Ресми

Әлеуметтік мемлекет жолында

Қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктің негізгі идеяларының бірі әрбір азаматтың сапалы өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік мемлекет болып табылады. Облыста әлеуметтік мемлекет қағидаттарын іске асыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік инфрақұрылым көптеп шоғырланған. Мыңдаған әлеуметтік нысандар мен мекемелерде ондаған мың әріптесіміз халыққа күні-түні қызмет етуде. Бұл сала жұмысының тиімділігі біздің тұрғындардың әлеуметтік көңілкүйіне тікелей әсер етеді. Қазіргі таңдағы пандемия қиыншылықтары халыққа көрсетіліп жатқан жұмыстарға өз өзгерістерін енгізді. Қашықтықтан оқыту, онлайн концерттер, теле-спорт – осының барлығы бүгінгі күннің көрінісіне айналды. Осындай жағдайда маңызы салмақты әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы аз-кем сөз еткім келіп отыр.

Біріншіден, облыста әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен абаттандыруға айрықша басымдық берілген. Өңір тұрғындарының сапалы мемлекеттік әлеуметтік қызметтерді алуына қажетті жағдайлар жасау – біз үшін аса маңызды міндет. Бірқатар мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаның іске асуы арқасында былтырғымен салыстырғанда биыл халыққа қызмет көрсететін жүздеген әлеуметтік нысанды жөндеуге бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылды:

– білім беру нысандары – 3 есеге жуық (17 миллиард теңгеден астам);

– спорт нысандары – 10 еседей (шамамен 1,2 миллиард теңге);

– мәдениет нысандары – 4 еседей (3,9 миллиард теңгеге жуық).

Сонымен қатар, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселелерін шешу үшін облыста 6 мектептің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, 14 дене шынықтырусауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ұлытау тарихи-мәдени оазисін дамыту мақсатында Жошы хан кешенінің құрылысы мен бірқатар тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Екіншіден, имидждік іс-шараларға арналған шығындарды оңтайландырып, нәтижесінде, тиімді әрі xалыққа пайдалы жобаларды қаржыландыруды арттыра алдық. Мәселен, биылғы жылы өткен жылмен салыстырғанда жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған жобалар мен қаражат санын 10 есеге арттырдық (100 грантқа – 100 миллион теңге). Сонымен қатар, халықаралық институттардың қолдауымен облыста 200 миллион теңгеден астам сомаға Zhas Project жастар кәсіпкерлігін дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, жүздеген жас өздерінің бизнес-жобаларын іске асыруға мүмкіндік алуда. Жастардың бүгінгі күні өз кәсібін дамыту үшін гранттар тағайындау жөніндегі конкурстарға белсенді қатысып отырғаны қуантады. Облыс әкімдігі гранттарының бірінші жартысының (50) өзінде 400-ден астам жас маман өтініш берген. Өзіміз көріп отырғандай, бәсекелестік те артып келеді. Демек, бұл жобалардың сапасы мен өміршеңдігінің артуына да септігін тигізуде…

Мәдениет саласында да осындай жұмыстар жүргізілуде. Біз кейбір халықаралық фестивальдердің қаражатын шығармашыл жастар мен балаларға арналған облыстық конкурстарға бағыттау үстіндеміз. Бұл жас таланттарды анықтау мен қолдау, қамқорлыққа алу мақсатында жасалуда.

Әрине, әлемдік пандемия біздің бірқатар жоспарларымызды шегеруге мәжбүр етуде, бірақ бұл жобалар қандай да бір мүмкіндік бола қойған жағдайда жүзеге асырылатын болады.

Үшіншіден, біз дамудың проблемалық аспектілері мен перспективалық бағыттарын ерекше назарда ұстаймыз. Сондықтан, барлық бағыт бойынша кешенді талдамалық пысықтау жұмыстарын жүргіздік, оның нәтижелері бойынша проблемалық аспектілерді шешуге және әлеуметтік дамудың осал тұстарын жақсартуға бағытталған жол карталары әзірленді. Осылайша, тиімді дамуды қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда.

– Мәселен, жастар арасындағы ажырасуды азайту және отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында ақпараттық-түсіндіру және консультациялық іс-шараларға негізделген тиісті жоспар әзірленді, тиісті орталықтар жұмысы қамтамасыз етіледі.

– Жастар арасындағы NEET санатындағы мәселелерді шешу және болуы мүмкін теріс көріністердің алдын алу үшін тиісті жол картасы қабылданды. Онда өмірлік қиын жағдайға тап болған, сондай-ақ, ұйымдаспаған жастармен жұмыс жасауға маңызды мән берілген.

– Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қосымша шараларын және оқушылар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру маңызды бағытқа айналды.

– Жыл басында спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін кеңейту және халықты спортқа жаппай тартуды ұйымдастыру бойынша Жол картасын қабылдадық.

– Көрнекті ақпарат саласындағы жұмысты жандандыру мақсатында азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп тиісті Тұжырымдама әзірленді.

– Сондай-ақ, облыстағы кітапханаларды танымал, тартымды ету және кітап қорын жаңарту бойынша Жол картасын әзірледік, аталған іс бізге осы бағыттағы жоспарлы жұмысты құруға өз көмегін тигізуде.

– Ерте кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіру бойынша жаңа тетіктерді әзірлеу білім беру саласындағы басым міндеттердің бірі ретінде алға қойылды. Осы бағытта қазіргі таңда бірқатар жоба жүзеге асырылуда.

– Әскери-патриоттық жұмыстарды жүргізу мақсатында ведомствоаралық жоспар қабылдадық.

– Кешенді жоспар әзірлеу арқылы аула клубтарының желісін дамыту бойынша жұмыстар ұйымдастырылды.

– Колледждердің қызметін коммерцияландыру бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл жастардың кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға елеулі демеу болуға тиіс.

– Ауылдық жерлерде заманауи интернаттар желісін дамыту арқылы шағын жинақталған мектептер (40%-дан астам) мәселесін шешу стратегиясын құру бойынша жұмыстар атқарудамыз.

Барлық көрсетілген және басқа да мәселелер мен жоспарлар бойынша азаматтық қоғам өкілдерімен, сарапшылар қауымдастығымен кеңесу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл әлеуметтік жобаларымызды жан-жақты пысықтауға мүмкіндік береді.

Әрине, қағаз бетіндегі идеялар мен жоспарлардың пайдасы шамалы, тек нақты әрі уақытында орындалғанда ғана олар адам өмірін жақсартуға өз септігін тигізеді. Сондықтан, әлеуметтік мемлекет идеяларын одан әрі іске асыру мақсатында бізді ауқымды әрі күрделі жұмыстар күтіп тұр.

Абзал НҮКЕНОВ,

облыс әкімінің орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button