Жастар – жақсылық жаршысы

Приозерск қаласының жастары белсенділік танытып, жалғызбасты және аз қамтамасыз етілген, күнкөрісі төмен отбасылар мен көмекке мұқтаж зейнеткерлерге барынша жан-жақты қол ұшын созуда.

Жуырда Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Тегін нан», «Ардағым-Ардагерім» акциясы аясында жастар тегін нан таратып, қарияларға дүкеннен азық-түлік және дәрі-дәрмек әкелуге көмектесті. Бұл игі шараны ұйымдастырушылардың бірі, Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Ұлан Алмас қайырымдылық шаралар жасап, ардагерлерге қолғабыс етуге әзір екендігін айтты.

– Іс-шараның аясында әлеуметтік жағынан осал топтарға көмек қолын созу, жастарға қиын-қыстау кезеңде адамдық, адалдық, мейірімділік, ізгілікті жоғалтпауға насихаттауды мақсат тұттық. Қайырымдылық жасау үшін бай болуы міндет емес, жүректе мейірім болса, жетіп жатыр. Қарсы алдынан мұқтаж жан шықса, шын мейірімді жан қалтасындағы соңғы тиынын беріп кетсе де жақсылыққа саналады. Сондықтан, қайырымды іс жасаудан қалыс қалмау керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын да ұйымдастырылып отырған бұл шаралардың қоғамға жалпы жастарға берері зор. Бүгіннің өзінде «Тегін нан» акциясы аясында 20 бөлке тегін нан таратылды. Бұдан бөлек, ардагерлердің үйлеріне барып көмек жасап жатырмыз. Ардагерлерге деген ілтипат өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбиенің қайнар көзі болып қала бермек. Жылы сөз бен ыстық ықыластың өзі де көңіліне демеу болады, – дейді Ұлан Алмас.

Бұл бастаманы Приозерскінің жас белсенділері алдағы күндері де жалғастыруды көздеп отыр. Демеушілер табылса, олардың ұсынған азық-түліктерін қала бойынша көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты қарттарға табыс етпекші. 

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.