Руханият

Ақ кеме

«Жұдырықтай жүрекке кір жинамай, нұр жинаңдар»
Б.МОМЫШҰЛЫ.

Менің балалық шақтағы стихиям жайлау еді ғой. Бір жазым Сырдария өзенінің жағасында өтті. Ол кезде өзенмен пароходтар жүретін. Олардың қандай мақсатпен жүретіні беймәлім, бәлкім суды, оның тірлік тынысын зерттей ме екен?!. Әйтеуір, Ресей азаматтары-тын. Ақ кеменің келе жатқаны алыстан естіліп, дауысы гүрілдеп жер жаратын еді. Не істеп жатсақ та, тастай сала бірбірімізден қалмай өзенге қарай тұра жүгіреміз. Осы бір сәтте біз ерекше сезімге бөленетін едік. Бала көңіл алыстан бір сүйінші хабар алатындай болып көрінеді ме, қайдам. Әйтеуір сол дауыстан тағат таппай бәріміз атой салғандай жарыса жүгіреміз. Атаанамыз да осыған үйренген, қарсы келмейді. Дәстүрге айналғандай.
Пароход біз тұратын тұсқа жеткенше жағаға жетіп үлгеруіміз керек, өйткені арындап өтіп бара жатқан кемені көру және кеме өткен кездегі дарияның жағасына ұрған асау толқынды көру – ең басты бақыт болатын. Жағаға шауып жетіп барып, кемені қол бұлғап шығарып салып, осы буырқанған толқынды тамашалау – үйреншікті әдет.
Пароход қашан алыстан көзге көрінбей кеткенше, асау толқындар жағаны үлкен күшпен сабалаумен болатын. Осыдан ләззат алатынбыз. Дария жағасында қатар-қатар тұрған үйелмелі-сүйелмелі қыр балаларын көздеріңізге елестетсеңіз, тамаша емес пе?..

Толқындар басылғаннан кейін бәріміз дарияның жағасында аяғымызбен су кешіп ойнап, содан соң үйге қайтатынбыз. Осы дарияға талай суға түстік, қайықпен де арғы бетке жүзіп өттік. Арғы бетте бір ауыл болатын. Бүгінгі күні Сырдария өзенінің жайкүйі мәз емес, бұрынғы арындаған судың ағысы жоқ. Тіршілік те баяулап қалғандай.

Бір күні көкем бізді алыстан қызықтап арман болып жүрген ақ кемеге мінгізді. Кеме бұзылған болу керек жағаға келіп тоқтаған екен. Қожайындары орыстар, көкем олармен қалай сөйлескенін білмеймін, бізді мінгізіп кеменің ішін көрсетуге келісіпті.

Кеменің асты мен үсті бар екен астына да түстік, үстіне де шықтық. Ішіне мінгенде кеме алып денелі Титаниктен кем емес еді.
Бұрын орыс көрмеген біздер үшін кемедегілер өзге ғарыштың адамдары тәрізді еді, сақал шаштары өскен, киімдері де басқаша дегенмен кеме де, оның адамдары да біздің ойымызда ерекше әсер қалдырды.
Қазір ойлаймын, «мүмкін ғалымдар ма екен біздің жерсуымызды зерттеп жүрген» деп.

Содан не керек, жылдар жылжып өте берді. Біз де есейдік, балалық шақ артта қалды.
Бір жылдары кеңес үкіметі кезінде демалыста балашағамызбен Мәскеу қаласына барып жүрдік. Мәскеуде «Москва – река» деген өзен бар, тура қаланың ортасынан өтетін. Демалыс күндері қала тұрғындары мен қонақтар сол өзенге барып кемеге мініп, серуендеп демалады.
Біз де балашағамызбен кемеге мініп, демалуды ұйғардық.
Кеме үлкен, мінген сәтте бала кезімде осындай кемеге мінгенім есіме сап ете қалды.
Салыстырмалы түрде өзім кішкентай болған соң, кішірек кеменің өзі сол кезде маған таудай алып болып көрінген екенау деп ойладым.
Ол кемеден мына кеменің айырмашылығы бар, әрине. Мынау заманауи жабдықталған, іші ыңғайлы. Дегенмен, бала кезімде көрген жұпынылау ақ кемемнің әсері ерекше еді.
Кешке дейін демалыс жақсы өтті, ішінде ас мәзірін береді, асығыс жоқ.
Саяжаным мен Самалым мәз болып, тамашалауда. Олар қайдан білсін, менің кезінде осындай кемені сыртынан тамашалап өзімді бақытты сезінгенімді.

Шетте жүріп, балашағаммен серуендеген әдемі сәтімде сол кеме шағын ауылымды, атаанамды, бауырларымды, ең бастысы балалық балғын алаңсыз шағымды көз алдыма әкелді. Ерекше жылылық сезімін сыйлаған еді. Бұл да бір бақыт шығар…

Кейде ойлаймын, «Бақыт» деген осындай жылы естеліктер мен қимас сәттерден тұрады екен ау…

Жұмакүл МҰСАҚЫЗЫ,

зейнеткер.

Басқа материалдар

Back to top button