің алғаш іргетасы 1989 жылы қаланған. Осы уақытқа дейін талай түлектерді қияға қанат қақтырды. 447 орындық мектеп. Қазір 200-ге жуық оқушысы бар. 70-ке жуық білім саласының қызметкері жемісті еңбек етеді. Негізі, елімізде өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасалып жатқанын жоққа шығару – әбестік. Десек те, мына мектеп бір қарын майды бұзған құмалақ секілді боп тұр.

Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, аталмыш білім ордасының құрылысы әу баста дұрыс жүргізілмеген. Ақыры арада жиырма жыл өтер-өтпесте, 2005 жылы мектептің қабырғалары қақырап, темір құрсауланды. Төбесіндегі жабындары шойынмен «шегеленді».

Аудан басшылары мектептің «қайғы-мұңынан» хабардар. Мәлімдеуінше, олардан кінә жоқ, бар құжатты құрылыс басқармасына ұсынған. Ендігі кезекте қалғаны – күту ғана. Аудандық «Аmanat» партиясы депутаттарның назарына іліккен мектептің жағдайы аудандық мәслихаттың сессиясында көтерілген. Алайда, жылға жуық уақыт өтсе де, жаңа мектеп салу жуық арада жобада жоқ екен.

Білім саласына жауапты аудандық және облыстық білім басқармалары «құрылыс жұмысына жауапты облыстық құрылыс басқармасы, біз тек қабылдап қана аламыз» деп жауап берді.

Ал, құрылыс басқармасының айтуынша, Талды ауылында 200 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. «Талды ауылында 200 орындық мектеп құрылысына жобалау-сметалық құжатын әзірлеу. Жобалаушы – «IN JOY Project» ЖШС. Сараптама құны – 7 млн. 540 мың теңге. Құрылыс жұмысы шамамен 1 млрд. теңгені құрайды. Жоба әзірлену сатысында. Қазіргі уақытта жер учаскесіне актілер алынды, инженерлік-геологиялық жұмыстар жүргізілуде, электрмен жабдықтауға, сумен жабдықтауға, телефондандыруға техникалық шарттар алынды. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау және кәріз жүйесі жоқ. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруге өтінім берілді», – дейді құрылыс басқармасы.

Былтыр арнайы мамандар мектептің техникалық жағдайына сараптама жасап, апатты деп таныған. Тіпті, сүрілуі керек деген қорытынды шығарған.

  «2021 жылғы 18 тамыздағы №158 келісім- шарт бойынша «Технострой-Инжиниринг 2050» техникалық қорытынды шығарған.

Ғимарат іргетасының апаттық жағдайына байланысты жарылулар мен олардың тұрақтауының динамикасы туралы мағлұмат алу үшін құрылымды гипстік маяк көмегімен бақылау тиімсіз болып табылады. Тексеру қорытындысы бойынша ғимараттың және апаттың анықталған жағдайында ғимаратқа демонтаждау жүргізу қажет. Жаңа құрылыс материалдарын және дренажды жүйе құрылымдарын пайдалана отырып, арнайы жобамен жаңа құрылыс жүргізілуі тиіс» дейді.

Төрт елді мекені бар ауылдық округ орталығында 843 адам тұрады. 200-ге жуық мектеп жасындағы оқушы бар. Бүгінгі күні мектепте 15 кабинет жұмыс жасайды.

– Қысты күні қақыраған қабырғадан ызғар өтеді. Тіпті, үстіңгі қабаттағы жабындары иіліп тұр. Қорыққанымызбен оқитын басқадай ыңғайлы орын жоқ. Еріксізден жанымызды шүберекке түйіп оқытуға мәжбүрміз, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген мектеп мұғалімі. Білуімізше, жаңа мектеп салу 2022-2025 жылдарға жоспарланған. Яғни, әлі үш жыл бар.

Мектептің жағдайы баршаға мәлім. Қабырғасы қақыраған мектептің төбесінен су өткенде электр тоғы іргеге жайылып, қаупі одан сайын күшейе түсетінін де біледі баршасы. Алайда, әрекет – баяу. Салғырттық сан соқтырған күні бармақ шайнап, жау кеткен соң қылышты тасқа шапқанның осыдан соң не керегі бар екен?!

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button